ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ТҰРАН СУ» МЕКЕМЕСІ МЕН 8 АУДАН, ҚАЛАҒА 29 ЗАМАНАУИ ТЕХНИКА ТАПСЫРЫЛДЫ
Түркістан өңірінде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен ауыл шаруашылығы және су шаруашылығы салаларын арнайы техникамен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бүгін Түркістан қаласында «Тұран су» мекемесі мен аудан, қала әкімдіктеріне арнайы техникалар тапсырылды.
Арнайы іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, «Eurasian Machinery» компаниясы басқарма басшысының орынбасарлары Анвар Каримов, Урун Озген және облыстық басқарма басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары су саласына жауапты мекеме жетекшілері қатысты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арналған Жолдауында су тапшылығы мәселесіне ерекше тоқталды. Осы орайда, облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының қолдауымен «Тұран су» мекемесіне қолдау көрсетілуде. Су нысандарын қалпына келтіру, шаруаларды ағын сумен қамтамасыз ету, су басу жағдайларының алдын алу мақсатында аталған мекеме техникалық жарақтандырылды. Нәтижесінде жұмыстарды мерзімінде атқаруға қол жеткіздік. Тәжірибе көрсеткендей, бұл мемлекеттік кәсіпорын жұмысының экономикалық тиімділігі басқа жеке ұйымдарға қарағанда 1,5 – 2 есе жоғары болып отыр. Үнемделген қаржы есебінен былтыр 17 арнайы техника сатып алынып, коммуналдық меншіктегі 680 шақырым каналдарға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Міне, бүгін «Тұран су» мекемесіне – 15, аудан, қалаларға 14 арнайы техника тапсырылып жатыр. Бұл ретте қолайлы келісім жасаған «Eurasian Machinery» компаниясы басқарма басшылығына алғысымды айтамын. Енді аудан, қалалардағы су саласына жауапты мекемелер осы техникаларды тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосады деп сенемін, – деді Ермек Кенжеханұлы.
«Тұран су» мекемесіне 1,3 млрд. теңгеге 15 дана «HITACHI» экскаваторы тапсырылса, аудан, қала әкімдіктеріне құны 756,4 млн. теңге құрайтын 14 дана арнайы техника табысталды. Атап айтқанда, Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Сауран, Сайрам, Бәйдібек, Созақ аудандары мен Арыс қаласына техникалар берілді.
Өңірде 2024 – 2025 жылдары 938 шақырым каналға механикалық тазалау жұмыстары атқарылады деп жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласында судың 40 пайызы босқа ысырап болып жатқандығын атып өтіп, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейтуді тапсырды. Осы ретте ҚР АШМ-не су үнемдеу технологияларына инвестициялық субсидия көлемін 50%-дан 80%-ға ұлғайту жөнінде ұсыныс берілген. Жалпы су үнемдеу технологияларын 2028 жылға қарай 100 мың гектар алқапқа енгізу межеленген. Өңірде суармалы алқаптарды ағын сумен қамту, каналдар мен қашыртқыларды тазалау жұмыстары жалғасады.
Іс-шара барысында өңірде ауыл шаурашылығын дамыту мәселесі бойынша жиын өтті. Жауапты басқарма басшысының баяндамасы тыңдалды. Облыс әкімінің орынбасары «Eurasian Machinery» компаниясының басшылығымен келіссөздер жүргізіп, Түркістан қаласында «Shell» мотор майларын өндіру зауытын салу инвестициялық жобасын жүзеге асыруды пысықтады. Жалпы зауыт 40 мың шаршы метр аумаққа орналастырылып, 200 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.