ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАЛАРЫ ҚАЛАЙ ОРЫНДАЛЫП ЖАТЫР?
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Президент Үкімет пен атқарушы органдарға отандық өндірісті ұлғайту, азаматтардың нақты табысын арттыру, экономиканы әртараптандыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту, инфрақұрылымды одан әрі дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Түркістан облысында осы бағытта қарқынды жұмыс жүруде. ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Дархан Сатыбалды осы мәселелерге жеке-жеке тоқталды.
Облыста қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны жыл сайын өсіп келеді. 5 жылда олардың саны 184 мыңға жетті. 5 жылда шығарылған өнім 11 есеге дейін өсіп, 1 трлн. теңгеден асты (2018 ж. 130,9 млрд. теңге). «Кәсіпкерлікті дамытудың» ұлттық жобасы шеңберінде өткен жылы бизнес субъектілері 46 млрд. теңгеге жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілді. Өз ісін бастауға ынталы азаматтарға «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» арқылы өткен жылы 22 336 қызмет түрі тегін көрсетілді.
– Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту бастамасы негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің өсуіне ықпал етті. 5 жылда инвестиция көлемі 3 есеге артып, облыс экономикасына жалпы 3 трлн. теңгегедей инвестиция тартылды. Негізгі капиталға бағытталған инвестицияның басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі. 5 жылда облысқа салынған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 2 млрд. АҚШ долларын құрады. Жалпы сомасы 422 млрд. теңгеге 133 инвестициялық жоба іске асырылып, 9 347 жұмыс орны құрылды, – деді Дархан Сатыбалды.
Биыл инвестиция тұрақты өсуде. Өсім қарқыны бойынша өңір республикада алдыңғы орында (5 айда 196,1 млрд. тг.). Түркістан облысында 5 жылға арналған 368 инвестициялық жоба жоспарланды. Құны 2,8 трлн. теңге болатын жобалар арқылы 18,5 мың жұмыс орны ашылады. 2023 жылы 48 жоба іске қосылып, 1168 адам жұмыспен қамтылды.
Бүгінгі таңда өңірде орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған елді мекендердің жалпы саны 720-ға жетіп, қамту деңгейі 86,4% құрады (2 025 мың адам немесе 95,6%). Биыл 18 елді мекенге жаңадан ауыз су құбыры салынады, 12 елді мекеннің тозығы жеткен су жүйелері жаңартылады. 465 елді мекенге газ жүргізіліп, қамту деңгейі 56% құрады (1 537,6 мың адам немесе 72,6%). Биыл 68 нысанның құрылысы аяқталып, қосымша 57 елді мекен табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады.
5 жылда 6 100 км жол құрылыс-жөндеуден өтіп, жергілікті маңызы бар жолдардың нормативтік үлесі 71,2%-дан 92%-ға жетті. Биыл 2 мың шақырымға жуық жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 2025 жылдың соңына дейін қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесін 95%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға балалар легерлерінің жай-күйі, білім саласындағы өзекті мәселелерге қатысты өткір сұрақтар қойылды. Өңір басшысы білім саласын қолдау басты назарда тұрғанын мәлімдеді.
Биыл 41 597 балаға қала сыртындағы лагерлер, 153 000 балаға мектеп жанындағы лагерлер ұйымдастырылды. Онда әлеуметтік жағдайына байланысты 23 207 бала бюджет есебінен тегін демалады. Қазір 15 мыңға жуық бала ата-аналар есебінен ақылы демалуда. Сонымен қатар «Қазақстан Халқына» Қоры есебінен облыста 3390 бала жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылады. Облыста 7 мемлекеттік және 10 жекеменшік лагерь бар. Демалыс лагерлерінде балалардың қауіпсіздігі басты назарға алынған. Кәсіпкерлерге тиісті талаптар қойылған. Әлеуметтік желіде кейбір ата-аналар жазғы сауықтыру лагері жұмысына көңілі толмайтындығын жеткізіп, ата-аналарға ұл-қыздарын алып қайту жөнінде жариялаған. Осыған байланысты ата-аналар арасында түсініспеушілік туындаған.
