Түркістан облысы «Жайлы мектеп» жобасын үйлестіруде көш бастап тұр
Түркістан облысында 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» жобасы аясында 63 мектептің құрылысы жүргізіледі. Мектептердің жобалық қуаттылығы – 49 000 орын, 2024 жылы – 29 мектеп, 2025 жылы – 34 мектеп пайдалануға беріледі. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аталған жоба аясындағы жұмыстарды саралау үшін «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетовпен кездесті. Құрылыс барысындағы мәселелерді талқылап, өзара пікір алмасты.Бүгінде мектептерді инженерлік инфрақұрылыммен, су, электр, жылу желілері, кәріз жүйелері, кірме жолдар, интернет желілері, қоғамдық көліктермен қамтамасыз ету шаралары қабылданып, инфрақұрылым жоспары бекітілді.
Түркістан облысында демографиялық өсімнің жоғары болуына байланысты оқушы орындарының тапшылығы сезілуде. Сондықтан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ең көп оқу ошағы осы өлкеде тұрғызылады.
Бекітілген кестеге сай 29 оқу ұясы биыл қолданысқа берілмек, олардың 19-ы есіктерін қыркүйектің бірінде айқара ашпақ. Жобаны жүзеге асырудың екінші кезеңінде, яғни 2025 жылы тағы 34 мектеп халық игілігіне тапсырылады.Жиын барысында өңірдегі мердігерлердің қарқыны сөз болды. Мәселен, 2 мектептің құрылысына жауапты жергілікті «Ar Kua Group» ЖШС кестеден қалып барады. Шаруа қарқынын тапсырыс беруші «Samruk-Kazyna Construction» компаниясынан бөлек, жергілікті атқарушы органдар да өз бақылауына алмақ. Бұл ретте тараптардың қатысуымен апта сайын жиналыс өткізу жоспарда бар.
Пилоттық жобаның өңірде жүзеге асуын Түркістан облысының әкімі жеке бақылауына алған. Жұмыс өте қарқынды. Жергілікті әкімдік инженерлік желілерді жайлы мектептердің жер учаскесіне тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысын да алып қойған. Түркістан өңірі осындай ауқымда құжат әзірлеген жалғыз өңір. Бұл биыл салынуы тиіс 29 мектептің уақытылы тапсырылатынына күмән келтірмейді.
«Samruk-Kazyna Construction» басшысы болашақ білім ошақтарын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен уақытылы қамтудың маңыздылығына тоқталды. Сондықтан газ, су, жарық, жылу мен интернетті тартып, учаскенің 4 жағынан жол салу барысында мәселе туындаған жағдайда бірден шешу қажеттігін атап өтті.
2025 жылы қолданысқа тапсырылуы тиіс білім ұяларына арналған жер учаскелерін бөлу бойынша сұрақ та назардан тыс қалмауы тиіс. Жоғарыда аталғандай, 2024-2025 жылдары облыста тағы 34 жайлы мектептің құрылысы жоспарланған. Бүгінде 30 учаске бөлінген, ал 4-еуі бойынша жұмыс жүруде. Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға мәселелерді шешіп, жер телімдерін реттеуді тапсырды.
Облыс әкімі Президент жүктеген тапсырманы жергілікті жерде орындау үшін әкімдіктің жұмыла жұмыс істейтінін жеткізді. Осы жобаны жүзеге асыру бойынша арнайы штаб құрылып, жоспар бекітілген. Жуырда Дархан Сатыбалды жайлы мектептердің құрылысы мен жабдықтауына жауапты компаниялардың басын қосып, ауқымды жиын өткізбек. Мәселе тұрақты бақылауға алынған.