ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 11 АУЫЗ СУ НЫСАНЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛІП, 20 ЕЛДІ МЕКЕН СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ

0
66

«Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға қарай халықты 100 пайызы сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл меже – мемлекет басшысының сайлау алды бағдарламасы аясында жүзеге асады. Қуатты аймақтар мен дамыған инфрақұрылым қалыптастыру ісі біртіндеп жүзеге асып жатыр. Себебі Ауыз су мәселесі шалғайдағы ауылдарда ғана емес, ірі қала мен мегаполистерде де өзекті.

Бүгінде Түркістан облысында елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамту жұмыстары қарқынды. Сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауымен «сақалды құрылыстардың» мәселесін шешу жұмыстары өз нәтижесін беруде. Биыл 70 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджет есебінен қаржы бөлініп, 38 нысанның құрылысы аяқталуда. Қалған 32 нысан келесі жылы пайдалануға беріледі. Қазіргі уақытта 27 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, 120,5 мың халық ауыз сумен қамтылды.
Сонымен қатар, өңірдегі 11 нысан ел игілігіне пайдалануға беріліп, 81 мың тұрғын таза ауыз суға қол жеткізген болатын. Осы ретте, бүгін Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Сауран ауданы, Жаңа Иқан ауылдық округіне қарасты Ойық елді мекені тұрғындарының қуанышын бөлісуге арнайы барды. Ойықтықтарды құттықтап, осы салада атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесімен бөлісті.

2025 жылдың соңына дейін Түркістан облысының халқын 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс. Елді мекендерді үздіксіз және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі облыс әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында.Халқымыз ішетін суына да ізет көрсетіп, оны «тіршіліктің көзі деп» әспеттеген. Тіпті «Қайғысыз қара суға да семіреді», «Судың да сұрауы бар» деген мақал-мәтелдерді өмірге әкелген.Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздегі маңызды проблемалардың бірі су тапшылығы мәселесі екенін мәлімдеді. Ол суды үнемдеу технологияларын қолға алуды тапсырды.

“Су ресурсы еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер”, – деген болатын Президент.

Бүгінгі таңда таза ауыз су мә­селесі адамзат баласы үшін өзекті болып отыр. БҰҰ-ның дерегінше, дүние жүзінде миллиардтаған адам әлі күнге дейін таза ауыз суға қол жеткізе алмай келеді. Дү­ниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) су ресурстары бойынша климаттық қызметтердің жай-күйі туралы соңғы есебіне сәйкес, суға байланысты тәуекел­дер жоғары қарқынмен өсіп келеді. 2000 жыл­дан бастап су тасқыны – 134, құрғақшылықтың ұзақтығы 29 пайызға өскен.

– Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында тапсырмасы берілген болатын. Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Бүгінгі таңда 27 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, пайдалануға тапсырылды. Бүгін 11 нысанның құрылысын аяқтап, пайдалануға беріп отырмыз. Нәтижесінде, су құбыры мүлдем жоқ 20 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылады. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар жалғасын табады, – деді Зұлпыхар Жолдасов.

Нақтырақ айтсақ, Бәйдібекте – 1, Сарыағашта – 8, Келесте – 2, Қазығұртта –1, Ордабасыда – 4, Отырарда – 2, Жетісайда – 1 және Сауранда бір ауыл ауыз сумен қамтылды, 10 елді мекеннің құрылыс жұмыстарын жүргізуге 2023 жылы бюджет есебінен 254,070 млн. теңге бөлінді. Жалпы ұзындығы 4,9 шақырым болатын су құбырларын тарту жұмыстарын «Стройкомплект-КБ» ЖШС жүргізді. Жоба бойынша І, ІІ көтерілімдегі су сорғы станциясы, сыйымдылығы 2 дана 70 м3 резервуар, көлемі 15 м3 су мұнарасы, сүзгілеу станциясы, 2 дана су ұңғымасын бұрғылау қарастырылған. Бүгінгі таңда мердігер мекеме тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталып, нысан іске қосылды. Нәтижесінде, Ойық елді мекенінде 257 халық, 43 абонент орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді.