– Аталған мәселені зерделеу үшін тиісті комиссия құрылып, құзырлы органдар тарапынан балаларды қабылдайтын лагерлер тексерілді. Әлеуметтік желіде жарияланған балаларды ұрып-соғу, ашыған сүт беру, екінші қабаттан құлауы жөніндегі деректер жалған екені анықталды. Аймақта лагерлер тұрақты қадағалауда. Балалардың жазғы демалыс мәселесі өзімнің жеке бақылауымда болады, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімі сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, өңірдегі бастауыш сынып (1-4) балаларын мектепте тегін тамақпен қамту қолға алынғанын жеткізді. Қыркүйек айынан бастап облыста бастауыш сыныптағы 190 мыңнан астам бала тегін ыстық тамақпен қамтылады. Асханасы жоқ мектептерде де тамақтандыруды үйлестіру жұмыстары жүруде. Сонымен қатар, Дархан Сатыбалдыға мақта шаруашылығын дамыту, мақташылар жыл сайын тап болатын мәселелері жөнінде сұрақ қойылды. Өңір басшысы аймақта мақта кластерін дамыту бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
– Өздеріңізге белгілі, Түркістан облысы республикадағы мақта өсіретін жалғыз өңір. Мақта шаруашылығында 25 мың агроқұрылымда 70 мыңға жуық адам еңбек етеді. Облыста жыл сайын 120 мың гектар мақта егіліп, 300 мың тоннаға жуық шитті мақта жиналады. Елде тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан, шикі мақтаны сату бағасы Ливерпуль мақта биржасындағы мақта талшығының индексіне тікелей тәуелді. Сондықтан біз тоқыма, тігін өнеркәсібін дамыту, мақта кластерін қалыптастыру мақсатында арнайы жоспар әзірледік. Өзбекстандық инвесторлармен бірлесе отырып, 2023-2025 жылдары Мақтаарал ауданында 21 млрд. теңгеге мақта-тоқыма кешені және логистикалық хабты құру инвестициялық жобасын жүзеге асырамыз. Жобаның қуаттылығы – 160 мың тонна, 3000 жаңа жұмыс орны құрылады. Ең алдымен мақта тұқымының сапасын жақсарту мәселесіне мән беріледі, – деді Дархан Сатыбалды.
Осы жұмыстар нәтижесінде облыста өндірілетін шитті мақтаның 70% терең қайта өңдеуден өткізіліп, баға нарығына тәуелділік жойылады. Бұдан бөлек, Түркия мемлекетімен элиталық мақта тұқымын елімізге импортауға келісімшарттар түзілді. 2027 жылға дейін ішкі нарық толығымен сапалы элиталық тұқымдармен қамтамасыз етіледі. Биыл көршілес Өзбекстан, Түркия елдерінен элиталы тұқымдық шит жеткізілген. Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін құру жобасы әзірленген. Ос іске асқанда 75 кәсіпорын салынбақ. Жобаны толық іске асыру кезінде 41,9 мың жаңа жұмыс орны құрылады, жыл сайын бюджетке түсетін түсімдер сомасы 26,2 млрд. теңгені құрайды. Жобаны толық іске асыру үшін инвестиция қажет. Осыған байланысты мақта-тоқыма кластерін құру бойынша салалық бағдарлама қабылдау жөнінде ҚР Үкіметіне ұсыныс енгізілген. Оған қоса, мақта алқаптарын қысқарту, егістікті әртараптандыру бойынша да жұмыстар басталған. Жүгері, маш өнімін егуге ұсыныс берілген. Бүгінде диқандар бұл бағытта да жұмыс жүргізуде. Сарапшылардың айтуынша, аталған дақылдардан түсетін табыс мол әрі сұраныс та жоғары.
Түркістан облысында білім саласына қатысты бірнеше өзекті мәселе шешіліп жатыр. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді. Ол ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында білім саласына баса көңіл бөлініп жатқанына тоқталды.
Өңір басшысының айтуынша, облыста білім беру саласында 2511 ұйым қызмет көрсетеді. 1 372 мектепке дейінгі ұйымда 155 мың бала тәрбиеленуде. 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 98%-ды құрайды. Облыста жалпы 1000 мектепте (мемлекеттік – 907, жеке – 93) 515 мың оқушы білім алады.
Облыста 5 жылда жаңа 86 мектеп салынды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өткен жылы 34 мектептің құрылысы аяқталды (бюджет – 21, жеке инвестиция – 13). 35 мың оқушы орынға тапшылық бар. Аталған мәселені шешу мақсатында қазір 33 мектеп салынуда. Оның ішінде, «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы биыл 9 мектептің құрылысы жүруде. Биыл 20 мектепті пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, «Жайлы мектеп» пилоттық жобасымен 3 жылда 63 мектеп салынады.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, 894 мемлекеттік мектептің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Осы арқылы бейнебақылау, турникет, қоршау, дабыл түймесі орнатылады. Арнайы күзет қызметімен қамтылады. 1-4 сыныптағы оқушыларды тегін тамақпен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілді.
