ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖІБЕК КЛАСТЕРІ ДАМИДЫ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес өңірде жібек кластері пилоттық жоба ретінде дамиды. Жетісай ауданында тұт өсіру арқылы жібек құртын өндіру ісі қолға алынып, өткен жылы көршілес Өзбекстан елінің Әндіжан қаласынан әкелінген жапондық «Ашима» сортының алғашқы 10 мың данасы егілген болатын. Биыл да бұл жұмыс жалғасын тауып, жібек кластерін дамыту мақсатында тұт ағашатарын отырғызуға болатын ауданның теңгеріміндегі 31,8 гектар жер қарастырылып отыр.
Жібек – жібек құртының пілләсынан өндіріліп, тоқыма-мата өнеркәсібінде пайдаланылатын табиғи талшық. Оны өндіру – аудан экономикасын ары қарай дамытуға мол септігін тигізеді.
Жібек өндірісін дамытуға қызығушылық білдірген 6 кәсіпкер анықталып, қолдағы 52 гектар жердің бүгінгі таңда 25 гектар жеріне «Шапағат Нұры-2» шаруа қожалығы тұт ағашының «Мархаба 2017» сортынан 250 мың түп көшет отырғызуда.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Жетісай ауданына жасаған іс-сапары барысында шаруа қожалығында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, жауаптыларға тапсырма берді. Биыл жоспар бойынша Жетісай ауданында 400 га жерге тұт өсірілмек. Алда тоқыма өндірісін дамыту көзделген.
– Бұл өте ұтымды жоба, сондықтан осы саланы дамытуымыз керек. Жаңа істің пайдасын диқандар әлі білмей жүр. Бұл ағаш өсіріп, оны ұрпаққа мұраға қалатын кәсіп. Суды аз қажет етеді, шығыны да көп емес. Экологиялық тұрғыдан да қолайлы. Жібек өндірісі — әлемдегі ең табысты кәсіптердің бірі. Жібек талшығы жібек құртынан алынады. Ал жібек құртының негізгі азығы ол тұт ағашы. 1 гектар тұт бауынан орташа есеппен 50 тонна жапырақ алынады. Осылайша, шаруа ұтады. Одан жіп, мата шығару ісін дамыту керек. Іс дамығанда жұмыс орны көптеп ашылады. Сондықтан жібек өндірісін жолға қою – табысты арттырудың тиімді тәсілі, – деді шаруалармен кездескен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарды жүзеге асыруға «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығынан 100 млн теңге несие алынған.
Мамандар тұт ағашын егу арқылы отбасылық кәсіп ашып, табиғаты қолайлы өңірде 1 гектар жерге егілген тұт ағашының жапырағынан 2 млн теңгеге дейін, ал, жібек құртын өсіру арқылы 1 гектар баудан 4,5 млн теңгеге дейін пайда табуға болатынын айтады. Егер бұл өлкеде осы кәсіп жаппай қолға алынатын болса өнімдерді Шығыс Еуропа мен Жапония, Оңтүстік Кореяға, Қытайға еш кедергісіз сатуға болатынын алға тартады.
Жібек құртынан өндіріліп, тоқыма-мата өнеркәсібінде пайдаланылатын табиғи талшықты өндіру – өңіп экономикасын ары қарай дамытуға мол септігін тигізеді. Өндірілген өнімнің келісін көршілес Өзбекстандық инвесторлар 600 теңгеге дейінгі бағада сатып алуға ниет білдіріп отыр.
Айта кетейік, бұған дейін де отандық және Өзбекстан елінен шақырылған тұт шаруашылығы мамандары жергілікті шаруалармен бірнеше рет кездесулер мен семинар-кеңестер өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуінің нәтижесінде Жетісай ауданында жібек кластерін дамытуға арналған жалпы жер қоры 83,8 гектарға жеткен.