Понедельник, 9 июня

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЭКОТУРИЗМДІ ДАМЫТУДА ЖАҢА ИДЕЯЛАР МЕН ТӘСІЛДЕР ҚОЛДАНЫЛАДЫ

0
6

Түркістан облысында туризм саласын дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған іс-шара жоспары әзірленді. Сонымен қатар өңірде экотуризм қарқынды дамып келеді. Осыған дейін облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауаптыларға туризм саласын дамытуды тапсырған болатын. Осыған орай, Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі өкілдерімен кездесіп, әріптестік қарым-қатынас орнату бағытында жұмыс істеу жолдарын қарастырды.

Аталған бағыттағы жұмыстар мен жоспарлар облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде арнайы қаралды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров аймақтың туристік мүмкіндігі толық қолданылмай тұрғанын айтып, жауаптыларға тиісті тапсырмалар жүктеді. Түркістан облысында экологиялық белсенді туризм бағытына сұраныс жоғары. Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша облыс аумағындағы ерекше қорғалатын табиғи объектілерге келушілер саны 75 мыңға жуық адамға жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда 171,8%-ға артқан. Оның ішінде, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркіне – 68350, «Қаратау» қорығына – 461, «Ақсу-Жабағылы» қорығына – 2356, «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркіне – 3803 турист саяхаттаған. Ал, 2023 жылдың 6 айында келушілердің саны 79 мыңнан асып отыр.

Таза ауа, қайталанбас сұлу табиғат. Сирек кездесетін аң мен құстар. Соңғы уақытта еліміздің оңтүстік таулы аймақтарына саяхаттаушылар қатары артқан. Осыған орай жаңа туристік бағыттар ашыла бастады. Басқарма өкілінің айтуынша, қазіргі таңда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристік-рекреациялық мақсатта 30 туристік соқпақ мен маршрут құрылған.

«Қаратау» мемлекеттік табиғи қорығында экологиялық туризмді дамыту мақсатында 22 га жер телімі қарастырылған. Аталған аумақта 2 туристік маршрут құрылған. Маршруттың жалпы ұзындығы – 44 шақырым. Маршрут бойында 14 ақпараттық стенд, 16 жол көрсеткіш, 9 орындық, 10 қоқыс орны, 4 әжетхана, 1 шолу алаңы жабдықталған. 2021 жылы Кентау қаласынан қорыққа дейін жол жөндеу жұмыстары толығымен аяқталса, Хантағы ауылынан 8 шақырым жолға тасжол төселді.

Облыстағы туристік нысандарды ретке келтіру, туризм саласын дамыту бағытында нақты қадамдық іс-шаралар жоспары бекітілді. 2029 жылға дейін аймақтағы туристер санын 1 млн. адамға жеткізу межеленген. Бұл мақсатты жүзеге асыру барысында облысқа келуші туристердің әртүрлі категориялары бойынша нақты көрсеткіштер белгіленген. Атап айтқанда, орналастыру орындарында қалған туристер саны 550 мың адамға жетуі тиіс. Осы арқылы өңірдің қонақүйлері мен туристік инфрақұрылымының деңгейі мен тартымдылығын арттыру көзделуде. Сонымен қатар табиғи аумақтарға келетін туристер санын 200 мыңға, ал емдік-сауықтыру орындарына келетін туристер санын 250 мыңға жеткізу жоспарлануда.

Өңірдің туристік инфрақұрылымын жақсарту бойынша туризм саласына инвестициялар тартылып, жаңа туристік бағыттар мен қызметтерді іске асыру, Түркістан облысының табиғи, мәдени және тарихи байлықтарын тиімді пайдалану арқылы аймақтың туристік тартымдылығын арттыру жоспарланып отыр. Екіншіден, өңірдің туристік кластерін дамыту көзделуде. Жоспар үш негізгі кластерді қамтиды: этнокластер, экокластер және курорттық кластер. Үшіншіден, облыстың туризм саласында жаңа қызметтердің түрлерін кеңейту міндеті қойылған. Оның ішінде агротуризм, спелеотуризм, белсенді экстримальді туризм, сафари туризмі және жаңа мұражайлардың қызметтерін жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Халықаралық туристік дестинацияларда туристерге ұсынылатын бірыңғай қызмет түрде қарқынды дамыған. Соның ішінде City Pass туристік картасы үлкен сұранысқа ие. Бұл ретте өңірдегі мұражайлар, қонақүйлер, ресторандар, такси қызметтері және туристерге көрсетілетін басқа да қызметтерді біріктіре отырып, жеңілдетілген бағада туристік бағдарламаларды сату арқылы экономикалық табысқа қол жеткізуге болады. Сондықтан Turkistan City Pass электрондық туристік карта жүйесі іске қосылады. Өткен жылы Италияның «Alpin Tour», «Tomiris Travel» компаниялары мен серіктестеріне Түркістан облысының туристік бағдарламалары таныстырылып, Италия нарығында сатылымға шығарылған болатын. 2025 жылы Италия нарығынан 24 топ (әр топта орташа есеппен 20-25 турист) Түркістан облысына 2 күндік бағдарламамен келеді деп күтіліп отыр.

Туристер жиі келетін жердің бірі – Сайрам-Өгем ұлттық мемлекеттік табиғи паркі. Қазір мұнда жаңа туристік бағыттар ашылып жатыр. Бұл ретте, демалушылар қатары күннен күнге артып келеді. Адамдар сұлу табиғатты өз көзімен көру үшін келеді. Қиындықтарға қарамайды. Күрделі, соқпақты жолдарды жүріп өтеді. «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркіне аумағының 11,7 % немесе 17519 га жер телімі рекреациялық және туристік қызмет аймағы болып саналады. Аталған аумақта келушілерге арнап 11 туристік соқпақ ұйымдастырылған. Жалпы ауданы 343,2 гектарды құрайтын 29 жер телімі туристік және рекреациялық мақсатта пайдалануға берілді. Жер пайдаланушылар есебінен парк аумағында 6 демалыс үйі, 1 аңшылар үйі, 2 киіз үй жұмыс атқарады.

Атап айтқанда, былтыр Төлеби ауданының Қасқасу ауылынан парк аумағына дейін жалпы ұзындығы 11,8 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аймақта туризмді дамыту жұмыстары жалғасады.

 

 

Leave a reply