ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРДА АУҚЫМДЫ СЕНБІЛІК ӨТТІ

0
62

Бүгін “Таза Қазақстан” экоакциясы аясында аудан орталығы Шәуілдір ауылында ауыл тұрғындары мен барлық мекеме қызметкерлерінің қатысуымен жалпыхалықтық сенбілік өтті.

Сенбілік жұмыстары барысында көшелер мен саябақтар, арық-атыздар тазаланып, егілген көшет талдар суғарылды. Сенбілікке шыққан көпшілік бірлесіп орталық көше бойларындағы қоршауларды сырлап, ретсіз ағаш бұтақтарын шауып, әрлеу жұмыстарын жүргізді. Одан бөлек арнайы орындар мен мекемелердің қоршаулары сырланып, аудан орталығындағы Ұ.Арғынбеков, Жібек Жолы даңғылдары мен С.Ерубаев, Д.Алтынбеков, М.Әуезов, Н.Оңдасынов көшелерінің бойындағы қураған арам шөптер оталып, қоқыс қалдықтары тазартылды.

Көпшілікті тазалыққа, табиғатқа жанашырлық танытуға үндеген шара тек мемлекеттік, бюджеттік сала қызметкерлері тарапынан ғана емес, жергілікті тұрғындардың да қызу қолдауына ие болды. Сенбілік жұмыстарына аудан орталығынан бөлек барлық ауыл округтерінің тұрғындары да қатысып, белсенділік танытты.

Жалпыхалықтық шара барысында ауызбіршілік пен ынтымақтың ерен үлгісін көрсеткен көпшілік көңілді әрі белсенді қимылдап, тазалық жұмыстарына біркісідей атсалысты.

Ауданға өзге өңірлерден келетін қонақтар мен шет елдік туристер жүріп өтетін негізгі күре жолдың бірі аудан орталығындағы «Жібек Жолы» даңғылы. Сондықтан аталған жол бойындағы абаттандыру жұмыстары мен тазалықты сақтау шараларын үнемі қадағалап отырудың маңызы зор.

Осы мақсатта бүгін «Таза Қазақстан» республикалық экоакциясы аясында тазалық шаралары жалғасын тауып, ескерткіштер мен аяқжолдардың бойы қоқыс қалдықтарынан тазартылып, қоршаулар сырланды. Аталған жұмыстарға аудандық «Отырар-2050» мекемесінің қызметкерлері, қоғамдық жұмысқа қатысушы азаматтар мен ауыл тұрғындары қатысты.

«Қобыз бен домбыра» композициясынан бастау алған тазалық шарасына аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы да атсалысып, тұрғындармен бірге сырлау жұмыстарын жүргізді.

Аудан басшысы ауланың таза болуы өзгелер үшін ғана емес жергілікті тұрғындар үшін де қажет екенін айтып, сенбілік жұмыстары тұрақты ұйымдастырып отыру керектігін атап өтті. Жалпы Отырар ауданында тазалық жұмыстары тұрақты ұйымдастырылып келеді. Аудан орталығынан бөлек барлық ауыл округтерінде өтіп жатқан сенбілік барысында көшелер мен саябақтарды қоқыс қалдықтарынан тазарту, каналдар мен елді мекен ішіндегі арық-атыздарды тазалау жұмыстары атқарылуда. Бүгінгі таңда аудан көлемінде ұйымдастырылған экоакция аясындағы 62-ден аса тазалық жұмыстарына 15388 адам қатысып, 47 арнайы техника жұмылдырылған.

Leave a reply