ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӨГАЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттың апталық отырысында елді мекендерді көгалдандыру бағытындағы жұмыстар талқыланды. Кемшіліктер екшеліп, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берілді. Өңір басшысы егілген ағаштарды күтіп-баптау, өсіру ісін сапалы атқаруды, көгалдандыруға қатысты жұмысты күшейте түсуді тапсырды.
– Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте елді мекендерді абаттандыру бойынша арнайы тоқталып, тапсырма берді. Елді мекендерді көгалдандыруға берілген көшеттердің сапасын арттыру керек. Облыстағы тұқымбақтар өңірдегі елді мекендерді толық қамтамасыз етуі қажет. Түркістан облысының жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау жөніндегі қағидаға сәйкес дендрологиялық жоспарды әзірлеген жөн. Аудан, қала әкімдіктерінде аталған дендрологиялық жоспар жасалмаған, салдарынан әр аудан, қала өз бетінше, елді мекендерін жоспарсыз көгалдандырып жатыр. Көгалдандыру үшін егілген ағаштардың сапасын қадағалау шарт. Ағаш көшеттеріне осы күнге дейін түгендеу сапалы жүргізілмеген. Бүгінгі күнге дейін қанша ағаш отырғызылғаны, оның ішінде қаншасы өнгені туралы мәлімет әзірленуі тиіс. «Жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау» қағидасына сәйкес жұмыс атқаруды, аудан, қалалардағы елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыруды және жол бойындағы үйлердің және қоршауларын бір ретке келтіруді тапсырамын. Отырғызылған ағаш көшеттерін суару және желден қорғау мақсатында қоршау, тірек орнату жұмыстары атқарылсын, – деді Дархан Сатыбалды.
Мәжілісте Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қ.Абдуалиевтің есебі тыңдалды. Оның айтуынша, облыстың мемлекеттік орман қоры аумақтары 3 млн. 144 мың гектарды, оның ішінде орманмен көмкерілген алқабы 1 млн. 517,15 мың гектарды құрайды. Президент Жолдауындағы тапсырмаға орай 2021-2025 жылдары орман қоры аумақтарына 2,0 млрд. көшет егу тапсырмасын іске асыру мақсатында облыста 2025 жылға дейін 110 мың гектар орман қоры аумақтарына 170 млн. көшет егу жоспарланған. 2021-2022 жылдары 31320 гектарға 45957,3 мың көшет егілді. Ал биыл 20300 га жерге 32 214 мың түп көшет егу жоспарланып, жұмыстар жүруде.
Сексеуіл ағаштарының тұқымын жинау, тұқымбақтарда сексеуіл көшеттерін өсіру, оларды орман қоры аумақтарына отырғызу және себу жұмыстарына, жанар-жағармайға және маусымдық жұмысшыларды қабылдауға қаржы жұмсалған.
Түркістан қаласының айналасынан құрылып жатқан «Жасыл белдеу» аумағы 2019-2022 жылдары аралығында 15881,20 гектарға жетті. Алдағы уақытта 31,4 мың гектарға жеткізу бағытында жұмыстар атқарылуда.
Облыс әкімінің тапсырмасымен «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді. Елді мекендерді көгалдандыруға берілген көшеттерді егу, күтіп-баптау қала, аудан әкімдеріне жүктелген. Облыста 900-ге жуық елді мекен бар. Облыстың елді мекендерінің 90 пайызын көгалдандыру үшін 3 жылда 4 миллионнан аса көшет өсіру қажет. Жұмыстар жүріп жатыр.
Аудан, қала әкімдіктеріне орман шаруашылығы мекемелерінен 2022 жылдың күз айларында 345 204 түп әртүрлі көшет босату жоспарланып, оның 251 685 данасы отырғызылды. 2023 жылы сұранысқа сәйкес 626 907 түп көшет босату жоспарланған. Қазіргі осының 532 682 данасы аудандар тарапынан отырғызылды. Бірақ аудандарда ағаш көшеттерін отырғызатын жердің су жүйелері және қоршауы жоқтығына байланысты жалпы 94 225 дана көшет алынбай қалған.
Мәжілісте ағаш егу жоспарын талапқа сай орындамаған аудан, қала әкімдеріне жұмысты ширату жөнінде тапсырма берілді. Сонымен бірге суару жүйесін реттеу, ағаш егетін аумақтарды дайындау, көгалдандыру жұмыстарына қажетті штат санын арттыру және өзге де мәселелер талқыланып, тиісті тапсырмалар берілді.