Четверг, 12 июня

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІНЕ ДЕН ҚОЙЫЛУДА

0
14

Түркістан облысында негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 1 334,9 млрд. теңгеге жетіп, 1,4 есе артығымен орындалды.  Жалпы облыс орталығында инвестиция тарту бағытында инвестштаб мәжілістері жиі өтеді. Өңір тұрғындарының назарына облыста атқарылып жатқан жобалар туралы мәлімет ұсынамыз. Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өсім байқалады. Өткен жылы облыс орталығының жалпы өңірлік өнім көлемі 421,7 млрд теңгені құраған. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен жиында айтылды.

Биыл экономиканың дамуына тың серпін беретін 145 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылды. Оның ішінде өндірісті және ауыл шаруашылығын терең қайта өңдеуді дамытуға басымдық берілуде. Алдағы уақытта аймақта жаңа зауыттар ашып, жұмыс орындарын көбейту жоспарланған.

Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға Түркістанды дамыту бағытындағы жұмыстарды жандандыруды, жаңа жобаларды қолға алуды тапсырды. Түркістан қаласында өндіріс орындарының саны артып келеді. Бүгінде қаладағы 180 гектар аумақта Арнайы экономикалық аймақ орналасқан. Одан бөлек, 190 гектар жерде Индустриалды аймақ іске қосылған. Бұл аймақта 10,5 млрд теңгені құрайтын 21 жоба іске асырылды. Нәтижесінде, мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Алдағы уақытта 19 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында бетон бұйымдарын жасау, есіктер шығару, битум өндіру, жұмсақ жиһаздарды жасау, әк өндіру сияқты жобалар бар.

Облыс орталығында халықты жұмыспен қамту шаралары да қарқынды жүзеге асырылып келеді. 2024 жылы 10 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жоспар 116,2 пайызға орындалған. Тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары жалғасады. Өткен жылы 961 пәтер пайдалануға берілсе, биыл 944 пәтерді ел игілігіне беру жоспарланып отыр.

Түркістан қаласын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. 2024 жылы Түркістан облысының жалпы өңірлік өнімінің көлемі алдын ала есеп бойынша 4 трлн. теңгеден асты. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 2024 жылғы қаңтар-желтоқсан айларында 111 %-ды құрады. Оның ішінде өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 1 214,0 млрд. теңгені құрады. 2023 жылдың тиісті кезеңіне қарағанда нақты көлем индексі – 110,1%.

Облыстағы өндірілген өнеркәсіп өнім көлемінің 44,4% үлесін құрайтын тау-кен өндіру саласында өндірілген өнім көлемі 540 млрд. теңгеге жетті. Өндірілген өнеркәсіп өнім көлемінің 48,2% үлесін құрайтын өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 585,4 млрд. теңгені құрады. Былтыр өңдеу өнеркәсібі саласында жалпы құны 24 957 млн. теңгені құрайтын және 528 жұмыс орны ашылған 13 инвестициялық жоба іске асырылды.

Атап айтсақ, «Ideal Turkistan» ЖШС-нің жиһаз фабрикасы (25 жұмыс орны), «AsiaBrand» ЖК-нің жиһаз фабрикасы (25 жұмыс орны), «Қарқын-2030» ЖШС-нің «Ет өнімдерін қайта өңдеу» жобасы (30 жұмыс орны), «СП ТУРАН-МЕБЕЛЬ» ЖШС-нің жиһаз фабрикасы (40 жұмыс орны), «Қазақстан Нұр 001» ЖШС-нің шұлық өндірісі (30 жұмыс орны), «GRAND STROY KAZ» ЖШС-нің «Темірбетон бұйымдарын өндіру» жобасы (30 жұмыс орны), «Akniet Holding» жиһаз фабрикасы (80 жұмыс орны), «BNK Group Ltd» ЖШС-нің «Жаңбырлатып суғару құрылғыларын өндіру» жобасы (20 жұмыс орны), «Бөрте Милка» «Сүт өңдеу зауытын кеңейту» жобасы (18 жұмыс орны) ашылды. Сонымен бірге «JNRAY Group» ЖШС-нің тігін фабрикасы (50 жұмыс орны), «KazPlast» ЖШС-нің тігін фабрикасы (150 жұмыс орны), «BASPOLYMER» ЖШС-нің «Полимерлі құбырларды, пластмассадан жасалған бұйымдарды, тамшы таспаларды шығару бойынша ірі-тораптық зауыт салу» жобасы 15 жұмыс орны, «CaPable Group» МҚБ» «Қолданыстағы қуатты кеңейту. Итальяндық технология бойынша жөргектердің жаңа түрін өндіру жобасы іске қосылған.

Оның ішінде: өңдеу өнеркәсібінде 164 млрд. теңге, тау-кен өндіру және карьерлерді қазу бойынша 163 млрд. теңге, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтауда 33 млрд. теңге, сумен жабдықтау, қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою бойынша қызметі 3 млрд теңгені құрады.

Биыл өңдеу өнеркәсібі саласында жалпы құны 18,5 млрд. теңгеге 12 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл жұмыстар мәжілісте талқыланып, облыста жүзеге асырылып жатқан 15 жобаның жай-күйі қаралады. Облыс әкімі жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне инвестиция тарту жұмыстарын күшейте түсуді тапсырды.

– Инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу – басым бағыттар. Бүгін қаралған жобалар біз үшін өте маңызды. Сәттілік тілеймін. Өз тарапымнан облыста қолға алынған әрбір инвестициялық жобаның сәтті жүзеге асырылуына толық қолдау көрсетемін. Инфрақұрылым, құжаттандыру және өзге де мәселелерді заң шеңберінде шешеміз. Аймақта жаңа өндіріс орындарын көбейту бойынша жұмысты күшейтуді тапсырамын, – деген Нұралхан Көшеров әрбір инвестормен пікір алмасып, өтініштерін, есептерін тыңдады.

Инвестштаб отырысында инвесторлар мен кәсіпкерлердің өтініштері, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы талқыланды. Олардың бірқатарына тоқталсақ, Сайрамда бу-газ қондырғысы, мал сою бекеті мен мал бордақылау алаңы, Созақта газ өндіру жобалары жүзеге асады. Ордабасы ауданында заманауи кірпіш зауыты мен алюминий бұйымдарын өндіру зауытының құрылысы қарқынды. Сауран ауданында инженерлік жабдықтар, өнеркәсіптік су бекіту арматурасын шығаратын зауыттар салынады. Келес ауданында еліміздегі ең үлкен жылыжайдың құрылысы жалғасуда. Сарыағаш ауданында құс фермасы кеңейтілсе, өзге аудандарда да инвестициялық жобалар пысықталып жатыр.

 

Leave a reply