Пятница, 13 июня

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ОТБАСЫН ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҚТАРЫНЫҢ САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

0
14

Түркістан облысындағы барлық аудан-қалаларда 17 «Отбасын қолдау орталығы» жұмыс істейді. Өткен жылға қарағанда 10 орталыққа артып отыр. Бұл салада атқарылып жатқан жұмыстар жайында облыс тұрғындарының назарына ақпарат ұсынамыз. Жыл басынан бері орталықтардың көмегіне облыс бойынша 724 адам жүгінген. Оларға психологиялық, құқықтық, заңгерлік кеңестер беріліп, жұмысқа орналасуға және біліктілігін арттыруға жәрдем көрсетілген. Бұл туралы брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Күміс Мирова мәлімдеді. «Бүгінде «Отбасын қолдау орталықтарында» 160-қа жуық маман қызмет көрсетеді. Ғимараттардың материалдық-техникалық базасын жасақтау, кәсіптік мамандармен және қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз ету жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылған. 2025 жылдың наурыз айынан бастап орталықтардағы мамандар үшін «FSM Social» мобильді қосымшасы іске қосылды. Мобильді қосымша өмірлік қиын жағдайдағы адамдарға қолдау көрсету үдерісін автоматтандыруға бағытталған. Жүйе — жеке көмек жоспарларын құру және мемлекеттік органдардың әрекеттерін үйлестіру үшін цифрлық құралдарды пайдаланады.

Сонымен қатар, орталықтағы қызметкерлердің құзыреттілігін арттыру үшін өткен жылдан бері бернеше рет семинар-тренингтер өткізілген. Биылғы жылы да Түркістан қаласында 26 наурыз бен 2 сәуір аралығында барлық орталық қызметкерлеріне оқыту сабақтары жүргізілуде. Сондай-ақ, сәуір айының екінші жартысында өмірлік қиын жағдайдағы адамдарды қамту жөніндегі мобильді топ мүшелері әрбір аудан-қалада көшпелі семинар-тренингтер өткізеді.

Айта кетейік, 2022 жылдан бері әрбір қала мен ауданда отбасылық жанжалдарды шешу және балалары бар әйелдерге уақытша тұру үшін отбасын қолдау орталықтарын құру басталды. Орталықтар мемлекеттік отбасылық саясат шараларын, оның ішінде неке мен отбасын сақтау, отбасылық жанжалдарды шешу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын іске асырады. Одан бөлек, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды қолдаумен қамту жөніндегі жұмысты үйлестіреді.

Өткен жылы Түркістан облысында отбасын қолдауға, нығайтуға және қорғауға бағытталған «Отбасын қолдау секторлары» қызметі іске қосылған. Секторлар облыстың 10 аудан, қаласында ашылды. Аталған орталықтар Отырар, Жетісай, Сайрам, Сарыағаш, Сауран, Қазығұрт, Шардара, Келес аудандары мен Түркістан, Арыс қалаларында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері жанынан ашылған. Онда аз қамтылған, көпбалалы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған аналарға психологиялық қолдау, құқықтық көмек көрсетіледі. Оған қоса «Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу» секторлары арқылы азаматтарға психологиялық сүйемелдеу, кеңес беру, бағдарлау қызметтері көрсетіліп келеді. Жыл басынан бері аталған бағытта 348 арнайы іс-шара ұйымдастырылып, жалпы саны 2 658 адам қызметтермен қамтылған. Оның ішінде 565 адам тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі бойынша жүгінген.

Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу секторлары арқылы анықталған тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге үкіметтік емес ұйымдар қызмет көрсетеді. Бұл туралы Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы, Әсия Темірбаева мәлімдеді. Басқарма басшысының сөзінше, Тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға «Отбасын қолдау орталықтарында» бір айға дейінгі мерзімге уақытша тұру мүмкіндігі беріледі.

– Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу бағытында жұмыс істейтін «Сенім-ай» Қоғамдық бірлестігі, «Жігерлі жүрек» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі 2017 жылдан бастап, басқарма тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде қызмет көрсетіп келеді. Бұл орталықтардың сыйымдылығы 50 адамға шақталған. 2024 жылдың 5 айында секторларда өмірлік қиын жағдайдағы 1 396 адамға оның ішінде аз қамтылған, көпбалалы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған аналарға қызмет көрсетілген, – дейді басқарма басшысы.

Орталық некені және отбасыны сақтау, отбасылық жанжалдардың алдын алу шаралары бойынша қызмет көрсетеді. Сондай-ақ әйелдерге ақпараттық, заңгерлік, психологиялық қолдау, жұмысқа орналасуға, кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға көмек көрсету, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға жәрдемдесу, мемлекеттік қолдау шаралары мәселелері бойынша кеңестер беру шаралары ұсынылады.

Түркістан облысындағы барлық аудан-қалаларда 17 «Отбасын қолдау орталығы» жұмыс істейді. Қазығұрт ауданында мемлекеттік отбасылық саясатты жүйелі жүргізуге бағытталған әлеуметтік нысандар қатары тағы бір жаңа ғимаратпен толықты. Еліміздің барлық өңірлерінде отбасын қолдау орталықтарын құру жөнінде Президент Жарлығымен бекітілген «ҚР 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат» тұжырымдамасына сәйкес, Қазығұрт ауылында аудандық «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Отбасын қолдау орталығы» ашылды.

Аталған коммуналдық мемлекеттік мекеме биылғы жылдың қаңтар айында тіркеуден өтіп, орталықта 14 штаттық бірлік бекітілген. Екі қабатты ғимаратта орналасқан мекемеде қазіргі таңда 2 бөлмеден тұратын 14 жатын орын (оның ішінде балаларға арналған 8 жатын орын), 6 жұмыс бөлмесі, 2 азаматтарды қабылдау орны бар. Жаңа әлеуметтік нысанның ашылу рәсімінде аудан әкімі Азизхан Исмаилов мекеме жұмысының маңыздылығына тоқталып, орталық қызметкерлері тұрғындардың түрлі әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесіп, отбасы институтын дамытуға қолдау көрсететініне сенім білдірді.

Бұл орталық – отбасы институтын қолдау мақсатында өмірлік қиын жағдайға тап болған және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасыларға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік кеңестер беріп, 9 бағыт бойынша консультациялық қызметтер көрсетеді.

 

 

Leave a reply