ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ШАҒЫН ӨНЕРКӘСІПТІК ПАРК» ЖОБАСЫ СӘТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛЫП КЕЛЕДІ
![](https://infonews.kz/wp-content/uploads/2025/02/477709179_948419727476929_1048349038678495080_n.jpg)
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданындағы шағын өндірістік паркке кезекті рет барып, жұмыс барысымен танысты. Бүгінде мұнда 8 кәсіпорын іске қосылып, жұмысын бастап кеткен. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау және жаңа өндіріс орындарын ашу мақсатында зауыттарға қажетті ғимараттарды салу жұмысы қарқынды жүріп жатыр.
– Ғимараттардың құрылысына жауапты басшылар мен мердігерлер жұмысты уақтылы әрі сапалы атқаруы тиіс. Жедел инвесторлар тартып, жобаларды жүзеге асырған жөн. Өндірістік парк аумағын көгалдандыру жұмыстары да тұрақты жүргізілсін, – деген Нұралхан Көшеров тиісті тапсырмалар беріп, ғимараттарды аралап көрді.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында инвестициялық жобаларды арттыру мақсатында 30 гектар жерге 3-кезеңді қамтитын 39 ғимараттан тұратын «Шағын өндірістік парктің» құрылысы жүргізілуде. Жобаның құны 17 млрд теңге болса, инвестиция көлемі – 131 млрд теңгені құрайды. 3 кезең бойынша жалпы 1450 жұмыс орны ашылады.
2024 жылы инвестиция көлемі 31 млрд теңгені құрайтын 10 ғимараттың құрылысы аяқталып, 8 өндіріс орны іске қосылды. Атап айтқанда, жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйесін шығаратын, мектепке арналған жиһаздар және өнеркәсіптік тоңазытқыштар өндіретін кәсіпорындар ашылды.
Екінші кезеңде инвестиция көлемі 40 млрд теңге болатын 13 ғимараттың құрылысы аяқталып, 2025 жылдың 1-тоқсанында 10-ы пайдалануға берілсе, 3-еуі 3-ші тоқсанда пайдалануға беріледі. Үшінші кезеңде инвестиция көлемі 61 млрд теңгені құрайтын 16 ғимараттың құрылысы салынуда.
Айта кетейік, отандық өндірісті дамыту және қайта өңдеуді қолдау мақсатындаТүркістан облысы, Сауран ауданында 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы жүзеге асырылуда. Болашақта жоба кеңейтіліп, 308 млрд теңге инвестиция тартылып, 150-ден аса өндірістік ғимарат салынады және 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.