Түркістан облысында 1100 шақырым жол жөнделіп жатыр

0
54

Биыл Түркістан облысындағы автомобиль жолдарын жақсартуға бюджеттен 37,6 млрд теңге қаржы бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы ұзындығы 1100,3 шақырымды құрайтын жолдар мен көшелер немесе 244 нысанды қамту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жыл қорытындысымен 546,6 шақырым болатын 149 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат жиынында облыс бойынша 2024 жылға жоспарланған автомобиль жолдары саласын дамытудың орындалу барысы туралы баяндалды. Облыс басшысы сапаны назарда ұстамаған, жұмыс барысында орын алған кемшіліктерді қалпына келтірмеген аудан, қала басшылары мен жауапты тұлғаларды сынға алып, тиісті тапсырмалар берді.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Қуатжан Жұматаевтың мәлімдеуінше, 368,1 шақырымды құрайтын 34 облыстық маңызы бар жолдар құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Жыл соңына дейін 19 нысан немесе 163,6 шақырым жол, 4 көпір, 4 құбыр пайдалануға берілмек. Бүгінгі таңда 3 нысан: 10,6 шақырым жол, 1 көпір, 1 жарықтандыру пайдалануға берілді.

Елді мекен көшелерінің сапасы да назардан тыс қалмайды. Биыл елді мекендерде 191 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. 630,6 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жоспарланып, жыл соңына дейін 331,3 шақырымдық 122 нысан пайдалануға тапсырылады. 2024 жылдың қорытындысымен жалпы 194,6 шақырым жолды пайдалануға тапсырып, жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 93,7%-ға жеткізу көзделуде.

Нысандардағы жұмыстар мен қолданылып жатқан материалдардың сапасы автор, техникалық қадағалаушы мекемелерден бөлек, Ұлттық сапа орталығының Түркістан облысы бойынша филиалының тұрақты бақылауында. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде 343 кемшілік анықталды. Жауапты мекемелерге ескерту хаттар беріліп, 5,7 млн теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ 55 000 м2 жол негізі мен асфальт жабындысы бұзылып, қайта салынды.

Leave a reply