ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРДА БИЫЛ 100 ШАҚЫРЫМНАН АСТАМ ЖОЛ ЖӨНДЕУДЕН ӨТЕДІ
Биыл Түркістан облысындағы автомобиль жолдарын жақсартуға бюджеттен 37,6 млрд теңге қаржы бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы ұзындығы 1100,3 шақырымды құрайтын жолдар мен көшелер немесе 244 нысанды қамту жоспарланып отыр.
Жыл қорытындысымен 546,6 шақырым болатын 149 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат жиынында облыс бойынша 2024 жылға жоспарланған автомобиль жолдары саласын дамытудың орындалу барысы туралы баяндалды. Облыс басшысы сапаны назарда ұстамаған, жұмыс барысында орын алған кемшіліктерді қалпына келтірмеген аудан, қала басшылары мен жауапты тұлғаларды сынға алып, тиісті тапсырмалар берді.
Отырар ауданында автомобиль жолдары және елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 863,3 шақырымды құрайды. Оның ішінде облыстық маңызды жолдар – 325,9 шақырым, аудандық маңызы бар – 109,7 шақырым жол, ал елді мекен көшелері – 427,7 шақырым. Биыл Отырар ауданында 81,1 шақырымды құрайтын 33 нысанның жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Аудан әкімінің орынбасары Жансұлтан Сейтжанов аймақтағы жол жөндеу жұмыстарының барысын қадағалап, мердігерлерге жұмысты сапалы және уақытында тапсыруды жүктеді. Аудандағы туристік бағыттағы маңызды жолдардың бірі – Отырар қалашығына кіре берістегі жол. Нысанның жалпы ұзындығы – 1,7 шақырым. Бұған дейін аудан тұрғындары тарапынан жиі көтеріліп келген мәселе бүгінде өз шешімін тауып, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Айта кету керек, аудандағы елді мекендердің көшелеріне «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында тиісті қаржы бөлініп, 16 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, аудан бюджеті есебінен жалпы ұзындығы 30,7 шақырымдық елді мекен көшелеріне орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Аудандық маңызы бар жолдарды ретке келтіру жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Осы жылы 19 нысан немесе 97,3 шақырым жол күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтуға қаржы қаралған. Оның 31 шақырымдық 8 нысаны және 4 көпірі жыл соңына дейін аяқталады.
Елді мекен көшелерінің сапасы да назардан тыс қалмайды. Биыл елді мекендерде 191 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. 630,6 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жоспарланып, жыл соңына дейін 331,3 шақырымдық 122 нысан пайдалануға тапсырылады. 2024 жылдың қорытындысымен жалпы 194,6 шақырым жолды пайдалануға тапсырып, жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 93,7%-ға жеткізу көзделуде.
Нысандардағы жұмыстар мен қолданылып жатқан материалдардың сапасы автор, техникалық қадағалаушы мекемелерден бөлек, Ұлттық сапа орталығының Түркістан облысы бойынша филиалының тұрақты бақылауында. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде 343 кемшілік анықталды. Жауапты мекемелерге ескерту хаттар беріліп, 5,7 млн теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ 55 000 м2 жол негізі мен асфальт жабындысы бұзылып, қайта салынды.
Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 702 шақырымды құрайды. Оның ішінде, республикалық маңызы бар жолдар – 723,1 шақырым (нормативтік жағдайы – 95%), облыстық және аудандық маңызы бар жолдар – 5717 шақырым (нормативтік жағдайы – 93%), елді мекендердің көшелері – 11 268,2 шақырым (нормативтік жағдайы – 70%). Елді мекендердегі жөндеуді қажет ететін көшердің жалпы ұзындығы 3380,5 шақырымды құрайды.