ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫДА БИЫЛ 500 ЖҰМЫС ОРНЫМЕН ТІГІН ФАБРИКАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Ордабасы ауданында биыл инвестициялық құны 37,7 млрд теңгені құрайтын 12 жоба жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде ауданда 1 212 жұмыс орны ашылады. Бұл жайында брифингте аудан әкімі Азат Оралбаев мәлімдеді.
«Бүгінде ауданда тұрғындарды жұмыспен қамту аясында біршама жұмыстар атқарылуда. Осы орайда «Jnray» ЖШС-і тігін фабикасын іске қоспақ. Жоба аясында 500 жұмыс орны құрылады. Одан бөлек, «Central Аsia Aluminum» ЖШС-ң алюминий профильдерін өндіру жобасы аясында 200 жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, алдағы уақытта аудандағы «Бөрте милка» сүт өңдеу зауыты өндірістік қуаттылығын тәулігіне 8 тоннаға дейін ұлғайтуды қолға алған. Бұдан бөлек, мал бордақылау кешендерін салу және балық шаруашылығын дамыту жобалары іске асады»,- дейді аудан әкімі.
Айта кетсек, аудандағы 57 елді мекеннің 54-і сапалы ауыз сумен қамтылған. 2025 жылға қарай аудан тұрғындары 100% таза, сапалы ауыз сумен қамтылмақ. Сонымен қатар, ауданда 57 елді мекеннің 16-сы табиғи газбен қамтылса, жыл соңында тағы да 7 елді мекен газға қосылмақ.