Вторник, 10 июня

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӨЛІК ЛОГИСТИКА САЛАСЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІ ЖОҒАРЫ

0
7

Түркістан облысы аумағынан маңызды көлік маршруттары өтеді. Атап айтсақ, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізі, шығысты батыспен біріктіретін теміржол, «Түркістан халықаралық әуежайы» арқылы халықаралық және ішкі рейстер орындалады. Осы тұста Түркістан облысында тікұшақтар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын, жүк тасымалдайтын дрондарды өндіретін жаңа зауыт ашылуы мүмкін. Бұл туралы инвесторлар мен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің кездесуінде талқыланды. Қос тарап жобаны жүзеге асыру шарттарымен танысты. Түркістан облысы тұрғындарының назарына өңірде жүзеге асып жатқан логистика саласы бойынша ақпарат ұсынамыз. Ауқымды зауыттың құрылысы үшін индустриялық аймақтар мен Сауран ауданы потенциалды орын ретінде ұсынылды. Бұл жоба өңірдегі ең технологиялық өндірістердің бірі болуы мүмкін.

Шетелдік компания Түркістан облысына шамамен 290 миллион АҚШ долларын инвестициялауды жоспарлап отыр. Зауытта 150-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылып, өңірлік өнеркәсіптің жаңа бағыттары дамуы күтілуде. Әкім ынтымақтастыққа ашық және инвесторларды барлық кезеңде қолдауға дайын екенін атап өтті. Жиында облыс әкімі,  инвесторға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін және бұл – жай ғана жоба емес, болашаққа жасалған қадам екенін атап өтіп,  Түркістан облысы жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға мүдделі, мұндай зауыт өңір экономикасына маңызды үлес қосатынын айтқан болатын.

Компания өкілдерінің мәліметінше, кәсіпорын азаматтық және арнайы мақсаттағы тікұшақтар мен дрондарды өндіреді, олар логистикада, ауыл шаруашылығында, туризмде, инфрақұрылымды бақылауда және басқа салаларда қолданылатын болады. Жоба төменгі авиация экономикасының жылдам дамып келе жатқан саласына бағытталған – биіктігі 3000 метрге дейінгі ұшу аппараттары. Заманауи техникалар қала ішіндегі әуе тасымалы, дрондар арқылы тауар жеткізу және жедел көмек көрсету, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында қолданылады. Түркістан облысы инвесторларға дамыған инфрақұрылым мен мемлекеттік қолдау ұсынады. Өңірде 15 индустриалды аймақ жұмыс істейді, 4000 гектар аумақты қамтитын «TURAN» арнайы экономикалық аймағы бар. Инвесторлар бірнеше салық түрлерінен босатылады. Сонымен қатар өңірде инвесторларға арналған «бір терезе» жүйесі енгізілген. Ірі шетелдік серіктестермен ынтымақтастық орнатылған. Соңғы үш жылда облыста қытай капиталы қатысқан 110 миллион доллар көлеміндегі 4 инвестициялық жоба жүзеге асырылды, тағы 1,1 миллиард долларды құрайтын 7 жоба іске асырылу сатысында.

Сонымен қатар Түркістан қаласының облыстық маңызы бар қала және түркі әлемінің астанасы мәртебесіне ие болуына байланысты халықаралық әуежай салу қажеттілігі туындады. 2020 жылы заманауи халықаралық әуежай салынып, пайдалануға берілді. Бұл – Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда нөлден салынған алғашқы ірі әуежай. Әуежай бір уақытта 2 халықаралық немесе 4 ішкі рейсті қабылдай алады.

Жуықта аталған бағытта Премьер-министр Олжас Бектенов салалық министрліктер мен мемлекеттік ұйымдар басшылығының қатысуымен ҚР Көлік және логистикалық инфрақұрылымын дамыту мәселелері жөніндегі отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысын өткізді. Автомобиль, теміржол, су және авиация көлігі салаларындағы ағымдағы жағдай мен күрделі мәселелерге қатысты сындарлы диалог өтті. Бизнес өкілдері жеке инвестицияларды енгізудегі және саладағы жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысындағы әкімшілік кедергілер туралы мәлімдеді. Еліміздегі бизнес-ахуалды жақсарту үшін реттеуші нормаларды жетілдіру туралы ұсыныстар айтылды.

