Пятница, 20 сентября

ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРДА «ҒАЛАМАТ» БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

0
34

Бүгін Отырар ауданында «Ғаламат Грант» білім беру орталығы ашылды. Орталықтың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Жансұлтан Сейтжанов қатысып, білім беру мекемесінің жұмысына сәттілік тіледі.

Аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде: «Мектеп бітіруші оқушылардың білім деңгейін көтеріп, өзін үздіксіз шыңдай түсуі үшін осындай орталықтардың тиімділігі жоғары. Білімді, саналы, сыни ойлайтын, шығармашыл, әлемдегі өзгерістерге бейім, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, бәсекеге қабілетті, өз ұстанымы бар тұлға қалыптастыру бағытын ұстанған орталықтың келешегі мен мүмкіндіктері көп деп санаймын. Ендеше аудандағы білім сапасының жақсаруына қызмет ететін орталық мамандарының жұмысына сәттілік тілеймін», — деді.

Айта кету керек, «Ғаламат Грант» білім беру орталығында 12 педагог қызмет етеді. Орталықтың негізгі міндеті ҰБТ қорытындысының нәтижелі болуына ықпал жасау, түлектердің білім деңгейін жоғарылату, өздігінен білім алуға және алған білімдерін тиімді пайдалануға дағдыландыру болып табылады.
Жалпы Отырар ауданында 2023-2024 оқу жылында 824 оқушы мектеп бітірген. Олардың 704-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдіріп, түлектердің 67-сі «алтын белгі», 96-сы оқушы – «Үздік аттестат» иегері атанған.

Leave a reply