Понедельник, 9 июня

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫН АУЫЗ СУМЕН ТОЛЫҚ ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСАДЫ

0
8

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрғындарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында Түркістан облысында ауыз су саласына өткен жылы 70 нысанның құрылысына бюджеттен 18,6 млрд. теңге бөлініп, 36 нысан құрылысы аяқталды. Әлеуметтік мәселе төңірегінде өңір тұрғындарының назарына мәлімет ұсынамыз.

Өткен жылдың қорытындысымен 20 елді мекен ауыз сумен қамтылды, 9 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылды. Сонымен қатар 3 елді мекенде (Сарыағаш, Төлеби, Қазығұрт) су тазалау имараты мен су жинау қоймасы, 15 мөлтек ауданда су құбырлары салынды. 2023 жылдың қорытындысымен, 800-ден астам елді мекеннің 739-ы (7 қала, 732 ауылдық елді мекен) немесе 89,1% ауыз сумен қамтамасыз етілді. Бүгінде  70 елді мекенді ауыз сумен қамту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы 61 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджет есебінен 14,1 млрд. теңге бөлінді. Соның ішінде, биыл 35 нысан аяқталады, қалған 26 нысан 2025 жылға өтпелі. Нәтижесінде 12 елді мекен (Сарыағаш – 2, Отырар – 1, Төлеби –1, Келес – 4, Созақ –4) ауыз сумен қамтылады, 12 елді мекеннің (Бәйдібек –1, Арыс –1, Сарыағаш – 1, Төлеби – 3, Жетісай – 2, Мақтаарал – 2, Түлкібас –1, Шардара –1) тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылады.

Өткен жылдың қорытындысымен, 829 елді мекеннің 768-ін (7 қала, 761 ауылдық елді мекен) немесе 92,6%-ын ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Яғни, 29 елді мекенде ауыз су мәселесі шешіледі. Облыс елді мекендерін 100% ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді. Ол құжатта 41 елді мекенге құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Атап айтқанда, 21 елді мекенде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, биыл 13 елді мекенде құрылыс аяқталып, пайдалануға беріледі, қалған 8 елді мекен 2025 жылға өтпелі. 29 елді мекенде кешенді блок-модуль (КБМ) орнату жоспарлануда. Атап айтқанда, 3 елді мекенге (Келес – 2, Сарыағаш – 1) кешенді блок-модуль қондырғысы орнатылған, іске қосу жұмыстары жүргізілуде. 11 елді мекенге КБМ орнатуға өткен жылға ОБ есебінен 336,8 млн. теңге бөлінді.

Өңірде аудан, қала әкімдіктерімен бірлесе талдау жұмыстары жүргізіліп, қорытындысымен «Облыс аумағындағы кестемен берілетін елді мекендерге тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз етудің іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес, 2024 жылы 32 елді мекен 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз етіледі. 2025-2027 жылдары аралығында 133 елді мекенді тәулік бойы ауыз сумен қамту жоспарлануда. Жаңа су көздерін барлау жұмыстары да қолға алынбақ.

Сонымен қатар Келес ауданы бойынша ауқымды шаралар қолға алынуда. Соның ішінде Бірлік ауылдық округінде ауыз сумен қамту мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Бүгінде Бірлік ауылдық округіне қарасты үш елді мекен – Бірлік, Жаңатіршілік және Қосөткел ауылдарында орталықтандырылған ауыз су құбырлары тартылып, тұрғындар сапалы таза ауыз сумен қамтылды.

Жыл соңына дейін жаңадан 22 елді мекен ауыз сумен қамтылады. Нәтижесінде ауыз сумен қамтылған елді мекендер саны 759-ға жетеді. Халық саны бойынша индикатормен есептегенде ауылды жердегі елді мекендердің ауыз сумен қамту көрсеткіші 98 пайызға жетсе, қалалар 100 пайыз қамтылмақ. Мәжілісте ауыз су тарифтерін бекіту, су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру, барлау жұмыстарын сапалы жүргізу, жобалаушы мекемелердің жауапкершілігін арттыру бойынша да ұсыныстар беріліп, тапсырмалар хаттамаға енгізілді.

Атап айтқанда, Қосөткел елді мекенінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының қолдауымен «Эска Строй Проект» мекемесі тарапынан жер асты суына барлау жұмыстары жүргізілді. Жер асты суы 1000 метр тереңдіктен шығарылып, ауыл аумағында «Омега» су тазарту құрылғысы орнатылды. Бұл құрылғы ауыл тұрғындарын сапалы әрі қауіпсіз ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуге ықпал жасайды.

Биыл Жаңатіршілік елді мекенінде ауыз су ұңғымасынан алынған судың сапасына байланысты аудандық «Келес Қызмет» коммуналдық мекемесі тарапынан қосымша су тұнытқыш резервуар орнату көзделуде. Сонымен қатар қайта ұңғыма қазу мақсатында облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына ресми ұсыныс хат жолданды. Ал Үшағаш елді мекенінде ауыз су ұңғымасына қосымша су сүзгі (фильтр) орнату жұмыстары 2025 жылдың жұмыс жоспарына енгізілген. Бұдан бөлек, Қосөткел елді мекенін сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз ету үшін Республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, биыл құрылыс жұмыстары басталады.

Айта кетейік, өңірді жүйелі атқарылған жұмыстар нәтижесінде, ауыз су, газ, жолмен қамтылған ауылдар саны артқан. Жалпы облыста жалпы 2,1 млн тұрғын (2 млн. 97 мың адам) немесе халықтың 97,9%-ы ауыз сумен қамтылған (737 елді мекен). Биыл қосымша 30 елді мекен жаңадан ауыз су құбырына қосылып, 13 елді мекеннің тозған су жүйелері жаңартылады. Нәтижесінде халықты ауыз сумен қамту деңгейі 98,6%-ға жетеді.

Leave a reply