Түркістан қаласында 570 орындық көпбейінді аурухана салу жоспарлануда. Сондай-ақ Облыстық балалар ауруханасы және «Ана мен бала» орталығының да құрылысын жүргізу көзделіп отыр. Бұл туралы бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ҚР жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.Денсаулық сақтау саласын ілгерілету мен медициналық жабдықтармен қамту бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы ауру-жітім көрсеткіші төмендеді. 4 аурухана антиограф, 2 аурухана компьютерлік томографиямен жабдықталып, 1016 дана салаға қажетті техника алынған. Осылайша медициналық жабдықтармен қамту деңгейі 84%-ды құрады.
Облыста 45 медициналық ұйым жұмыс істейді. Онда 5509 дәрігер және 19154 орта персонал халыққа қызмет көрсетеді. Өткен жылы 31 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізіліп, оның 17-і ел игілігіне пайдалануға берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 млн. халық тұратын оңтүстік аудандар үшін Сарыағаш қаласында перинаталдық орталығы мен заманауи медицналық кешен салуды тапсырған болатын. Қазіргі таңда нысан құрылысы үшін жер учаскесі бөлініп, жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында ауылдарда 49 жаңа нысан салынады. Жергілікті тұрғындардың сұранысы ескеріледі. 2022 жылы 5 нысан күрделі жөндеуден өтсе, 2023 жылы қосымша 2 нысанға жөндеу жүргізіледі.
Түркістан облысында туризм саласында ауқымды жұмыс атқарылуда. Түркістан қаласында жаңа мәдени және туристік нысандар көбейіп, келушілер саны да арта түскен. Облыстағы туризмнің даму барысы туралы өңір басшысы Дархан Сатыбалды ҚР жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында хабарлады. Өңірде туризмді дамыту бойынша облыста 3 негізгі бағыт айқындалған. Тарихи-танымдық бағытта туристерге 1770 тарихи-мәдени ескерткішті тамашалау ұсынылады. Экологиялық туризм бойынша облыс аумағында 4 ерекше қорғалатын табиғи нысан орналасқан. Олар: «Ақсу-Жабағылы», «Қаратау» қорықтары, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі және «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі. Экологиялық туризмді дамыту мақсатында 30 туристік маршрут құрылған.
Емдік-сауықтыру туризмі бағытында 72 емдік сауықтыру орны жұмыс істейді, нөмірлік қоры 7 940 төсек-орынды құрайды.
Жыл соңына дейін 2 емдік-сауықтыру кешенін пайдалануға беру жоспарлануда.
Жалпы, аталған бағыттар бойынша былтыр облысқа 470 мыңнан астам турист және 1 миллионнан астам қонақ келді. Туризм саласына 69 млрд. теңге инвестиция тартылды. Осы арқылы 19 туристік инвестициялық жоба аяқталып, пайдалануға берілді. Биыл 35 млрд. теңгеге 10 жобаның іске қосылады деп күтілуде.
Түркістан облысында биыл 5 айда 55 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін 109 мың адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылады. Бүгін ҚР жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Түркістан өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтылды. Облыс әкімі жұмыспен қамту бағыты бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
– Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» бастамасы аясында Түркістан облысында 12 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Биыл өз ішін ашуға ниетті 1688 адамға қайтарымсыз грант ұсыну көзделуде. Бұл бағытқа 2 млрд. теңге бөлінген. Сондай-ақ алғаш рет 594 жасқа 2,5 пайызбен жеңілдетілген шағын несие беріледі. Түркістандық жастар үшін 2,9 млрд. теңге қарастырылды. Жұмыспен қамту және кәсіпкерлікпен айналысуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жергілікті тұрғындар арасында кеңірек насихаттау шаралары да тұрақты жүргізілуде. Әсіресе, ауыл жастарын, NEET санатындағы азаматтарды осы мүмкіндіктерді қалт жібермеуге шақырудамыз. Өйткені, кейбір азаматтар бейхабар болуы мүмкін. Сондықтан ақпараттық-түсіндіру топтарымыз жұмысты күшейтпесе, бәсеңдетпейді, – деді өңір басшысы Дархан Сатыбалды.
Облыста өндіріс орындарын ашу, инвестиция тартуға басымдық беріледі. Осы бағытта жоспар түзіліп, жұмыстар жүргізіліп жатыр.