ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІКТІ ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДА ТҮРЛІ ШАРАЛАР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛУДА

Түркістан қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік бастауы – берекелі Түркістан» тақырыбында XXVIІ сессиясы өтті. Жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, ҚХА Кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері, аудан, қала әкімдері, Түркістан облыстық ҚХА құрылымдары мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері және жастар ұйымдары қатысты. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров этнос өкілдерінің аймақты дамытуда атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, сессия жұмысына сәттілік тіледі.
Жалпы өңірдегі этносаралық бірлестікті нығайту бағытында түрлі мерекелік шаралар мен іскерлік басқосулар жүргізіліп келеді.
Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі этносаралық татулық пен тұрақтылықты сақтау жолында ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Атап айқанда, облыста «Салауатты сана», «Адал азамат», «Елтану», «Мың бала», «Қайырымдылық керуені», «Жаңа толқын», «Шаңырақ» жобалары сәтті жүзеге асырылып жатыр. Жыл басынан бері 631 іс-шара мен 49 қайырымдылық акциясы өткізіліп, 39 мыңға жуық адам қамтылды. Сонымен қатар 168 ақпараттық-насихаттық кездесу өткізіліп, оған 9000-ға жуық тұрғын қатысты.
– Ассамблеяның 30 жылдығы – егемен еліміздің тарихындағы айтулы оқиға. Аталған институт этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жолында тиімді саясат жүргізе алатын ұйым ретінде танылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ассамблеяның ХХХІV (34) сессиясында маңызды ойлар айтты. Ел бірлігі мен ынтымағы Қазақстанның тұрақты дамуына ықпал етіп отырғанына тоқталып, этномедиация институтын дамытуды атап өтті. Соңғы жылдары Түркістан облысында медиация саласы айтарлықтай көрсеткіштерге жеткенін айта кеткен жөн. Былтыр Ассамблея сессиясында Президентіміз облысымыздағы этномедиацияға қатысты жұмыстарға оң баға берді. Биыл Ассамблеяның 30 жылдығы аясында өңірімізде 2 мыңнан аса ұлттық, мәдени, спорттық іс-шаралар өткізілуде. «Ассамблея жастары» да азаматтық жауапкершілікті дамытуға арналған бірқатар бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруда. Облысымыздағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған аудандардан «Достық үйін» ашу керек деп санаймын. Түркістан облысында этносаралық келісім тұрақты дамып, барлық азаматтардың мүдделері тең дәрежеде қорғалады. Сіздермен бірге еліміздің өркендеуіне, бірлігі мен ынтымағына үлес қосу – үлкен мәртебе, – деді аймақ басшысы.
Алқалы басқосуда Түркістан қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Раимжан Қошқаров, Түркістан облыстық түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Зикирулла Юсупов, Түркістан облыстық тәжік этномәдени бірлестігі Жетісай аудандық филиалының төрағасы Халим Тұрсынов, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Ерсұлтан Әмірбек облыс көлемінде жүзеге асып жатқан қайырымдылық шаралары, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, жалпы ахуал, медиацияның дамуы жайында мазмұнды баяндама жасады.
Бүгінгі басқосу — бейбітшілік пен келісімнің, бірлік пен өзара түсіністіктің жарқын үлгісі. Басты міндет – Қазақстан халқының татулығы мен ауызбіршілігін, мемлекетіміздің тұтастығы мен киелі Тәуелсіздігімізді нығайту.
Осы тұста Түркістанда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында 1-маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Ұмай ана» фестивалі өтті. Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің қолдауымен ұйымдастырылған іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасын жүзеге асыру мақсатында өткізілді. «Ұмай ана» фестиваліне Түркістан облысына қарасты 13 аудан, қаладан 50 жастан асқан аналар қатысып, III кезеңнен тұратын сайыста бақ сынады. Атап айтсақ, бірінші кезең – әр қатысушы құрамның жетекшісі топты таныстыруы; (берілетін уақыт – 3 минут); Екінші кезең – Отбасын қорғаушы мейірімді ана рөлін театрландырылған қойылым көрсетуі; (уақыт 4-5 минут); Үшінші кезең – «Тәрбиенің түп-тамыры – ұлттық тәрбие» аталымымен ұрпақ тәрбиесіндегі үздік тәжірбесін көрсету (берілетін уақыт 3-4 минут).
Қазылар алқасының мүшелері қатысушылардың өнері мен әлеуетін бағалау кезінде үміткердің өзін ұстау мәдениетіне, тапсырмаларды орындау шеберлігіне, көшбасшылық қасиетіне, түрлі ситуациялық жағдайлардан оңтайлы шыға алатын көрегенділігіне, тіл тазалығына, киіміне назар аударды.
Фестиваль қорытындысында Мақтаарал ауданының «Асыл аналар» тобы үздік шығып, 1-орынды иеленді. Ал Түлкібас ауданының «Шаңырақ шуағы» тобы 2-орынды еншілесе, Бәйдібек ауданының «Домалақ ана» тобы 3-орынға лайық деп танылды.
Сондай-ақ өз өнерлерімен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген «Төле би Ару аналар» (Төле би), «Сырлы Созақ аналары» (Созақ), «Нұрлы ана» (Сарыағаш), «Шежірелі әжелер» (Түркістан), «Ұлы дана аналары» (Шардара), «Қазығұрт асулары» (Қазығұрт), «Берекелі босаға» (Сауран), «Ақ кимешек – Аналардың ақ тәжі» (Ордабасы), «Дәстүр әжелер тобы» (Отырар), «Қарлығаш» (Сайрам) топтары арнайы марапаттарға ие болды.
Іс-шара соңында фестиваль жеңімпаздары мен жүлдегерлері Алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Бұл орайда, «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева мен облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова марапат иелерін арнайы құттықтап, алғыстарын жеткізді.