Пятница, 13 июня

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҰЛТАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚТЫ НЫҒАЙТУ БАҒЫТЫНДА ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ

0
24

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл – ел бірлігінің, этносаралық татулық пен қоғамдық келісімнің ерекше үлгісі. Облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиеваның айтуынша Түркістан облысында аталған мерейтой аясында жүзден астам іс-шара жүзеге астқан.  Оның ішінде этномәдени бірлестіктердің қатысуымен өткізілген форумдар, мәдени-көпшілік іс-шаралар, қайырымдылық акциялар мен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған арнайы жобалар бар. Мәселен, «Достық керуені», «Ата-баба аманаты» тарихи-танымдық экспедициясы, «Бірлік пен татулық – ел тұтастығының кепілі» атты ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізіліп, көпұлтты Түркістан жұртшылығының белсенділігі жоғары деңгейде көрінді.

– Биылғы жылдың айтулы жобаларының бірі – «Ақылды ана – саналы бала» байқауы. Бұл байқау ана мен бала тәрбиесін насихаттап қана қоймай, салауатты өмір салты мен қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелердің алдын алуға бағытталды. Сайрам ауданындағы күрді этномәдени бірлестігі белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Ассамблея жанындағы Жастар қанаты мен Аналар кеңесі бірлесіп түрлі форматтағы кездесулер, тренингтер, челлендждер өткізіп келеді. 2025 жылы «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында жас отбасылар мен көп балалы аналарға арналған мотивациялық кештер өтті. Сонымен қатар, этнос жастары арасында волонтерлік қозғалыс белсенді дамып жатыр. Олар Арыс қаласында, Мақтаарал ауданындағы табиғи апат кезінде де гуманитарлық көмектер ұйымдастырды- деді Эльмира Жанғазиева.

Сонымен қатар, Бүгінде облыс аумағында 20-дан астам этномәдени бірлестік тіркеліп, белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Олар Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамаларын қолдап, тіл мен дәстүрді сақтауда, қоғамдық келісімді нығайтуда үлкен рөл атқарып отыр. Мысалы, күрді, өзбек, татар-башқұрт, түрік, шешен-ингуш, славян, кәріс, еврей, грек және тағы басқа бірлестіктер мәдени шаралар ұйымдастырып, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, қолөнер көрмелері арқылы халықтар арасындағы достықты паш етті.

– Ассамблея жұмысы үнемі заман талабына сай жаңарып отырады. Қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті сақтау – әрбір азаматтың борышы. Біз алдағы уақытта да медиация институтын дамыту, қоғамдық қабылдау орталықтарының жұмысын жандандыру, этносаралық қатынастарға қатысты ғылыми зерттеулерді көбейту бағытында жұмыс істейміз. Сонымен қатар, мектептер мен ЖОО-лармен бірлесе отырып, «Толеранттылық сабақтары», «Достық клубтары» сияқты тәрбиелік жобаларды кеңейтіп жатырмыз- деді Эльмира Жанғазиева.

Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясының басты мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық этностардың мәдениетін, тілін, дәстүрін сақтай отырып, елдегі бірлік пен келісімді қамтамасыз ету. Ассамблея азаматтық бірегейлікті қалыптастыруға, этносаралыққарым-қатынасты дамытуға, сондай-ақ мемлекет пен қоғамарасындағы диалогты нығайтуға бағытталған. Қиын-қыстау заманда қазақ елін паналап, қамқорлығын, жақсылығын, кеңпейілділігін, адамгершілігін, қонақжайлылығын көрген өзге этнос өкілдері қазақ халқын жоғары бағалап, құрметтейді. Өзге ұлт өкілдері қоныстанған аймақтарда, сол ұлттың тілінде балабақша, мектеп көптеген ұйымдар өз міндеттерін атқарады.

Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстандағы этностардың құқығын қорғап, олардың мәдениеті мен дәстүрлерін дамытуға үлкен үлес қосты. Қазақстан халқы Ассамблеясысының бастамасымен  жүздеген этномәдени бірлестіктер құрылып, ұлттық мерекелер, форумдар, фестивальдар мен ғылыми конференциялар ұйымдастырылды. Қазақстан халқы Ассамблеясы сондай-ақ қайырымдылық шаралар мен қоғамдық жобаларды жүзеге асырып, жастар саясатын қолдауда белсенділік танытып келеді. Ассамблея аясында жұмысістейтін «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы – ел болашағына бейжай қарамайтын жас буынның басынқосатын алаң. Бүгінде Қазақстан Халқы Ассамблеясы – тұрақтылық пен бейбітшіліктің кепілі. Алайда, олардың барлығы өздерін жеке-жеке ұйым не­месе одақ түрінде сезінбей, “Біз – Қазақ­стан азаматымыз!” деген асқақ рухта болуы тиіс. Қазақтың кең пейілі, тарихи төзімі мен ұлтаралық татулық негізінде Тәуелсіз Қазақ­станда саяси тұрақтылық берік орнықты. Біздің бұл өнегемізді әлемнің аса беделді сарапшылары мен халықаралық ұйымдары бірауыздан әлем халықтарына үлгі боларлық басты жетістігіміз деп мойындады. Елдегі этносаралық келісім мен бірлікті нығайту – мемлекеттің стратегиялық басымдықтарының бірі. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясы өз қызметін жаңадеңгейге көтеріп, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешудемаңызды рөл атқарады. 30 жылдық мерейтой – бұл тек өткенді саралау ғана емес, сонымен қатар болашаққа бағдар жасау кезеңі.

Leave a reply