ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МАЛ АЗЫҒЫН ДАЯРЛАУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСАДЫ

Түркістан облысында 6 млн төрт түлік тіркелген. Мал басының жылдан-жылға ұлғаюына орай, жем-шөпке сұранысты қамтамасыз ету үшін малазықтық дақылдарға басымдық берілуде. Биыл малазықтық дақылдар 227 мың гектарға егілді, ол – жалпы егістіктің 25 пайызы. Агроқұрылымдарға мал азығы дақылдарын еккені үшін және мал шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар тұрақты көрсетілуде.
Аталған мәселе облыс әкімдігінде арнайы талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне малазықтық дақылдарды даярлау бойынша жоспар әзірлеп, мәселені бақылауда ұстауды тапсырды. Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, өткен жылы өңірде 1,5 жылдық қорды қамтамасыз ету мақсатында, 5,5 млн тонна мал азығы жиналған. Атап өтетін жағдай, қыс мезгілінің мал шаруашылығына жылы, қолайлы болуына байланысты, алдын ала есеп бойынша өткен жылдан 1,9 млн тонна мал азығы қоры сақталған. Биыл ауа райы қолайсыз болғандықтан, бұл бағыттағы жұмысты ширату қажет. Осы орайда, мал азығы тапшылығын шешу жолында қысқа мерзімдік, орта және перспективалы мерзімдерге жоспарлар дайындалып, ұсынылмақ. Оның ішінде кебек бөлу ісін жүйелеу, су үнемдеу технологияларын енгізіп, малазықтық дақылдар көлемін арттыру көзделген.
Мәжілісте шегіртке зиянкесіне қарсы күрес барысы да талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша, жағдай тұрақты. Дегенмен босаңсуға жол жоқ, көршілес ел мен облыстан зиянкестердің ұшып келу қаупі бар. Аудан, қала әкімдеріне жағдайды бақылау тапсырылды. Айта кетейік, бүгінде облыста 700 мың гектардан астам жер химиялық өңдеуден өткен. Оның ішінде, 638 мың гектар жер үсті бүріккіштерімен, 64 мың гектар ұшақпен, 2 мың гектар аспалы бүріккіштермен және 1 мың гектар алқап дронмен өңделді. Түркістан облысында статистикалық есеп пен ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқор базасын сәйкестендіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ветеринариялық іс-шаралар жүргізу барысында анықталған бірдейленбеген 14 мыңнан астам мал басы бойынша дерекқор базаға енгізіліп, есепке алынды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровке ветеринария саласының цифрландырылуы және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру шаралары, саланың өзекті мәселелері баяндалды.
Түркістан облысы ветеринария басқармасының басшысы Ғани Құрманбайдың мәлімдеуінше, ҚР Үкіметі тарапынан ветеринария жүйесін реформалау жүргізілуде. Қазіргі кезде ветеринария саласы бойынша 5 база бойынша цифрлық форматта жұмыс істеледі. Облыста жұмыс тобы құрылып, олар аудан, қалаларда ауыл шаруашылығы кешенін, жер, ветеринария, ауыл шаруашығы субсидиясы және шаруашылық жүргізуші азаматтардың салық төлеуге қатысты мәліметтерін 4 бағыт бойынша зерделеген болатын. Нәтижесінде салықтан жалтару, мал басын дұрыс көрсетпеу, жерді тиімді пайдаланбау деректері жиі тіркелген. Мал басы бойынша ресми статистика мен зерделеу барысында үлкен айырмашылықтар байқалған.
Облыс әкіміге осы мәселелерді ретке келтіруге арналған инновациялық мобильді қосымша мен веб-портал таныстырылды. Ветеринария саласындағы мәселелерді тез, әрі тиімді шешетін, жұмыс барысын автоматтандыратын, шаруаға, ветеринарларға және жергілікті әкімшілік органдарға ыңғайлылықты арттыратын жоба жан-жақты талқыланды.
Түркістан облысының әкімі жауапты басшыларға ветеринария, ауыл шаруашылығы саласындағы түйткілдерді тарқату жөнінде нақты тапсырмалар берді. Пилоттық жобанының тиімділігін егжей-тегжейлі зерделеуді тапсырды. Жуықта Түркістанда етті және майлы қой түрлерінің V халықаралық көрмесі өтті. «Turkistan show arena» кешенінде өткен көрмеге Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ингушития, Моңғолия, Молдова елдерінен мал шаруашылығымен айналысатын 200-ге жуық азамат және еліміздің өзге облыстарынан келген шаруалар қатысты. Шара аясында етті-майлы қой тұқымының «Ең ауыр салмақты», «Бой биіктігі», «Сыртқы экстерьер» аталымдары бойынша байқаулар өтті. Нәтижесінде 45 номинацияның жеңімпаздары анықталып, қазылар алқасының шешімімен үздік қошқар иелеріне мотоцикл, теледидар, тоңазытқыш және кубоктар табысталды. Жалпы жүлде қоры – 30 000 АҚШ доллары.
Көрмеде Гиннесстің рекордтар кітабына енген «Байсары» атты асыл тұқымды қой тұқымы алғаш рет көпшілік назарына ұсынылды. Бұл тұқым еттілігімен ерекше. «Байсары» тұқымды ең үлкен қошқардың салмағы 231 кг тартқан. Айта кетейік, Түркістан облысының мал шаруашылығы саласы елімізде жетекші орында. Республикадағы ірі қара мал санының 12 пайызы (970,1 мың бас), қойдың 23 пайызы (4 135 мың бас), жылқының 11 пайызы (430,7 мың бас), түйенің 15 пайызы (41 мың бас), өндірілген еттің 12 пайызы (245,8 мың тн), сүттің 13 пайызы (447 мың тн) өңірдің үлесінде. Республикада экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80%, қой етінің 75% облыстың еншісінде.