Түркістандағы «Түркістан халықаралық әуежайы» Халықаралық азаматтық авиация ұйымының 1-ші санатына сәйкес келеді. Әуежайдың жалпы ауданы – 905 га, әуе айлағының өткізу қабілеті сағатына – 450 жолаушы немесе жылына – 3 млн. жолаушы. Қазіргі уақытта «Түркістан халықаралық әуежайы» 2 халықаралық (Ыстамбұл, Эль-Кувейт) және 7 республикаішілік рейстерге (Астана, Алматы, Ақтау, Қарағанды, Ақтөбе, Орал, Қостанай) қызмет көрсетеді. Аталған рейстерді «Turkish Airlines», «Jazeera Airways», «Fly Arystan», «Scat», «Qazaq Air» және «Южное небо» авиакомпаниялары орындайды. 2024 жылдың қаңтарында «Түркістан – Абу-Даби» әуе рейсінің ашылуы өтті. Сондай-ақ отандық және шетелдік авиакомпаниялармен 3 халықаралық (Анталья, Тбилиси, Самарқанд) және 2 республикаішілік (Көкшетау, Үшарал) авиарейстер ашу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Түркістан әуежайының жүк тасымалдау динамикасын арттыру мақсатында отандық «Alpha Sky», түріктің «MNG», «Turkish Cargo», әзірбайжандық «Silkway Airlines-Cargo» авиакомпанияларымен жүк тасымалдарын дамыту бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Былтыр қараша айының соңында Түркістан облысында Қазақстан мен Өзбекстанды байланыстыратын жаңа теміржол құрылысы басталды. Онда қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасы арқылы жаңа өткізу пункті ашылады. Дарбаза – Мақтаарал желісі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынып жатыр. Жаңа магистраль республиканың көліктік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға серпін береді.

“Темір жол – мемлекетіміздің экономикалық және әлеуметтік саласын дамытатын болат артерия. Өткен жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылында 245 млрд тонна-километрден астам жүк тасымалданған болатын. Биыл да жоғары қарқын сақталып тұр”, – деп атап өткен болатын экс-премьер министр Әлихан Смайылов жобаны іске қосу салтанатында. 2023 жылдың басынан бастап желтоқсан айына дейін Қазақстан мен Өзбекстан арасында 25,8 млн тонна жүк тасымалданды. Тауарлар жалғыз “Сарыағаш” мемлекетаралық станциясы арқылы экспортталады. Жаңа жол өткізу пунктіндегі жүктемені азайту үшін салынып жатыр.

“Сарыағаш – Ташкент учаскесіндегі қауырт жағдай қалпына келеді. Мұнда соңғы жылдары жүк көп болды. Сондай-ақ жүк уақтылы жіберілмеді, өйткені бұл жер мұндай жүк ағынына арналмаған. Соңғы екі-үш жылда жүк ағыны күрт өсті. Құрылыстың нәтижесінде осы негізгі учаскенің жүктемесі азайып, жолаушылар пойызы еркін қозғалады”, – деп түсіндірді “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов. Сонымен қатар жоба оңтүстік бағытта экспорттық тасымалдарды ұлғайтуға мүмкіндік береді. Осы желі арқылы Ауғанстанға, Иранға, Тәжікстанға және Өзбекстанға тауар жылдам жеткізіледі.  Дарбаза – Мақтаарал желісі Түркістан облысының дамуына ықпал етеді. Жол екі шалғай ауданды – Мақтаарал және Жетісай аудандарын Қазақстанның қалған бөлігімен байланыстыратындықтан, өңір республиканың негізгі теміржол желісіне қосылады.

 

Leave a reply