Saturday, November 23

ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРЛЫҚ ТҰРҒЫН ТАМШЫЛАТЫП СУҒАРУ ӘДІСІМЕН 40 ГЕКТАРҒА БИДАЙ ЕГУДІ ЖОСПАРЛАУДА

0
75

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында аймақтарға ауыл шаруашылығының егіс алқаптарында суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, мейлінше құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейту, су үнемдейтін технологияны көптеп енгізу және суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыру жөнінде тапсырма берген болатын.

Бұл тәсіл – әлемде ауыл шаруашылығы өнімін өндіруден, экспорттаудан үздік елдердің бірі – Израиль мемлекетінде кеңінен қолданылады.

Бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы жұмыс сапарымен Қарақоңыр ауыл округіне барды. Іс-сапар барысында алдымен Бестораңғыл ауылындағы «Шәуілдір бас тоспасын» көріп, мамандармен шаруаларға ағын су жеткізу мәселесін талқылады. Аудан басшысы Бадам және Қара аспаннан келетін болжамдық су көлемін бақылауға алып, қажет кезінде шаруаларға су жеткізуді реттеп отыруды жауапты сала мамандарына тапсырды.

Мұнан соң аудан әкімі «Green Farm» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шаруашылығында болып, заманауи технологияның игілігін көрген кәсіпкермен кездесті. Шаруашылық төрағасы Сейітжаппар Ахмет 10 гектар жерге жаңбырлатып суғару техгологиясын қолдану арқылы арпа, бидай еккен. Бүгінде шаруа дайын өнімді жинап алып, орнына мал азығына қажетті түркиялық «Пи» және «Сорго» жоңышқа сортын егіп отыр. Кәсіпкер болашақта егіс көлемін ұлғайтып заманауи әдісті қолдану арқылы қосымша 40 гектар жерге күздік бидай егуді жоспарлап отырғанын айтты.

Шаруашылықтың алдағы жоспарларымен танысқан аудан әкімі кәсіп иесінің жұмысына оң бағасын беріп, қажет болған жағдайда кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Заманауи технологияның көмегімен ағын суды үнемдей отырып егістік алқапты игеруге болатынын өзге де шаруаларға дәріптеп, жаңа әдісті қолдану арқылы мол өнім алуға болатыны жайында кеңінен ақпараттандырудың маңыздылығын атап өтті.

Тамшылатып суару – өсімдіктің тікелей тамырлық зонасына құбырлар, түтіктер, эмиттер көмегімен суды баяу тамшылату арқылы суаруға мүмкіндік теретін тәсіл. Сонымен қатар, оны тыңайтқыштарды үнемдейтін ерекше суару түрі деп те атайды. Тамшылатып суару әдісі бүгінде Батыс Еуропа елдерінде кеңінен қолданылады. Ақылды технологияларды агросалаға енгізгелі бұл тәсіл шет елдерде арнайы құрылғылардың көмегімен жұмыс жасауда. Алайда, бұл жаңа технологиялар тамшылатып суару әдісінің жақын аралықта пайда болғанын білдірмейді. Оның тарихы б.з.б. І ғасырдан бастау алады.

Leave a reply