Четверг, 12 июня

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 55 ЕЛДІ МЕКЕНДЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН АШЫЛДЫ

0
12

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді мекендерде денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымды жақсартып, қолжетімділікті арттыруды тапсырған болатын. Осы бағытта Түркістан облысында ауқымды жұмыс атқарылуда. Ұдайы дамуда жүретін сала денсаулық болғандықтан, өңірде бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Облыс тұрғындарының назарына медицина саласына қатысты мәліметтер ұсынамыз. Өңірде тұрғындардың қажеттілігін қамтамасыз ету, медициналық көмек көрсету сапасын арттыру мақсатында заманауи медициналық нысандар салуға, бейінді мамандар даярлауға басымдық берілуде. Түркістан облысында 55 елді мекенде медициналық нысан ашылды. Заман талабына сай салынған емханалар мен фельдшерлік акушерлік пункттер шалғай ауылдарда ел игілігіне берілді.

Айта кетейік, мұндағы медицина қызметкерлері бұған дейін ескі ғимаратты паналап, базбір мекемелерді жалға алып келген. Мәселен, Қазығұрт ауданының Майлыошақ елдімекенінде медицина мамандары мәдениет үйінде қызмет көрсетіп келген еді. Енді ауыл тұрғындары инвестор есебінен салынған жаңа ғимаратта емделетін болды.

Бүгінгі таңда жалпы 58 медициналық нысанының қажеттілігі анықталып, оның 25 нысанын 2025 жылға іске асыру жоспарлануда. Облыс тұрғындарын білікті медицина мамандарымен қамту ісі де тұрақты зерделеніп, тиісті жұмыс жүріп жатыр. Өңірде 423 бейінді маман бойынша тапшылық бар екені анықталған. Оның ішінде, 141-і Түркістан қаласындағы салынып жатқан 570 төсек-орындық облыстық көпбейінді ауруханаға тиесілі. Мамандармен қамту үшін 5 жылдық жоспар бойынша резидентураға 639 грант бөлу жоспарлануда. Ал 2023 жылдан бері 176 грант игерілді. Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты медицина ұйымдарында жалпы 24 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істейді. Былтыр 40 дәрігер Ресейде, 234 орта буын медицина қызметкері Астана қаласындағы ҚР іс басқармасы медициналық ауруханасында біліктілігін арттырған.

Ал Еңбекші елдімекенінің тұрғындары дәрігерлерге қаралу үшін аудан орталығы мен көрші ауылдарға сабылмайтын болдық деп қуанып отыр. Түркістан облысында денсаулық сақтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында 49 медициналық санитарлық алғашқы көмек нысанының құрылысы басталды. Атап айтқанда 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт және 6 медициналық пункт салынады. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен жиында баяндалды.

Облыс әкімінің орынбасары денсаулық сақтау саласындағы жұмыстарды жандандыру керектігін айтып, кейбір нысандарда құрылыс жұмыстарын тездетіп, ғимараттардың сапалы салынуын қадағалауды тапсырды. Алайда кейбір ауылды аймақтарда денсаулық нысандарының жоқтығы анықталған. Өңірде 49 медпункттің құрылысын жүргізу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда ауыл аймақтардағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталып, жер қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Баққоныс, Төрткөл, Көкпарсай елді мекендерінде 3 ФАП құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек, 27 жобаға республикалық және жергілікті бюджеттен қаржысы қаралып, конкурс жарияланды. Жеңімпаз анықталып, келісімшарт түзілді. Қалған нысандар бойынша мемлекеттік сатып алу процесі өткізілуде. Аталған нысандар жыл соңынай дейін пайдалануға тапсырылуы тиіс.

Ағымдағы жылы облыстық бюджет есебінен 5728 компьютер сатып алынды. Бүгінгі күнге 5728 компьютер жеткізіліп, қамтамасыз ету көрсеткіші 64 пайыздан 100 пайызға жеткізілді. Сондай-ақ, Түркістан облысы бойынша 1 909 744, яғни 100 пайыз электрондық денсаулық паспорт жасақталды. 19 220 медицина қызметкері медициналық ақпараттық жүйеге оқытылды. Қазіргі таңда 441 717 адам мобильдік қосымша пайдаланады. Нәтижесінде электрондық жүйенің көмегімен 2 млн-ға жуық азамат дәрігердің қабылдауында болған, 1 млн 783 мың адам басқа да медициналық көмектерге жүгінді. 64 258 пациентке еңбекке жарамсыздық парағы электрондық нұсқада берілді. Одан бөлек, аудандық, қалалық емханаларда 20 цифрлық көмек посты ашылып, онда 558 мыңнан аса маман оқытылды.

Сондай-ақ, өңірде өткен жылы медициналық ұйымдардың материалдық — техникалық жабдықталуына 8,1 млрд теңге бөлініп, 65,75 пайызды құрады. Стационарлардың қабылдау бөлімшелерінде триаж жүйесі орнатылып, жедел медициналық көмек қызметінде «Көмек» автоматтандырылған басқару жүйесі енгізілді. Барлық машиналар GPS навигациямен қамтамасыз етілген.

Айта кетейік, алдағы уақытта Түркістан қалалық емханасын, 610 төсек орынға арналған облыстық көпсалалы аурухананы, туберкулезге қарсы және онкологиялық орталықтарды салу жоспарлануда. Сондай-ақ облыстық жедел жәрдем стансысын жаңғырту көзделіп отыр. Денсаулық сақтау саласын ілгерілету мен медициналық жабдықтармен қамту бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы ауру-жітім көрсеткіші төмендеді. 4 аурухана антиограф, 2 аурухана компьютерлік томографиямен жабдықталып, 1016 дана салаға қажетті техника алынған. Осылайша медициналық жабдықтармен қамту деңгейі 84%-ды құрады.

Leave a reply