Айта кетейік, өткен жылы өңірдегі 832 елді мекеннің 739-ы немесе 88,8 % ауыз сумен қамтамасыз етіліп отыр. Оның ішінде, қалаларда қамту деңгейі 99,8 % (7 қала, 518,4 мың адам), ауылдық елді мекендерді қамту деңгейі 97 %-ды (732 елді мекен, 1 546,6 мың адам) құрайды. Сонымен қатар облыс елді мекендерін 100 % ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігімен «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес, облыстағы 113 елді мекен, яғни 90,6 мың халық 2025 жылы толық сапалы ауыз суға қол жеткізеді.

Қазақстан Үкіметінің алдында 2025 жылдың соңына дейін сапалы ауыз суға 100% қол жеткізуді қамтамасыз ету міндеті тұр. Үкімет отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев пен экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова осы мақсатқа жету үшін қандай шараларды қолға алу жоспарланғаны туралы баяндады. Өткен жылы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және реконструкциялауға республикалық бюджеттен 402 жобаны іске асыру үшін 280 млрд теңге бөлінді, оның ішінде қалаларда 135 жобаны іске асыруға 167 млрд теңге және ауылдарда 267 жобаны жүзеге асыру үшін 113 млрд теңге бөлінді. Жыл қорытындысы бойынша сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділікті қалаларда 98,8%-ға және ауылдарда 96,3%-ға қамтамасыз ету жоспарланды. Қойылған міндетті уақтылы және сапалы орындау үшін республикадағы әрбір елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша кезеңдік жоспар әзірленді. Әрбір қалалық және ауылдық елді мекендер бойынша, оның ішінде іздестіру-барлау, ЖСҚ әзірлеу және құрылыс-монтаждау жұмыстарының барысы бөлігінде мониторинг жүргізілді. 89 қалалық елді мекеннің 64-і 100% орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Қалған 25 қала 2025 жылдың соңына дейін кезеңдік жоспар шеңберінде қамтамасыз етілетін болады.

Қалалық елді мекендердегі халық санының өсуіне байланысты, сондай-ақ сапалы сумен жабдықтау қызметтерін көрсету мақсатында республикалық бюджет шеңберінде су тазарту құрылыстарының қуаттылығын арттыру, магистральдық сумен жабдықтау жүйелерін кеңейту, сондай-ақ кәріз жүйелерін дамытуға бағытталған жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда 6 295 ауылдың 4 900-і ауыз сумен қамтамасыз етілген. 2025 жылдың соңына дейін 1 395 ауылдың ауыз су мәселесін шешу жоспарланып отыр.Қалған ауылдардың 69%-ы, яғни 963-і тұрғындары аз елді мекендерге жатады. Оларға бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында жергілікті бюджет есебінен кешенді блок модульдер орнатылатын болады. Индустрия министрлігі арқылы 391 ауылда орталықтандырылған сумен жабдықтау құрылысы қамтамасыз етіледі және 41 ауылда Экология және табиғи ресурстар министрлігі арқылы топтық су құбырларын салу жөніндегі жобаларды іске асыру шеңберінде кентішілік желілер салынады. Ведомствода су ресурстарын үнемдеу мақсатында «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту» тұжырымдамасы шеңберінде сумен жабдықтау, су бұру және тазарту жүйелерінің өндірістік процестерін автоматтандыруды жүргізуді ұсынылады. Демек, су арналарын бүкіл өндірістік процесстердегі су ресурстарын есепке алудың толық кешенімен қамтамасыз ету көзделген. Ол үшін сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің гидромоделін жасау үшін барлық өндірістік учаскелерде су есептеу құралдарын орнату қажет. Автоматтандыру су арнасының алдағы шығындарын, сондай-ақ дамудың оңтайлы модельдерін құру есебінен сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу мен реконструкциялауға бағытталған мемлекеттік бюджетті оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында осы жұмыстарды жүргізу үшін бюджеттен шамамен 25 млрд теңге қажет етеді. Бұл ретте мұндай жобаларды іске асыруға:

– судың коммерциялық және техникалық шығынын 15-40%-ға төмендетуге;

– инвестициялық шығындарды 10-15%-ға оңтайландыруға;

– электр энергиясына жұмсалатын шығындарды 15-20%-ға қысқартуға;

– желілердегі апаттылықты 30-50%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі күні жергілікті атқарушы органдар жобалалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге жергілікті бюджеттен қаражат қарастыруды және сараптама қорытындысын алғаннан кейін одан әрі қаржыландыру үшін бюджеттік өтінім беруі қажет.

Leave a reply