ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЦИФРЛЫҚ ЭКОНОМИКА ЖҮЙЕЛІ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛҒАН

Түркістан облысында цифрландыру саласында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Бұл шаралар білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылым және мемлекеттік қызмет көрсету салаларын қамтиды.
Соңғы жылдары отандық экономиканы цифрландыру үдерісі қарқын алып келе жатыр. Әрине бұл жақсы тенденция. Себебі мұндай қадам әлемдік аренада еліміздің экономикалық тұрғыдан одан әрі өсіп, бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал бұл игілікті істің басында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы тұр. Цифрландыру ұлттық экономикамызға қозғау салып, тұрақты жұмыс орындарының құрылуына септігі тимек. Цифрландыру, жалпы алғанда жұмыс орындарын құрудың жаңа толқынын бастауға жол ашады. Және де жаңа технологиялардың отандық экономикаға бейімделуін қамтамасыз етіп, оларды әзірлеудің қозғаушы күшіне айналып келеді.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Түркістан облысында біраз жұмыс қолға алынды. Ендеше, бағдарлама аясындағы басым бағыттар саналатын 5 сала бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталсақ. Түркістан облысында цифрландыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, білім беру, денсаулық сақтау, қоғамдық қауіпсіздік және мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматқа көшіру ісі белсенді түрде жүзеге асуда. Бұл бастамалар өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға және басқару тиімділігін көтеруге бағытталған.
Облыстағы білім беру мекемелерінде цифрлық шешімдер кеңінен енгізілуде: Мектеп асханаларын цифрландыру: Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде 210 мектеп асханасына ақпараттық бағдарламалық кешендер (АБК) орнатылып, «Әлеуметтік әмиян» жүйесіне қосылды. Қалған 248 мектепке «Бизнес әмиян» енгізілуде. Балабақшалар мен колледждер: 264 мемлекеттік балабақшада балаларды тіркеу жүйесі енгізілуде. 2025 жылдан бастап 1119 жекеменшік балабақшаға «Сана» цифрлық платформасы қолданысқа енеді. Сонымен қатар, 43 колледжге Face ID жүйесі орнатылып, оқу процесі толық цифрландырылуда. Цифрлық білім платформалары: Kundelik.kz, Bilimland және Daryn.online секілді платформалар арқылы оқу процесі мен оқушы үлгерімі онлайн режимде бақылануда.38 медициналық мекеме медициналық ақпараттық жүйеге қосылып, қағазсыз құжат айналымына көшті.Облыста 1 798 660 азаматтың электрондық денсаулық паспорты жасақталды. Медициналық қызметкерлер жаңа цифрлық жүйелермен жұмыс істеу үшін арнайы оқытудан өтті. Түркістан қаласы «Smart City» тұжырымдамасы аясында келесі жобаларды іске асыруда: Ақылды жарықтандыру: 76 көше шамы күн панельдерімен жабдықталып, фотореле арқылы автоматты түрде басқарылуда. Бұл жүйе электр энергиясын 30%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Бейнебақылау және қауіпсіздік: Отырар шағын ауданында 8 бейнекамера орнатылып, қоғамдық қауіпсіздік күшейтілді. Қалада «Ақылды жол қиылысы» кешені де іске қосылды.Түркістан облысында мемлекеттік қызметтердің 91,2%-ы электронды форматта көрсетіледі. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында онлайн кезек және цифрлық кеңес беру жүйелері енгізілген. Облыс аумағындағы 101 елді мекенде ұялы байланыс болмаған. 2025 жылдың соңына дейін «Beeline» операторы бұл елді мекендердің 82-сіне байланыс желісін орнатуды жоспарлап отыр.
Түркістан облысы цифрландыру бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Бұл бастамалар мемлекеттік басқару жүйесін тиімді етумен қатар, тұрғындардың күнделікті өмір сапасын жақсартуға да оң әсер етуде. Түркістан қаласында «Тurkіstan IT hub» орталығы ашылды. Бұл – IT саласындағы кәсіпкерлердің, жас мамандардың, инвесторлардың ынтымақтастығы үшін жағдай жасалған ашық алаң. Мұнда стартаптарды дамытуға, идеяларды іске асыруға толық мүмкіндік бар.
Бұдан бөлек, Түркістан қаласында кореялық «Вусонг» университетінің филиалы ашылмақ. «Вусонг» университеті жаңа білім беру стандарттарын әкеліп қана қоймай, сонымен қатар аймақ экономикасының дамуына ықпал ететін инновациялық жобаларды құрудың бастамасы болады. Келіссөздер нәтижесінде құрылысы жоспарланып отырған технологиялық парк аймақтың экономикалық және индустриялық дамуы үшін стратегиялық маңызды жобалардың біріне айналмақ. Жоба шеңберінде электроника, компьютерлік жабдықтар, электр жабдықтары, оптикалық кабельдер, тұрмыстық техника және электромобильдерді жөндеу мен техникалық қызмет көрсету орындарын, сондай-ақ электромобильдерге арналған қуаттау станцияларын құру көзделіп отыр. Қазіргі таңда Түркістан облысында цифрлық инфрақұрылымды дамыту қарқынды жүргізілуде және бұл бағыт өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі ықпал етуде. Цифрландыру аймақты заманауи технологиялармен жабдықтау арқылы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Айталық, өткен жылы «Қолжетімді интернет» жобасы аясында Түркістан облысының ауылдық аймақтарында кеңжолақты интернет желісін орнату жұмыстары орындалды. Бұл бастамалар өңірдегі экономикалық, білім беру және медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттырып, цифрландыру процестерін жеделдетуге ықпал етуде. Сонымен қатар, Starlink спутниктік интернеті арқылы шалғай мектептерде де интернетке қолжетімділік қамтамасыз етілуде.Сонымен қатар, Түркістан қаласының негізгі қоғамдық орындарында және туристік нысандарында жоғары жылдамдықты 5G желісі іске қосылды. Бұл туристерге ғана емес, аймақтың бизнес өкілдеріне де қосымша мүмкіндік береді. «Керуен сарай», «Rixos» қонақүйі, және әуежай сияқты нысандар 5G желісінің артықшылықтарын тиімді пайдаланып жатыр