ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРДА ШІРКЕЙГЕ ҚАРСЫ ДӘРІЛЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

0
74

Түркістан облысында шіркейге қарсы күрес шаралары белсенді түрде жүріп жатыр. Бұған дейін 30 мың килограмға жуық биологиялық препарат суға жіберілген. Ал қазіргі таңда соның негізгі ошағына айналып отырған Отырар ауданында химиялық дәрілеу жұмыстары басталды. Бүгін бір топ БАҚ өкілдері жүргізіліп жатқан жұмыс барысымен танысып қайтты.
Бүгінде тұрғындарды алаңдатқан мәселені шешуге ғалымдар да атсалысып отыр. Ғылыми сүйемелдеу жұмыстарын жүргізген Зоология институтының аға ғылыми қызметкері Қаршыға Көшкімбаев пен «Защита-растений-К» ЖШС-нің энтомолог-мамандары Отырар ауданы мен Арыс қаласының шекаралық аумағында орналасқан «Көксарай» су реттегіші шіркейдің таралу, яғни дернәсілдерінің жетілу ошағы болып отырғанын жеткізді. Ғалымдармен шіркей дернәсілдерінің жетілуі, залалсыздандыруға қажетті дәрілерді суға жіберу мезгілі мен мөлшері жіті нақтыланып, ақпан айынан бастап жергілікті тұрғындардың қатысуымен шіркейлердің имогаларына, өзендегі дернәсілдерге үзіліссіз бақылау жасалған болатын.
БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген мердігер ұйым өкілі Тағабек Қалшораев дезинфекциялау жұмыстарын Түркістан, Кентау, Арыс қалаларында және Шардара, Отырар, Мақтаарал, Келес аудандарында жүргізіп жатқандығын жеткізді. Сонымен қатар қанатты шіркейлерді толығымен төмендетуді мақсат етіп отырғанын атап өтті. Мамандар шіркейлер соңғы 8-10 жылда көбейгенін алға тартып отыр. Сырдария өзенінің бойында шіркейлердің жалпы 8 түрі анықталған. Ең қиыны, шіркейлер 2 апта сайын көбейеді, дейді мамандар.
Қазіргі таңда Сырдария өзені және Көксарай су реттегіш бойында орналасқан елді мекен аумақтарында шіркейлерге қарсы дезинсекция шараларын «Satti Tulik» ЖШС жүргізуде. Мердігер ұйым ғылыми негізде нақтыланған тұжырымдама аясында күрес шараларын биологиялық препараттарды суға жіберу әдісі, ал су қорғау аймақтарындағы ағаштардың бұталары мен елді мекен, демалыс аумақтарында химиялық өңдеу әдісі қолданылады.
Айта кетейік, дезинсекция жұмыстары биылғы жылдың ақпан айында басталған. Тұрғындар мен төрт түлікті әбігерге салған қанаттыларға қарсы жұмыстар ғылыми негізге сүйене отырып жасалады. Сырдария өзенінің флорасы мен фаунасына зиян тигізбей, тек шіркейлердің санын азайтып, жергілікті тұрғындардың күнделікті тіршілігіне қолайлы жағдай жасау жұмыстары шілде айына жүйелі түрде жалғасады. Бұл бағыттағы жұмыстарды қамтамасыз ету үшін 42 техника, 96 жұмысшы күші жұмылдырылған, қосымша техника қажет болған жағдайда мердігер мекеме өз тарапынан жұмылдыруға дайын.

Leave a reply