ТҮРКІСТАН – РУХАНИ-МӘДЕНИ ДАМУ ЖОЛЫНДА
Осыдан тура 4 жыл бұрын киелі өңір Түркістан қаласы облыс орталығы статусын алып, түркі әлеміне даңқы шыққан шаһар тұрғындары шаттанған еді. Содан бері қасиетті қаланың дамуы төрт бағытта өрбіді. Рухани-мәдени тұрғыда даму көшіне ілесу үшін Үшінші бағыт бойынша ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Бүгінде хандар мен билер, абыздар мен игі жақсылар мәңгі тыныс тапқан мекенге келетін туристер саны күн санап емес, сағат сайын артып келеді. Оларға көк күмбезді кесене алыстан мен мұндалап қол бұлғаса, шырайлы шаһардың руханиятын көрсететін орындар да бой көтерді.
Кезінде тақыр жер болып жататын орынға бүгінде ел мен қаланы, Нұр-Сұлтан мен Түркістанды байланыстыратын әуежай салынған. Қанаттарын кеңге жайған ұшаққа жайғасқан жолаушылар жедел діттеген жеріне жете алады. Түркістанға саяхат жасаушылардың көбінің әуежайдан қалаға беттейтіні анық. Алыстағы ағайынның Түркістанды көру құмары басылған емес. Себебі, көптің аузында Венеция ұғымымен жүрген «Керуен Сарай» көпсалалы кешенінің көркемдігі өз алдына бір төбе. Одан бері кесенеге қарай беттей қалсаңыз, ұлы әл-Фараби есімімен егіз «Farab» кітапханасының сыртқы көрінісі де көздің жауын алады. Ғылым мен білімнің, техника мен ілімнің озық ордасы саналатын кітапхана айналасында таңдай қақтыратын ғимараттар қаз-қатар орын тепті.
Солардың арасында Қазақстан бойынша «Hampton by Hilton» қонақ үйлер желісінің бірі біздің қалада. Ал, қонақүйге орналасқан меймандар сыртқа шығып, оң жаққа бұрылса, әлемдік әртістерді басып озатын сахна саңлақтары түрлі ролдерді сомдайтын рухани орда театрға кіре алады. Түркістан музыкалық драма театры еңсе тіктеп, есігін айқара ашқалы көрермен көңілінен шығар қойылымдарды ұсынып келеді. Түркістанға табаны тиген туристер «Алтын самұрықтың» атын естісе болды 9 D форматындағы сахнаны еріксіз елестетері анық. Түркістаннан ұшу орындығына жайғасқандар Қазақстанның төрт бұрышын аралап, тұмса табиғат пен әр қаланың ғимараттарын тайға таңба басқандай көзбен көріп, ерекше әсерге бөленіп шығады.
Балалардың жан-жақты дамуына, ой-өрісінің жоғары деңгейде қалыптасуына «Оқушылар сарайы» мен «Ақжайық» музыка мектебі дәнекер іспетті. Білікті мамандар мен тәжірибелі педагогтар осы қос білім ордасында үйірмелерді үздіксіз жүргізіп келеді. Ал, нағыз мәдениеттің қайнаған ошағы «Конгресс-Холл» көпсалалы кешенінде дер едім. «Неке сарайы» жаңадан бой көтерген ғимараттардың қатарында өзіндік мәнге ие. Себебі, жаңа өмірге қадам басқан қос ғашықтың махаббат мекені тәрізді. Бұрындары қалаға келген мейманды кесене мен Есім хан алаңын айналдыруға ғана алып барсақ, бүгінде қыдыратын орындар мен фотоға түсетін жерлер жетерлік. Солардың бірі – «Жібек жолы» саябағы мен «Түркістан арена» стадионы. «Ханшайым плаза», «Ұлы дала елі» орталықтары Түркістанның жаңа келбетін қалыптастарған ғимараттар тізбесінде. Осындай таңдай қақтырар өзгерістерді көк жәшіктен көрсетіп, көгілдір экранға ұсынып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын бір арнаға тоғыстырған Алматы қаласының Түркістанға тартуы ретінде салынған «Алатау» медиа орталығының орны ерекше.
Қаланың рухани-мәдени даму барысында ұлттық тағамдарды ұсынатын тамақтанатын орындарды да атап өтуге негіз бар. Атаулары брендке ие «Сандық», «Каусар», «Жеті тандыр» сынды мейрамханалар туристердің талғамдарынан шығып, қызмет көрсетіп жатқаны да жасырын емес. Түркістан – қазақтың ғана емес, күллі түркі халқының қасиетті орны. Қасиетті қала туризімінің ерекшелігі – көлік-логистика қызметінің арзандығы, қонақүйлер бағасының қолжетімділігі, құнарлы тағам және сапалы қызмет түрлерімен ерекшеленбек.
Қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй ұсынып, рухани-мәдени демалыс сыйлап, маңызды ісшараларды өткізуге үлес қосып жүрген Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұжымын ауыз толтырып айтуға болады. Неге десеңіз, бүгінде бастарында тұрақты баспаналары болмаса да, ғимараттың шалғайдығына қарамастан жоспарға сәйкес ісшараларды күнтізбеден түсірген емес. Айтулы даталар мен ресми ісшаралар да, ыстық пен суыққа қарамай, уақыт пен сағатқа бағынбай өнерлі өнерпаздар шуақ шашқан Түркістанның шарапатын арттырып келеді. Осындай рухани-мәдени дамудың даңғыл жолына түскен Түркістан облысының төрт жылдығы құтты болғай. Рухани тұрғыда дамып, мәден бағытта құлашы кеңге қанат қақсын!
Ақмарал Ғаниқызы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі.