ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫН САПАЛЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСАДЫ

Түркістан облысында елді мекендерді газбен, ауыз сумен және электрмен қамту жұмыстары жалғасуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылдың соңына дейін барлық елді мекендерді 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осы мақсатта биыл облыс аумағында жалпы 63 ауыз су нысанының құрылысына бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Соның ішінде, бірінші кезекте 30 елді мекендегі құрылыс жұмыстарын осы жылы аяқтау көзделген. Аталған бағыттағы жұмыстар туралы өңір тұрғындарының назарына мәлімет ұсынамыз. Атап айтқанда, бұл жұмыстармен Келес ауданында 13 елді мекен, Сарыағашта – 9, Ордабасыда – 3, Отырар мен Бәйдібек аудандарында 2 елді мекеннен және Қазығұртта 1 елді мекен қамтылмақ.
Бүгінде 739 АЕМ мобильді интернет желісімен қамтылған. Қалған 68 ауылдық елді мекенде интернет байланысымен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аталған көрсеткіш 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда салыстырғанда 2,3%-ға артқан. 2024 жылы 149 елді мекенде интернет сапасы жақсарған. 2025 жылы 120 елді мекенде интернет сапасы жақсарту жоспарланып отыр. 35 аумақта 5G орнатылса, 48-інде жаңа базалық станция салынып, 72 елді мекеннің интернет жүйесіне модернизация жүргізіледі.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен мониторинг жұмыстарының нәтижесін зерделеу бойынша кезекті штаб отырысы өтті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары өңірде инфрақұрылым жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігерлермен кездесіп, сын-ескертпелер айтты. Салаға жауапты аудан, қала әкімдерінің орынбасарларының есебін тыңдап, атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады. Әр нысанды жеке қарап шығып, «сақалды құрылыстың» алдын алуды, жұмыстарды сапалы атқаруды тапсырды. Штаб отырысында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев өңірдегі елді мекендерді инфрақұрылыммен қамту жұмыстары туралы баяндады. Кемшіліктерге жол берген жауапты басшылар мен мердігерлерге жеке тоқталып, қатаң ескерту жасады.
Биыл облыстағы елді мекендерді табиғи газбен қамту бойынша 64 жоба қолға алынды. Жыл соңына дейін 34 елді мекенді қамтитын 38 жобаның құрылысын аяқтау жоспарлануда. Қалған 16 елді мекенді қамтитын 26 жоба келесі жылға өтпелі. Қажетті қаржы бөлінген жағдайда, жыл соңына дейін 45 елді мекендегі 84 мың халықты «көгілдір отынмен» қамту көзделуде. Нәтижесінде, облыстағы 608 елді мекен қамтылып (75,3%), 89,4 % тұрғын табиғи газға қол жеткізбек. Жалпы облыс елді мекендерін 2027 жылға дейін газдандырудың іс-шара жоспарына сәйкес, газдандырылған елді мекендер санын 765-ке жеткізу көзделуде. Тиісті қаржы қаралған жағдайда, жоспар толық орындалмақ. Электр энергиясымен қамтамасыз ету бойынша биыл 45 нысанның құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 23 нысанды пайдалануға тапсырып, 19 елді мекендегі 28,2 мың халықты сапалы электр энергиямен қамту жоспарлануда. Қазіргі таңда 18 нысанның құрылыс жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Сонымен қатар Төлеби ауданында 110 кВ-тық «Алатау» және Жетісай ауданындағы 110 кВ-тық «Жетісай» қосалқы станцияларының құрылыс жұмыстарын аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда.
Инфрақұрылым нысандарына облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Сарыағаш ауданына қарасты Әлімтау ауылдық округінде елді мекен тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ауылдық округке қарасты Көктал елді мекенінде 5 дана электр бағаналарын, оған қоса ұзындығы 200 метрлік электр желісін жаңарту жұмыстары жүргізілді. Аталған жұмыстардан кейін елді мекенге қарасты 17 тұрғын үй сапалы электр желісімен қамтылды.
Бүгінде Әлімтау елді мекенінде 8 дана бағананы жаңарту, 350 метр электр желілерін жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң 180-ге жуық тұрғын үй сапалы электр қуатымен қамтылатын болады. Айта кетсек, аталған елді мекен көшелеріндегі ескірген ағаш бағаналардың орнына бетон бағаналар орнатылды.
Елді мекендердің 98%-ы орталықтандырылған электр желісімен қамтылған (817 елді мекен). Қалған 16 ауыл шалғайда орналасуына байланысты өзге де қуат көздерімен қамтылған (күн сәулесі панелі, дизелдьді генератор). Түркістан облысында 5 жылда 214 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілді. Биыл қосымша 47 елді мекен қамтылады. Электр қуатының тапшылығын «Самұрық-Қазына қорымен бірлесіп, 1 000 МВт бу-газ қондырғы стансасын (ПГУ) салу арқылы шешу жоспарлануда. Облыста «Транстелеком» АҚ тарапынан алдағы жылдары 12 аудан бойынша 18577 электр бағанасын орнату, 170 АЕМ-ге оптика тарту көзделген. Ал «Қазақтелеком» АҚ тарапынан 7 аудан бойынша 7221 электр бағанасын орнату, 25 базалық станция орнату, 11 АЕМ-ге оптика тарту жоспарлануда.