ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТУРИЗМ САЛАСЫНА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ
Биыл Түркістан облысында туризм саласына қатысты ауқымды жұмыстар атқарылуда. Түркістан қаласында жаңа мәдени және туристік нысандар көбейіп, келушілер саны да арта түскен. Облыстағы туризмнің даму барысы туралы өңір басшысы Дархан Сатыбалды ҚР жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.
Туризм саласына 69 млрд. теңге инвестиция тартылды. Осы арқылы 19 туристік инвестициялық жоба аяқталып, пайдалануға берілді. Биыл 35 млрд. теңгеге 10 жобаның іске қосылады деп күтілуде. Енді туризм саласы хақында. Брифинг барысында Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков: «2021 жылдың 9 айында 1247,2 мың турист келсе, ағымдағы жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 1310,5 мың адамға жетті. Оның ішінде 2021 жылы шетелден 4,4 мың адам келетін болса, 2022 жылы 4,8 мың адамға арту динамикасы байқалуда. 2021 жылы жалпы шаһарымызға 1417 мың адам келген. Орналастыру орындарының саны 2021 жыл 9 айында 45 болса, 2022 жыл 9 айында 57-ге жетті. Нөмірлер саны (бірлік) 2021 жыл 9 айында 951 болса, 2022 жыл 9 айында 1191-ді құрап отыр. Ал төсек-орын саны (бірлік) 2021 жыл 9 айында 1944 болса, 2022 жыл 9 айында 2467-ге жетті» — дейді.
Негізі туризм – әлемде дамуы жағынан дес бермей келе жатқан, ауқымы кең сала. Әлемде туризм саласымен ғана дамып, байып, елдің ішкі және сыртқы экономикасын қалыптастырып отырған мемлекеттер көп. Атап айтқанда, Еуропа елдері, Оңтүстік Америка, Шығыс Азия және теңіз, мұхиттармен жалғасып жатқан аралтектес мемлекеттер. Қазақстандағы туризмі дамып жатқан, енді қарқын алып келе жатқан сала. Соған қарамастан, отыз жылдан астам уақыт ішінде бүгінгі күнге жету үлкен жетістік. Бұған септігін тигізіп отырған туризм саласы десек, артық айтқанымыз емес. Еліміздегі туризм саласын қалыптастыруға және дамытуға оның географиялық картасы да, орналасу аумағы да, табиғаты да сай келеді. Арысы мұнаймен, құмды даламен шектесетін елдің орталығы да, солтүстігі де керемет байлықтармен байып жатыр. Ата-бабамыздан қалған ен байлығымыздың бірі – жер десек, жеріміз кең, әрі бай, таулы аймағымыз мол, орманды алқабымыз жеткілікті. Қазақстанға туристердің келу үрдісі жалғасуда. Елімізге келетін туристердің, жиһанкездердің айтуынша, Алматы, Астана, Көкшетау, Ақтау және қаншама мың жылдық тарихы бар Түркістан – Қазақстандағы ең керемет туристік қалалар қатарына жатады.
Түркістанда туризм саласын жан-жақты дамыту үшін өңір басшысының басқаруымен Түркістан облысының делегациясы қытайлық жұмыс тобымен кездесті. Сонымен бірге облыс әкімі Дархан Сатыбалды бастаған ресми және іскерлік делегациясы Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің қолдауымен өткен екі ел кәсіпкерлерінің сауда-экономикалық форумына қатысты. Бизнес-форумға екі елдің 100-ге жуық кәсіпорын өкілдері арасында B2B форматында екіжақты кездесулер өткізілді. Бұл кездесулерге Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы, Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес төрағасы Нұралы Әбішов та қатысып, инвесторлармен келіссөз жүргізді. Өнеркәсіпті дамыту – ортақ міндет. Түркістан облысында жаңа инновациялық кәсіпорындар пайда болуы қажет. Еліміздің экономикасына инвестиция салу үшін шетелдік капиталды тарту маңызды, содан кейін өнім экспортқа кетеді. Осыны мақсат еткен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қытайға жұмыс сапарын Чжэнчжоу қаласында жалғастырды. Айта кетейік, былтыр Түркістан қаласы пен Чжэнчжоу қалалары арасындағы әріптестікті, байланысты нығайту жөніндегі меморандумға қол қойылған.