ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 5 МЫҢҒА ЖУЫҚ НЫСАН «ASHYQ» ҚОСЫМШАСЫМЕН ЖҰМЫС ІСТЕУДЕ
Түркістан облысында омикрон штамы тіркелмегенімен Covid-19 инфекциясының таралуы өршіген. 24-қаңтар күнгі мәлімет бойынша өңірде коронавирусқа шалдыққан 123 жағдай тіркелді. Бұл туралы брифингте облыстың бас санитариялық дәрігерінің орынбасары Бахтыораз Елемесов мәлімдеді.
«Түркістан облысында 5000-ға жуық нысан «Ashyq» қосымшасын қолдануда. Өңіріміз «сары» аймақта болғандықтан бірқатар шектеу шаралары мен барлық санитарлық талаптар ескерілуі тиіс. Жаңа қаулы шеңберінде сенбі-жексенбі күндері нысандарға «көк» статустағы азаматтар да кіргізіледі. Сонымен қатар, мекемелер мен кеңсе қызметкерлерінің 50%-ы қашықтықтан жұмыс атқаруларына болады»,-деді ол.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Зухра Амированың сөзінше, мейрамхана, кафе, қоғамдық тамақтану нысандары, бильярд, боулинг орталықтары, театрлар, концерт залдары, филармониялар, цирктер, сондай-ақ компьютер клубтары «сары» аймақта толымдылық 70 пайызға дейін, «қызыл» аймақта 60 пайызға дейін шектеумен жұмыс істейді.