Четверг, 12 июня

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МЕН ШЕТЕЛДІК КОМПАНИЯ АРАСЫНДА ІСКЕРЛІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАРДЫ НЫҒАЙТУ ЖӨНІНДЕГІ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

0
17

Түркістан облысына инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Осы мақсатта Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ҚХР-дың Хэйлунцзян провинциясының вице-губернаторы Цисян Чжанды қабылдады. Кездесуде екі аймақ арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жолдары талқыланды. Өңір басшысы Түркістан облысының әлеуетін таныстырды.

15 индустриалды аймақ және жалпы аумағы 4000 гектар алаңды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы. Инвесторларға дайын өндіріс алаңдары ұсынылады. Сонымен қатар жаңа өндірістік жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін «Шағын өнеркәсіптік парктер» салынуда. Ауыл шаруашылығы – Түркістан облысы экономикасының негізгі драйвері. Осы салада және туризмге басымдық берілген. Мақта, ет экспорты жолға қойылған. Түркістан облысы мен Хэйлунцзян провинциясы арасында сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мен өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуды ұсынамыз – деді Нұралхан Көшеров.

Бір топ инвестор мен делегацияны бастап келген Цисян Чжан қонақжай пейілмен қарсы алған өңір басшысына алғысын білдірді. Аймақты дамытуға инвестиция тартуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, өндіріс орындарын ашуға қолдау көрсететінін жеткізді.

Кездесу барысында Түркістан облысы мен Хэйлунцзян провинциясы арасында бауырластық қарым-қатынастарды орнату туралы меморандумға қол қойылды. Хэйлунцзян – Қытайдың солтүстік-шығысындағы аймағы, 30 миллионнан астам халқы бар. Ауыл шаруашылығы, өндірісі дамыған аймақ. Енді осы аймақ пен Түркістан облысы арасында іскерлік байланыс нығаяды. Кездесуден кейін шетелдік инвесторлар облыстағы өндірістік алаңдарды аралап, әлеуетімен танысты.

Айта кетейік, соңғы 15 жылда Қытайдан тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 24 млрд. АҚШ долларына жетті. Ал Түркістан облысының көрші елмен өзара тауар айналымы 2023 жылдың қорытындысы бойынша 149 млн. АҚШ долларын құрады. Қытай Халық Республикасы Хэйлунцзян провинциясының вице-губернаторы Чжан Цисян Түркістан облысына арнайы іссапармен келді. Шетелдік делегация өңірдің өндірістік әлеуеті және инвестициялық жобаларымен танысты. Кәсіпорындарды аралауға облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков қатысты.

«Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Данияр Бектұрғанов көкөніс сақтау қоймасы, шағын өндірістік парктің мүмкіндіктері мен бүгінгі жетістіктерін сөз етті.  Қонақтар жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын BNK Group» өндіріс цехын, мектеп және медицина мекемелеріне арналған жиһаз өндіретін «Aqniet Holding» компаниясы, тоңазытқыш жабдықтарын өндіретін «Jasyl Suyq Qazaqstan» зауытында болды. Жуырда іске қосылатын бейнебақылау камераларын жасайтын «Бір белдеу бір жол» кәсіпорнының өкілдерімен пікірлесті. Кездесу соңында әріптестікті нығайту бойынша ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.

Сонымен қатар Түркістан облысындағы өндіріс саласының «өркендеу дәуірі», экономиканың қозғаушы күштерінің бірі ретінде қарқынды дамуы мен инвестиция тартудағы табысты қадамдары еліміздің өзге өңірлерінің қызығушылығын арттыруда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, Түркістан өңіріне инвестиция тарту және өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Өңірдегі өндірісті дамыту бағытындағы жұмыстардың барысымен танысу мақсатында Ақтөбе облысының арнайы делегациясы Түркістан облысына іссапармен келді. Басты мақсат – жаңа жобалардың жүзеге асырылу барысын зерделеу және тәжірибе алмасу. Өзара кеңесіп, үздік тәжірибелермен бөлісу. Яғни, өндірісте өнім көлемінің артуы, жаңа кәсіпорындардың ашылуы, технологияның жаңаруы, жұмыс орындарының көбеюі сияқты көрсеткіштердің жоғары қарқынмен өсуін көршілес өңірлер үлгі ретінде пайдалануға ниетті.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов бастаған делегация 13–14 мамыр күндері «TURKISTAN» ӘКК» АҚ Шағын өндірістік аймағының, «TURKISTAN INVEST» инвестиция тарту және экспортты дамыту жөніндегі аймақтық агенттігі» ЖШС-нің, «TURAN» арнайы экономикалық аймағы мен «Бадам» индустриялық аймағында орналасқан зауыттардың жұмысымен танысты. Делегация өндірісті дамыту және инвестиция көлемін арттыруға бағытталған бірегей жобалардың жүзеге асырылу барысындағы оң тәжірибемен бөлісті. Түркістан тәжірибесін өз өңірлерінде енгізуге өзге де облыстар қызығушылық танытып отыр.

Айта кетейік, отандық өндірісті дамыту және қайта өңдеуді қолдау мақсатындаТүркістан облысында 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы жүзеге асырылуда. Болашақта жоба кеңейтіліп, 308 млрд теңге инвестиция тартылып, 150-ден аса өндірістік ғимарат салынады және 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Қазірдің өзінде онға жуық зауыт іске қосылған.

 

Leave a reply