Пятница, 13 июня

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЗАМАНАУИ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТЕХНИКАЛАРЫН ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТ АШЫЛМАҚ

0
25

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының басты салаларының бірі. Сарыағаш ауданында ауыл шаруашылығы өндірісін заманауи технологиялармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлуде. Осы ретте, Сарыағаштық агроқұрылымдар мен шаруа қожалықтары ескі техникаларды жаңартып, соңғы үлгідегі заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алған. 2024 жылы 79 – трактор, 4 – комбайн, 23- ауыл шаруашылығы агрегаттары сатып алынған болса, 2025 жылдың 5 айында 32 – трактор, 1-комбайн, 13 – агрегат жаңаланған. Бұл қадам еңбек өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығындағы жұмыстарды жеңілдетуге айтарлықтай мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы «Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің» бірінші форумында ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту деңгейін жылына 8-10 пайызға дейін жеткізу міндетін жүктеді. Облыс көлемінде 11 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы бар. Оның 3 мыңы ескіріп, пайдалану мерзімі 20 жылдан асқан. Осы мәселені шешу мақсатында алдағы 5 жылда ауыл шаруашылығы техникалары паркін 35 пайызға жаңарту жоспарланған. Жаңартылған техника паркі жер жырту, егін егу, ору, суару сияқты маңызды жұмыстарды сапалы әрі уақытылы жүргізуге жағдай жасайды. Сонымен қатар, жанар-жағармай шығындарын азайтып, экологиялық талаптарға сай жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Мемлекет тарапынан да шаруаларға қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алған агроқұрылымдарға кеткен шығынның 30%-ына дейін мемлекеттік бюджеттен субсидиялау қарастырылған. Бұл қолдау механизмі шаруалардың жаңа техника сатып алу мүмкіндігін кеңейтіп, ауылдық жерлерде техникалық жарақтандыру деңгейін арттырып келеді. Сарыағаш ауданында алдағы уақытта да ауыл шаруашылығы саласын қолдау мен дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғасады. Осыған дейін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Агромашхолдинг» АҚ-ның президенті Динара Шүкіжанованы қабылдап, кездесуде қос тарап Түркістан облысында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселесін талқылаған болатын. Нақтырақ айтсақ, Түркістанда ауыл шаурашылығы техникасын шығаратын зауыт ашу жөнінде келіссөз жүргізді. Өңір басшысы аймақта өндірісті дамытуға, жаңа жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасалғанын жеткізді. Ауыл шаруашылығы техникаларын өндіруде АҚШ пен Қытайдың да үлгілері қолданылмақ. Келіссөздер жалғасып, жақында тиісті шешім қабылданады. Бұл ретте арнайы зауыт ашу жоспары да қарастырылып отыр. Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту, осы бағытқа инвестиция тарту, терең өңдеу ісін ширатып, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары күшейтіледі. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері қаралған мәжілісте Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді. Бекітілген индикаторды орындамаған басшыларға сын-ескертпе айтып, жұмысты күшейтуді тапсырды.

– Түркістан облысы үшін ауыл шаруашылығы саласы өте маңызды. Осы бағытта жұмысты күшейтуіміз керек. Әрбір ауданның ерекшелігіне сай шаруашылықты дамытып, жобалар жасап, өнімділікті арттыру қажет. Ет, сүт өндіру, инвестиция тарту көрсеткіштері төмендеген аудандар осы мәселеге назар аударсын. Аудан, қала әкімдері ауыл шаруашылығына, кәсіпкерлікке жауапты басқармалармен бірлесіп, инвестиция тарту жұмысын күшейтсін. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстарымыз жалғасады, – деген Нұралхан Көшеров жауаптыларға көктемгі дала жұмыстарын сапалы ұйымдастыру, шаруаларды жеңілдетілген жанар-жағармай мен тұқыммен қамтамасыз ету, инвестиция тарту жөнінде тапсырмалар берді.

Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Әлібек Плаловтың айтуынша, аймақта ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнім көлемі 1 трлн теңгеден асқан. Республикадағы ауыл шаруашылығы өнімінің 13 пайызын өндіретін Түркістан облысы бұл көрсеткіш бойынша бірінші орында тұр. Агроөнеркәсіп кешенінің негізгі капиталына 146,1 млрд теңге тартылған. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада екінші орынға тұрақтаған.

Облыста ауыл шаруашылығы саласын 7 бағыт бойынша дамыту жоспары бекітілген. Біріншіден, ауыл шаруашылығы дақылдардың өнімділігін арттыру көзделген. Егіс көлемі 37 мың гектарға артып, 906,2 мың гектарды құрайды деп күтілуде. Екіншіден, мақта-тоқыма кластерін құру жұмыстары жалғасады. Үшіншіден, су үнемдеу технологияларын ендіру жұмысы жалғасып, жаңадан 47 мың гектарға ендіріледі. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы техникалары паркі жаңартылады. Салаға жалпы құны 155 млрд теңге тартылып, 35 жоба іске асырылады. Оның ішінде 7 қайта өңдеу кәсіпорны ашылады. «Ауыл аманаты» жобасын кооперацияға бағдарлау шарасы жалғасады. 2025 жылдың алғашқы кезеңіне 7,4 млрд теңге бөлініп, жаңадан 62 кооператив құрылады деп жоспарланған. Сонымен бірге облыста су нысандарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек.

 

Leave a reply