ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРДА КӨГАЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН
Бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудандағы көгалдандыру жұмыстарының барысын көріп, белгіленген «Жасыл аймақтардағы» егілген көшеттерді күтіп-ұстау жұмыстарын пысықтады.
Аралау барысында аудан әкімі көгалдандыру аймақтарында егілген көшеттерді суғару жұмыстарын сапалы ұйымдастыру керектігін айтып, жауапты сала мамандарына ағаштардың өсіп-жетілуі мен қорғалуы бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Шәуілдір-Темір бағытындағы жол бойын көгалдандыру мақсатында 1000 түп қара ағаш көшеттері егілген. Аталған көшеттер «Сплинкер» арқылы шашыратып суғару әдісімен суғарылып келеді. Бүгінде аталған көшеттердің 90 пайыздан астамы өнген.
Жалпы сенбілік қоршаған ортаны таза ұстауға, экологиялық тазалықты сақтауға атсалысу, туған жерге деген сүйіспеншілікті оятуға бағытталған. Сондай-ақ аудан, қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған.
«Әрбір көшет, жасыл желекке су барып тұруы тиіс. Көшеттер тұрақты суғарылғанда ғана өсіп-жетілу пайызы артады. Сондай-ақ, жергілікті жердің климатына бейімделген төзімді ағаштарды еккен жөн. Көшеттерді еккен соң тамыр алып кеткенше арнайы қорғауды да қамтамасыз ету қажет», – деген аудан басшысы көгалдандыру аймақтарының қоршауларына да жіті мән беру керектігін атап өтті.
Түркістан облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында 6 сәуір мен 11 мамыр аралығында тазалық шаралары жүргізілді.