ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 1,5 ЖЫЛҒА ЖЕТЕТІН МАЛ АЗЫҒЫ ҚОРЫН ЖАСАҚТАУҒА МҮМКІНДІК БАР

0
140
Биыл Түркістан облысында мал азығынан тапшылық болмайды. Бұл мәселе облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Т.Оспановтың айтуынша, биыл ауа райының жауын-шашынды болуына байланысты аймақты 1,5 жылға жететін мал азығы қорымен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.
Бүгінгі күнге мал басына қажетті азық 4,1 млн. тонна мал азығы 100% жиналған. Атап айтсақ, 289,9 мың тонна сабан, 109 тонна пішендеме (сенаж), 1,8 млн. тонна табиғи шөп, 1,8 млн. тонна жоңышқа, 6,5 мың тонна сүрлем жиналып үлгерген. Оған қосымша облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аудан, қала әкімдіктеріне 1 млн. тонна азықтық қорды қалыптастыру жоспары ұсынылған. Жалпы қыстату науқанына дейін 5,1 млн. тонна мал азығы жиналатын болады.
Малазықтық шөптер биыл шаруаларға қол жетімді тиімді бағада сатылуда. Егістік алқап басынан табиғи шөптер прессі 350-400 теңге, жоңышқа 600-700 теңгеден сатылып жатыр. Былтыр 1200-1500 теңге аралығында саудаланған болатын.
Облыстағы мал басына қажетті азықтық жем көлемі 784,9 мың тоннаны құрайды. Оның 82% (644,8 мың тонна) облыста өндірілген дақылдар есебінен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде: жүгері – 287,1 мың тонна, шитті мақта – 106,8 мың тонна, мақсары күнжарасы – 41,8 мың тонна, арпа мен бидай – 29,3 мың тонна. Бұдан бөлек, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-ы арқылы (8 ай бойы) облысқа бөлінген 34,4 мың тонна бидайдан алынатын 9,3 мың тонна кебек агроқұрылымдарға арзандатылған бағамен сатылып жатыр. Бүгінде 334 агроқұрылымға 540 тонна кебек босатылған.

Leave a reply