Пятница, 13 июня

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ СОЗАҚ АУДАНЫ УРАН ӨНДІРІСІНЕН ЖЕТЕКШІ ОРЫНДА КЕЛЕДІ

0
13

Қазатомөнеркәсіп-Сауран ЖШС – Қазақстанның уран өндірісіндегі жетекші кәсіпорындарының бірі. Бұл компания табиғи уран өндірумен, уранның шала тотығы және табиғи уранның химиялық концентратына дейінгі өңдеуді жүзеге асырады. 2006 жылы құрылған кәсіпорынның негізгі кен орындары Түркістан облысындағы Қанжуған, Орталық Мойынқұм және Мыңқұдық болып табылады.

Кәсіпорында 1 300-ден астам адам жұмыс істейді, олардың 95%-ы – Созақ ауданының жергілікті тұрғындары. Компания жергілікті инфрақұрылымды дамытуға белсенді қатысады. Мысалы, 2009 жылдан бастап 4,8 миллиард теңгеден астам инвестиция салып, әлеуметтік жобаларды жүзеге асырды.

Компания желіде тараған апат туралы ақпаратты теріске шығарды. Олардың мәліметінше, Созақ ауданындағы геотехнологиялық полигонға радиоактивті уран төгілген жоқ. Созақ ауданында индустриалды аймақта бірнеше жоба іске асырылуда. Мысалы, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАҚ АҚ күкірт қышқылын өндіру жобасы 2025 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Бұл жобалар өңдеу өнеркәсібі саласында жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті экономиканы дамытуға бағытталған.

Созақ ауданындағы уран өндіру саласы аймақтың экономикасына елеулі үлес қосып отыр. Кәсіпорындар жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға белсенді қатысуда. Алдағы уақытта жаңа жобалардың іске асуы ауданның индустриалды әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Осыған байланысты Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповпен кездесті. Кездесу барысында компанияның Түркістан облысын дамытуға қолдауын күшейту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру, әріптестікті нығайту жолдары талқыланды. Компанияның Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен оның инфрақұрылымын дамытуға аударымдарын кезең-кезеңімен ұлғайту мәселесі де сөз болды.

– Облыс аумағында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-на қарасты 12 компания жұмыс істейді. Олардың 10-ы уран өндірумен айналысады, 1 компания барлау жұмыстарымен және 1 компаниясы электр энергиясын тасымалдау қызметін атқарады. Компанияның облысқа қолдауын күшейту, Созақ ауданының елді мекендеріне әлеуметтік және демеушілік көрсету бойынша бірлесе жұмыстар атқаруды ұсынамын. Бір колледжді сенімгерлік басқаруға алып, тиісті кадрларды даярлауға да үлес қосады деп сенемін, – деген Нұралхан Көшеров уран өндіруші бірлескен кәсіпорындарының бас кеңселерін Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіру мәселесін де қарастыру жөнінде ұсынысын жеткізді.  «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ-ның басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов компания өзінің әлеуметтік жауапкершілігін сезінетінін, әлеуметтік нысандар салуға демеушілік көрсетілетінін атап өтті. Ұсыныстарды зерделеп, қарастыратынын айтты.

Айта кетейік, 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында Түркістан облысының тау-кен өндіру өнеркәсібінде 153 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, НКИ 114,1% -ды құрады. Түркістан облысының тау-кен өндіру өнеркәсібінің 98%-ы және өңдеу өнеркәсібінің металлургия саласының 99,8% үлесі «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-на тиесілі.

Биыл Қыземшек кентінде 1 млрд теңгеден астам қаржыға ірі жобалар іске асырылмақ. Аталған жобалар аясында кенттегі әлеуметтік, инфрақұрылымдық және абаттандыру бағытындағы бірқатар маңызды жұмыстар қолға алынады. Атап айтқанда, Шолақ-Еспе су тарату желілері мен резервуарлар, жылу жүйесі мен жылу қазандықтары және мәдениет үйі ағымдағы жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, Орталық көшеде шағын футбол алаңы салынып, №22 және №23 үй аулаларында балалар ойын алаңшалары орнатылып, көркейту және көгалдандыру жұмыстарына басымдық беріледі. №21 үйдің артында орналасқан аллея жөнделіп, жаяу жүргінші жолы төселеді. 40 шаршы метр аумақ қоршалып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылады. Әкімдік ғимаратының жанынан тағы бір шағын футбол алаңы бой көтермек.

Сондай-ақ №20 үйдің алды мен Шұғыла көшесіне балалар ойын алаңшалары орнатылады. Жаяу жүргізушілер жолағы мен баскетбол алаңына, сондай-ақ орталық саябақ алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. №20 үйдің артында орналасқан аллея да абаттандырылады. 1 және 2 мөлтек аудандардағы бірнеше көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мектепке апаратын жолға арнайы велосипед жолағы және жол белгілері орнатылады. Бұл жөнінде бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Қыземшек кенті тұрғындарымен кездесуде мәлімдеді. Жиында аудан басшысы тұрғындарға атқарылатын жұмыстар туралы кеңінен ақпарат беріп, ұсыныс-пікірлеріне құлақ асты. Кездесу соңында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, көтерілген мәселелер бойынша жауапты сала мамандарымен бірлесіп шешу жолдарын қарастырды. Сонымен қатар, коммуналдық саланың тиімділігін арттыру мақсатында алынған техникалардың жай-күйімен танысып, жөндеуден өтетін мәдениет үйін аралап көрді.

 

Leave a reply