Четверг, 12 июня

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 100-ГЕ ЖУЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮРГІЗІЛІП КЕЛЕДІ

0
26

Түркістан облысы өндірістік әлеуетін күшейтіп, инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Өңірде жалпы құны 130,3 млрд теңгені құрайтын 100-ге жуық инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл жобалар индустриалды аймақтар арқылы жүзеге асырылып, нәтижесінде 6 мыңға жуық жаңа тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Қазірдің өзінде жобалардың жартысынан көбі іске қосылып, облыс экономикасына 40 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тартылды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жұмыс мәжілісінде индустриалды аймақтарды дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу, инфрақұрылымды жетілдіру және жұмыс сапасын арттыру мәселелері кеңінен талқыланды. Әкім жобаларды жедел әрі тиімді жүзеге асыру үшін аудан, қала әкімдері мен салалық басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

– Индустриалды аймақтар – өңірлік экономиканың қозғаушы күші. Әр ауданда өндірісті дамытып, инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасау – басты міндет. Жаңа жобалар – жаңа жұмыс орындары мен халықтың табысын арттыру кепілі. Сондықтан бұл жұмысты жүйелі, үйлесімді және нәтижелі жүргізуіміз керек, – деді облыс басшысы.

Аймақта инфрақұрылым жеткізу жұмыстары басты назарда тұр. Индустриалды аймақтардың тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті электр, су, газ және жол желілерімен қамту мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. Сонымен қатар облыс әкімі индустриалды аймақтарды абаттандыру, көгалдандыру және заманауи стандарттарға сай келтіру қажеттігін атап өтті. Бұл – өндіріс орындарында жайлы орта қалыптастырып, инвесторларға тартымды жағдай жасауға жол ашады. Түркістан облысында «Даму» өңірлік бағдарламасы аясында бірнеше жаңа индустриалды аймақ құрылуда. Облыс әкімінің бастамасымен Жетісай, Отырар, Сайрам аудандарында, сондай-ақ Шардара мен Арыс қалаларында жаңа өндіріс алаңдары пайдалануға берілді. Қазіргі таңда тағы 4 индустриалды аймақты құру немесе кеңейту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл бастама кәсіпкерлікті қолдауға, жергілікті өндірісті дамытуға және халықты жұмыспен қамтуға бағытталған.

Түркістан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтің айтуынша, жобалар аудан және қала әкімдіктерімен, салалық басқармалармен тығыз байланыста жүзеге асырылып отыр. Индустриалды аймақтарда жүзеге асырылып жатқан жобалар негізінен құрылыс материалдары өндірісі, дайын металл өнімдері, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, жиһаз өндірісі және металлургия бағыттарына бағытталған. 2024 жылы өңірлік үйлестіру кеңесі 18 инвестициялық жобаны мақұлдап, олар индустриалды аймақтар құрамына енгізілді. Бұл жобалар өңірлік экономиканы әртараптандыруға, импортты алмастыруға және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде 3 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылып, облыс бюджетіне 2,1 млрд теңгеден астам салық түсімі түсті.

Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан индустриалды жобалар – аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдететін маңызды фактор. Бұл бастамалар өндірістік қуатты күшейтіп қана қоймай, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға, бюджет кірісін арттыруға, кәсіпкерлік белсенділікті қолдауға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға үлкен үлес қосып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, экономиканың негізгі қозғаушы күші – шағын және орта бизнес пен инвестиция. Осы бағытта Түркістан облысы алдағы уақытта да жүйелі жұмыстар жүргізуді көздеп отыр.

Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту, индустриалды аймақтарды дамыту және көбейту жұмыстар жалғасып жатыр. Өңірде 1 700 гектардан тұратын өңірлік маңызы бар 14 индустриалды аймақ болса, оның ішіндегі 5-еуі соңғы 1 жылдың ішінде құрылды. Сонымен қатар Арыс қаласындағы «Мега-Агат» және Ордабасы ауданындағы «Бөкей» компанияларының ұсыныстары бойынша 2 жеке индустриалды аймақ құрылып, жұмыс істеп тұрған және жаңадан құрылған индустриалды аймақтардың саны 16-ны құрап отыр. Ол өндірістік аймақтарда бүгінгі күнге 120 млрд теңгені құрайтын 82 жоба жүзеге асырылуда.

Жаңадан ашылған және ашылуы жоспарланған индустриалды аймақтарды газ, электр, су және өзге де инфрақұрылыммен қамту, жер телімін алу мәселелері туралы айтты. Облыс әкімінің тапсырмасымен аудан және қала әкімдіктері жаңадан құрылатын индустриалды аймақтар бойынша ұсыныстарын берді. Жер телімдері инфрақұрылым нүктелеріне жақын орналасқан.

Айта кетейік, Түркістан облысындағы өндірістік аймақтардағы жобалардың басым бөлігі құрылыс материалдарын өндіру, дайын металл өнімдерін өндіру, металлургия, машина жасау, жеңіл және жиһаз өнеркәсібі салаларына жұмылдырылған. 2024 жылы Өңірлік үйлестіру кеңесі тарапынан 18 инвестициялық жоба мақұлданып, индустриалды аймақтарға енгізілген.

 

Leave a reply