Суббота, 14 июня

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖЫЛ САЙЫН ЖАҢА ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

0
19

Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту, индустриалды аймақтарды дамыту және көбейту жұмыстар жалғасып жатыр. Аталған салаға қатысты өңір тұрғындарының назарына мәлімет ұсынамыз. Өңірде 1 700 гектардан тұратын өңірлік маңызы бар 14 индустриалды аймақ болса, оның ішіндегі 5-еуі соңғы 1 жылдың ішінде құрылды.Осы тұста Сарыағаш ауданында жыл сайын ауыл шаруашылығы саласында жобалар көбейіп, өңірдің әлеуеті арта түсуде. Осы ретте, аудан басшысы Арман Абдуллаев Жібек жолы ауылдық округіне қарасты Зортөбе елді мекеніндегі заманауи үлгідегі жылыжай кешенін салып жатқан жеке кәсіпкер С. Қалтаевпен жобаны талқылау мақсатында кездесті.

Кездесу барысында аудан әкім кәсіпкердің ауыл шаруашылығы саласына қосып жатқан үлесін жоғары бағалап, кәсіпкерлерді қолдауға дайын екенін жеткізді. Сала басшыларына аталған жоба бойынша тапсырмалар берді. Жеке кәсіпкер С. Қалтаев лимон және көкөніс өсіретін заманауи жылыжай кешенінің құрылыс жұмыстарын жүргізуде,жобаның жалпы құны 500 миллион теңге. Жобаның іске асырылуы нәтижесінде 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Лимон өсіруге арналған жылыжайдың құрылыс жұмыстарына заманауи технологиялар қолданылып, тиімді суару жүйелері, ауа температурасы мен ылғалдылықты қадағалайтын автоматты жүйелер орнатылады.

Айта кетсек, аталған жоба ауыл шаруашылық саласында маңызды серпіліс жасауына,ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып,әл-ауқатын көтеруге, аудан экономикасының оң өзгерістеріне алып келеді. Сонымен қатар ауданда инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жалғасып келеді. Аудан экономикасына инвестиция тарту жұмыстарын күшейту мақсатында атқарылатын жұмыстардың жол картасы бекітілген. Бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаевтың төрағалығымен кезекті инвестиция штабының отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Нұрполат Талипов, ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Алайдар Амирханов, жер қатынастары бөлімінің басшысы Бақытсейіт Әуезовтер қатысты. Жиында жол картасына сәйкес бекітілген жобалар бойынша алдыңғы отырыста берілген тапсырмалардың орындалу барысы сараланды. Жиын барысында аудан басшысы сала басшыларына бірқатар сын-ескертпелер айтып, тапсырмалар хаттамаға мерзімімен енгізілді. Айта кетсек, штаб отырысының негізгі мақсаты — әкімшілік кедергілерінің орын алуына жол бермеу, рұқсат беру құжаттарының рәсімдеу, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер мен қолдау тетіктерін дер кезінде ақпараттандыру және оны пайдалануда жобаларға сүйемелдеу жұмыстарын жүргізу, жаңа жұмыс орындарын ашу.Оған қоса, әр екі апта сайын аудан әкімінің төрағалығымен жобалардың орындалу барысы пысықталады.

Сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен облыс орталығының сәулеті жөніндегі кеңесте өңірде құрылысы жүретін нысандардың сәулеттік жобалары талқыланды. Әкімге облыс орталығында жүзеге асатын бастамалар таныстырылды. Өңір басшысы қолға алынатын жобалалардың сапалы, халыққа жайлы, Түркістан қаласының Бас жоспары мен Дизайн кодына сай жүзеге асырылуын қатаң қадағалауды тапсырды. Барлық жобалалар дер кезінде аяқталып, ел игілігіне тапсырылуы тиіс. Бас жоспарға шаһардың 2040 жылға дейінгі даму перспективасы енгізілген. Құжатта тарихи орындар мен ескерткіштерді сақтауға, қаланың инфрақұрылымын әрі қарай жақсартып, туризм саласын дамытуға басымдық берілген.

Түркістан қаласының Дизайн кодында сәулет және қала құрылысына қойылатын негізгі талаптар мен ережелер қамтылған. Басты мақсат – шаһардың мәдени мұрасын сақтай отырып, сәулет-көркемдік тұрғыда бірыңғай стиль қалыптастыру және қолайлы қалалық орта құру. Сәулеттік жобалар талқыланған мәжілісте облыс орталығында салынатын жаңа көпқабатты тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандардың жобалалары таныстырылды. Бірқатар жобалар мақұлданып, кейбір жобалаларға толықтырулар енгізілді. Құрылыспен бірге көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары қатар жүргізіледі. Бұл туралы облыс әкімі салаға жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар берді. Сонымен қатар Арыс қаласындағы «Мега-Агат» және Ордабасы ауданындағы «Бөкей» компанияларының ұсыныстары бойынша 2 жеке индустриалды аймақ құрылып, жұмыс істеп тұрған және жаңадан құрылған индустриалды аймақтардың саны 16-ны құрап отыр. Ол өндірістік аймақтарда бүгінгі күнге 120 млрд теңгені құрайтын 82 жоба жүзеге асырылуда.

Айта кетейік, Түркістан облысындағы өндірістік аймақтардағы жобалардың басым бөлігі құрылыс материалдарын өндіру, дайын металл өнімдерін өндіру, металлургия, машина жасау, жеңіл және жиһаз өнеркәсібі салаларына жұмылдырылған. 2024 жылы Өңірлік үйлестіру кеңесі тарапынан 18 инвестициялық жоба мақұлданып, индустриалды аймақтарға енгізілген.

Leave a reply