Пятница, 13 июня

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТАРДЫҢ ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНЫП КЕЛЕДІ

0
24

Жалпы елімізде өңдеу өнеркәсібі 7,2 пайызға артқан. Бұл туралы таяуда Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев баяндады. Өңдеу өнеркәсібінің өркендеуі қаңтар-сәуір аралығындағы қорытындыда анықталған. Ең жоғары өсім машина жасау – 111,2%, химия өнеркәсібі – 111,2%, құрылыс индустриясы – 112,9% және жиһаз өндірісі – 114,8% салаларында байқалып отыр. Сондай-ақ, елімізде отандық өнімнің үлесі металлургия, жеңіл өнеркәсіп және электроника салаларында артып келеді. Тауар ішкі өндірісінің ұлғаюы нәтижесінде импорттық өнімдер біртіндеп ауыстырылады. Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында Түркістан облысында 14 индустриалды аймақ ашылған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров осы бағыттағы жұмыстарға басымдық беруде. Мақсат – өндіріс орындарын көбейту. Биылдың өзінде облыста аумағы 744 гектарды құрайтын жаңа 5 аймақ құрылды.

Атап айтсақ, «Жетісай» индустриалды аймағы – 59 гектар, «Отырар» индустриалды аймағы – 85 гектар, «Арыс» индустриалды аймағы – 30 гектар, «Қарамұрт» индустриалды аймағы – 523,9 гектар және «Шардара-2» индустриалды аймағы 46,1 гектар алқапты алып жатыр. Бұл аймақтарда құны 129 млрд. теңгені құрайтын 84 жобаны іске асыру жоспарланған. Биыл 49,7 млрд. теңгеге 17 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Бұларға қосымша Төлеби ауданында 1 индустриалды аймақ ашу және Түркістан қаласы мен Ордабасы ауданындағы 2 аймақты кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Сауран ауданында «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске асырылып жатыр. Жоба аясында 152 өндірістік ғимарат салу, 308 млрд. теңге инвестиция тарту көзделген болатын. Бұл бастама 6 040 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 11 жоба іске қосылып, (11 ғимарат) жұмысын бастап та кетті. Бұл ғимараттарда жаңадан 790 жұмыс орны ашылды.

Биыл тапсырылатын 29 ғимараттың құрылыс жұмыстарының 90%-ы аяқталды. Нәтижесінде 26 жобаны іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы, І кезеңде 2 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген. Яғни 136,8 млрд. теңгеге 37 жоба жүзеге асырылады. Қытайдың ірі компаниясымен келіссөз жүргізіліп, өнеркәсіптік парк аумағында ауыл шаруашылығы дрондарын шығаратын зауыт салу бойынша келісім жасалды. Жобаның құны – 5 млн. АҚШ доллары. Қуаттылығы – айына 600 дана. Парк аумағында «Жасыл суық Қазақстан» (UBC) халық-аралық компаниясы тоңазытқыш шығаратын зауытты іске қосты. Жобаның жалпы құны 60 млн. евро болса, толық іске қосылғанда жылына 140 мың дана тоңазытқыш шығарады деп жоспарланған.

«Шағын өнеркәсіптік парк» жобасының мультипликативтік тиімділігін ескере отырып, Бәйдібек, Келес, Ордабасы, Төлеби, Түлкібас, Сайрам және Сарыағаш аудандарында осы тәжірибені кеңінен ендіру жұмыстары жүргізілуде. Сәуір айында Ордабасы ауданында 8 гектар аумақта «Бадам» өндірістік паркінің құрылысы басталды. Осынау паркте кәсіпкерлер 5 өндіріс орнын ашпақ. Бұдан бөлек, Сауран ауданындағы Иассы, Қарашық, Үшқайық, Жүйнек ауылдарында жергілікті кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен 4 шағын өндірістік алаңда 22 ғимараттың құрылысын бастап кетті.

«Отандық өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдаудың пәрменді құралдарының бірі – реттелетін сатып алуларға қатысуға басым құқық беру болып саналады», деді Ерсайын Нағаспаев. Осы құралдың арқасында отандық тауарлардың 4 834 астам позициясына басымдық берілген. Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар отандық тауар өндірушілермен 303 млрд теңге болатын 96 мыңнан астам келісімшартқа қол қойған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 есе жоғары.

Сонымен қатар бүгінгі таңда Қазақстан нарығына көптеген әлемдік бренд еніп жатыр. Қазір жұмыс істеп жатқандарымен қатар нарыққа шығуды жоспарлап отырған ірі компаниялар да баршылық. Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыровтың айтуынша, отандық нарыққа қызығушылық танытып отырғандар қатарында Mars, Pepsi сияқты компаниялар бар. Америкалық Mars компаниясы ірі жобада жұмыс істеп жатса, Pepsi 160 миллион доллар инвестиция туралы мәлімдеп, өндірісті үш есеге арттыру үшін осы сомадан 2,5 есе көп қаражат құймақ. Сонымен қатар араб, қытай және түрік кәсіпорындары инвестиция салуға мүдделі. Қазірдің өзінде өндіріс ауқымын одан әрі кеңейтуді көздейтіндер де, жаңадан ашылып жатқандары да бар. Жақында елімізде әйгілі британдық-шведтік фармацевтикалық компания өз жұмысын бастайды.

«Халықаралық AstraZeneca компаниясының өндірістік желісі іске қосылады. Олар қатерлі ісік ауруларын емдеуге қолданылатын дәрі-дәрмекті шығарумен айналысатын болады. Жуырда Ұлыбританияға жасаған сапарымызда компанияның Кембриждегі кеңсесінде болып, бұл жобаға аса ден қойылып отырғанын байқадық. Сол секілді фармацевтика саласында Pfizer, Polpharma компанияларын атап өтуге болады», деді ол.

Сыртқы істер министрінің орынбасары әлемдік брендтердің кен өңдеу саласына да еніп жатқанын айтты. Танымал бизнес IT, жер қойнауын пайдалану салаларына да назарын тігіп отыр. Мысалы, қытайлық Fufeng компаниясы Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеумен айналысады. Олар жұмыс орындарын құрып, салық төлейді, арадағы шарттарға сәйкес үздік технологияларымен бөліседі. Бастысы, әлемдік брендтердің корпоративтік саясаты – жергілікті өндірісті барынша дамыту, өз  тауар өндірушілеріміздің заттарын тұтынып, қызметтерін пайдалану болуға тиіс.

Leave a reply