ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӨНЕРКӘСІП ӨНІМІНІҢ КӨЛЕМІ АЛҒАШ РЕТ 1 ТРЛН. ТЕҢГЕДЕН АСТЫ

0
84

Түркістан облысында өткен жылдың қорытындысымен негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң өсімге қол жеткізілді. Өнеркәсіп өнімінің көлемі облыста алғаш рет 1 трлн. теңгеден асып, алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5%-ға артты. Өсім негізінен өңдеу өнеркәсібінен орындалды. Бұл салада 437,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында айтылды. Облыс әкімі көрсеткіштерді одан сайын жақсарта түсу керектігін жеткізді. Экономикалық даму бойынша негізгі индикаторларға қол жеткізе алмаған басқарма және аудан басшыларына жұмысты ширатуды тапсырды.

– Біз аудан, қалаларды аралау барысында аудан, қала әкімдерімен, орынбасарларымен кездесіп, нақты тапсырмалар бергенбіз. Орындалмау қаупі бар индикаторларды да көрсеткенбіз. Осыны назарда ұстаңыздар. Жұмысын дұрыс атқара алмаған жауаптыларға шара көріледі. 2023 жылдың нәтижесі шықты. Енді сіздер 2024, 2025 жылдың жоспарларын қазірден бастап әзірлеп, индикаторларды есептеулеріңіз керек. Кірісті молайту бойынша 2 бағыт ұсынылды. Біріншісі – резервтегі кіріс көздерін, «көлеңкелі экономикада» жүрген тұлғаларды анықтап, сол арқылы салық көлемін көбейту. Екінші бағыт – жұмыс орындарын ашу, инвестициялар тарту, кәсіпорындар ашу. Биыл шетелдердегі іссапарларыңызда алған тәжірибені іс жүзінде жүзеге асырған жөн, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, өңдеу өнеркәсібінде жоспарланған 20 жоба толық іске қосылды. Құны 30,2 млрд. теңге болатын жобалар арқылы 594 жұмыс орны ашылған. Инвестиция көлемі 972 млрд. теңгені құрап, былтырмен салыстырғанда 26,1%-ға өскен. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада үшінші орынға шықты. Жалпы инвестицияның 66,8%-ын құрайтын жеке инвестициялар 2022 жылмен салыстырғанда 1,5 есе артып, 649,6 млрд. теңгеге жетті. Облыста атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 407,5 млрд. теңгені құрады. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 344,1 млрд. теңгеге жетіп, былтырмен салыстырғанда 6,1%-ға артты. Пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлер алаңы 4%-ға артып, 899 мың шаршы метр үй тапсырылды. Жеке меншік есебінен 621,8 мың шаршы метр үй пайдалануға берілсе, мемлекеттік меншік есебінен 277,1 мың шаршы метр тапсырылған.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1,2 трлн. теңгеге жетіп, өңір республикада көш бастады. Ет, сүт және жұмыртқа өндіруде өсім бар. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз етуге бағытында құны 17,1 млрд. теңге болатын 25 жоба жүзеге асырылды, 624 жұмыс орны құрылған. Облыс әкімінің тапсырмасымен аудан, қалаларға негізгі көрсеткіштер бойынша рейтингтік бағалау жүргізілуде. Жалпы, 12 индикатордың 8-інде жоспарланған межеге қол жеткізілген. Рейтингтік бағалау нәтижесінде көшбасшылар қатарында Созақ, Сайрам аудандары және Түркістан қаласы орналасса, Отырар, Түлкібас және Шардара аудандары төменгі орынға жайғасты. Облыс әкімі аудан, қалаларды дамыту, индикаторларды толық орындау бойынша нақты тапсырмалар берді. Бұл жұмыстар хаттамаға енгізіліп, қатаң бақылауға алынды.

Түркістан облысында өндіріс өркендеп, жаңа жобалар жанданып келеді. Таяуда ғана Түркістанда 2023 жыл қорытындыланып, барлық сала бойынша жылдың үздіктері марапатталды. Салтанатты іс-шарада облыс әкімі Дархан Сатыбалды еңбегімен дараланған азаматтарды марапаттап, 11 айдағы экономикалық көрсеткіштерге тоқталды. Бірқатар «сақалды құрылыстың» мәселесі шешілгенін жеткізді.Соңғы 10 жыл аралығында құрылысы жүргізіліп, іске қосылмаған 38 табиғи газ нысаны бар еді. Тиісті жұмыстарды жүргізу есебінен биыл 91 мың халық тұратын 26 елді мекенді газға қостық. Бұдан бөлек, биыл 62 нысанның құрылысы аяқталып, қосымша 50 елді мекен табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады. Нәтижесінде жалпы газбен қамтылған елді мекендер саны 515-ге жетіп, қамту деңгейі 62 пайызды құрайды. Сарыағаш қаласында 13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы 2018-2020 жылдары аралығында жүргізіліп, аяқталған. Бірақ кәріз жүйесінің болмауына байланысты, пайдаланбай бос тұрған.

Модульдік кәріз жүйесін салу есебінен биыл 585 отбасы баспаналы болды. 2018 жылы облыстың оңтүстік 5 ауданындағы 800 мың тұрғынды сапалы электр қуатымен қамтитын «Қызыләскер» қосалқы станциясының құрылысы басталған. Стратегиялық маңызды нысанның құрылысын таяуда толық аяқтап, өткен аптада пайдалануға тапсырдық. Жалпы облысымызда электр қуатына тапшылық бар, энергияның 80 пайызы сыртқы көздерден тасымалданады. Аталған мәселені шешу үшін «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, Сайрам ауданында заманауи бу-газ қондырғы станциясының құрылысы басталды. Биыл қосымша 19 елді мекенге жаңадан ауыз су құбыры салынады. 10 елді мекеннің тозығы жеткен су жүйелері жаңартылуда. Нәтижесінде елді мекендердің қамту деңгейі 88,7 пайызға жетеді. Кентау қаласындағы №5 жылу орталығы 2012 жылдан бері жөндеу көрмей, 85 пайызға тозған. Биыл 4 қазандық ағымдағы жөндеуден өтті. 4,7 шақырым магистралды жылу құбыры қайта жаңартылды Мемлекет басшысы өз Жолдауында көліктік логистиканы дамытуды тапсырған болатын. Осы тапсырма аясында биыл қараша айында облыс үшін стратегиялық маңызы бар «Дарбаза – Мақтаарал» теміржолының құрылысы басталды.

Leave a reply