Среда, 11 июня

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МӘДЕНИ МҰРА ҚОРЫН САҚТАУ БАҒЫТЫНДА АУҚЫМДЫ ШАРАЛАР ӨТКІЗІЛІП КЕЛЕДІ

0
7

Түркістан жерінде осы мәдени орындар өте көп. Әрбірінің астарына үңілсең, терең тарих пен сыр жатыр. Рухани тұрғыда дамып, таным деңгейін арттырам деген жандар оңтүстікке келіп, жаңа біліммен сусындап қайтуына болады.

Мәдени және тарихи мұра – бұл әлемнің әр халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың баға жетпес және орны толмас байлығы. Жойылу немесе сыну салдарынан оның кез-келген бөлігінің жоғалуы әлемнің барлық халықтарының мұрасын ортайтқанмен тең. Олардың артықшылықтарына байланысты бұл мұраның кейбір объектілері көрнекті әлемдік құндылыққа ие деп танылуы мүмкін.

Түркістанда Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мен Түркістан облысы әкімдігінің бірлесе ұйымдастыруымен «Түркі өркениетінің ескерткіштері: зерттеу, сақтау және реставрациялау әдістері» тақырыбындағы II Халықаралық түркі әлемі сәулетшілері мен реставраторларының симпозиумы басталды. Халықаралық симпозиумның салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Мароккодан келген  ISESCO жоба менеджері Осама Элнахас, сонымен қатар, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Мажарстан және Қазақстан Түркі әлемі мемлекеттерінің жетекші ғалымдары және де халықаралық ұйымдардан сарапшылар қатысты.

– Түркі әлемінің ортақ құндылықтарын арқау еткен халықаралық жиынның Түркістан қаласында өтуі біз үшін үлкен мәртебе. Бұл түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын сақтап, оны болашақ ұрпаққа аманаттау жолындағы игі бастама. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы Заңға қол қойған болатын. Бұл бағытта қазір облыс орталығында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Жалпы Түркістан облысы тарихи-мәдени мұраларға, соның ішінде арихитектуралық нысандарға бай өлке. Симпозиум жұмысына отандық және шетелдік жетекші мамандардың қатысуы – бұл бастаманың халықаралық деңгейдегі маңызын айқындайды. Бірлескен ізденістер мен тәжірибе алмасу арқылы біз сәулет мұрасын сақтау ісінің жаңа кезеңіне қадам басамыз деп сенемін, – деген облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев симпозуим жұмысына сәттілік тіледі.

– Қор жанынан құрылған Түркі мемлекеттерінің тарихшы-сәулетшілері мен реставраторларының консультативті кеңесі құрылып, ортақ мұрамызды сақтаудағы маңызды бастама болғаны сөзсіз. Кеңес жұмысы алдағы уақытта да түркі елдерінің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылып, ғылыми негізде тұрақты диалог алаңына айналарына сенім мол. Өйткені мұндай басқосулар бізге тарих пен мәдениетіміздің тамырын терең түсініп, ұрпаққа аман-есен жеткізу жолындағы заманауи әдістер мен тәжірибелерді талқылауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Қор тарапынан Түркі елдерінің Мемлекет басшылары қабылдаған «Түркі әлемінің келешегі – 2040», «TURKTIME» стратегиялық құжаттарында көрініс тапқан бастамаларды басшылыққа ала отырып, түптамыры бір, дәстүрлері ортақ түркі халықтарының тарихи, мәдени, рухани сабақтастықтарын жетілдіру бағытында өз бірқатар жобаларды жүзеге асырудамыз. Симпозиум түркі әлемінің мәдени мұрасын қорғау мен дамытуға тың серпін беретініне сенемін. Бірлігіміз нығайып, рухани тамырымыз тереңдей берсін, – деді қор президенті.

Әрі қарай пленарлық отырысқа ұласты. Жиынға Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова модераторлық етті.  Әзербайжан Республикасы Археология және антропология институты директорының орынбасары З.Гасанов, Өзбекстанның халықаралық туризм және мәдени мұра университетінің Жібек жолы халықаралық ғылыми-зерттеу институтының директоры М.Юсупова, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінен профессор, т.ғ.д.  М.Қожа баяндама жасады.

Симпозиум түркі өркениетінің сәулет ескерткіштерін зерттеу, сақтау және қалпына келтіруге арналған. Алдыңғы қатарлы мамандар, сәулетшілер, реставраторлар, тарихшылар мен зерттеушілер сәулет мұрасы саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасу үшін бас қосады. Халықаралық шараның негізгі мақсаты – Түркістан қаласының тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау. Сәулет және реставрация саласындағы шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу.

Симпозиум аясында сәулетшілер мен реставраторлардың ұйымдастыруымен Түркістан өңірінің тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін зерттеу жоспарлануда. Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде Махмұд Қашқаридың (Барскани) «Диуани лұғат ат-түрктің» 950 жылдығына арналған көрме ашылып, «Мың заман – бір Түркістан» музыкалық қойылымы сахналанады. Күннің екінші бөлігінде «Түркі өркениетінің тарихи-мәдени маңызы және ескерткіштерін зерттеу»  және «Сәулет ескерткіштерін сақтау және қалпына келтіру» деп атты тақырыптарда екі секцияда ғылыми баяндамалар оқылады, пікірталастар мен тәжірибе алмасулар өткізіледі. Бұл түркі өркениетінің сәулет ескерткіштері мен тарихи-мәдени ескерткіштерін зерттеу, сақтау және қалпына келтіру бағытында ұйымдастырылып отыр.

Екі дүниенің есігі атанған Түркістан қаласының ең басты құндылығы – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі екені белгілі. Оны әлемнің сегізінші кереметі деп тегіннен тегін атамаған. Бұл сарайлар мен ғибадатханалардың кешені орта ғасыр сәулетінің жауһары, ол ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізіміне енген. Осынау баға жетпес байлығының арқасында бүгінгі күні Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы. Сондықтан да киелі мекен бұдан өзге де республикалық маңызы бар сәулеттік археологиялық ғимараттарға бай. Өңірде 19 сәулеттік, 7 археологиялық ғимарат бар. Оның ішінде жергілікті маңызы бары – 426. Сонымен қатар, 796 тарихи-мәдени мұра объектілері бар. Былтырғы жылы Ақсүмбе қарауыл мұнарасы мен Ишан базар (Ақмешіт) мешітіне тарихи-мәдени сараптама жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде рес­публикалық ескерткіштердің мем­лекеттік тізіміне енгізуге ұсынылды. Сондай-ақ, Ұзын ата кесенесінің бүгінгі таң­дағы техникалық жай-күйін анықтау жұмыстары жүргізілуде.

Leave a reply