ТҮРКІСТАН: САЙРАМДАҒЫ КӘСІПОРЫНДАРДЫҢ ӨНІМДЕРІ РЕСПУБЛИКА НАРЫҒЫНДА СҰРАНЫСҚА ИЕ

0
21

Түркістан облысында кәсіпкерлік саласы қарқын алып келеді. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры ұйымдастырған баспасөз туры барысында бірнеше өндіріс орнының жай-күйі сараланды. Соның ішінде Сайрам ауданындағы «Наурыз-5» ЖШС-не барып, сұранысы артқан өнімдерімен танысты.

Кәсіпорын «Korkem» сауда белгісімен жеміс пен көкөністер өңдеумен, консервілеумен айналысады. Компания 2023 жылы «Қазақстан Халық Банкінен» жабдықтар сатып алуға жылына 21,75%-бен несие алған. «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасына қатысудың арқасында оның 16,75%-ын «Даму» қоры субсидиялайды. Барлық өнімдер МемСТ бойынша сертификатталған. 2002 жылы негізі қаланған өндіріс орны тәулігіне 10 тоннаға дейін консервленген өнімдер (джем, тұздық, тосап, паста т.б) шығаратын әмбебап технологиялық желімен қамтылған. Бұндай заманауи жабдықтар сатып алу мақсатында қомақты инвестиция салынған. Өнім еліміздің барлық облысында сатылады. Консервілер жасауға жоғары сапалы өнімдер, салат, томат тұздықтары, маринадтар мен джемдер үшін жаңа піскен көкөністер мен жидектер қолданылады. Оның барлығы компанияның өз рецептімен дайындалады. Айына орта есеппен 50 тоннадан астам өнім нарыққа шығарылып отыр.

Ауданда бұдан бөлек полиэтилен және поливинилхлорид құбырларын шығаратын зауыт жұмыс істеп тұр. Кәсіпорын өнімдеріне соңғы кездері сұраныс та артқан. Себебі, су, газ жүйелері мен дренаждық ұңғымаларды ауыстыру ісі өңірде қарқын алған. Әрі ауыл-аймақты газдандыру белсенді жүріп жатыр. Мемлекеттік бағдарлама негізінде іске қосылған «Оңтүстік Қазақстан полиэтилен құбырлары» зауыты бастапқыда резеңке мен пластик бұйымдар шығарса, кейіннен су құбыры өндірісін қолға алған. Қазіргі таңда 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылған зауытта полиэтилен және поливинилхлорид құбырларының түр-түрі шығарылады.

Дайын өнім негізінен газ бен суды тасымалдауға және құрылысқа пайдаланылады. Мұнда жылына қалыңдығы 630 миллиметрге дейінгі ірілі-ұсақты 10 мың тонна полиэтилен құбырлары өндіріліп, еліміздің бірнеше аймағына жөнелтіледі. Ал диаметрі 400 миллиметрді құрайтын поливинилхлорид құбырларын еліміз бойынша жалғыз осы зауыт өндіреді екен. Жалпы зауытта жұмыстың басым бөлігі авто-маттандырылған. Өндіріске қажетті барлық техника Германиядан әкелінген. Немістің «Крас Маффай» фирмасының қондырғылары. Мұнай қалдығынан жасалатын полиэтилен грануласы елімізде Павлодар қаласында ғана шығарылады. Алайда ол тапсырыс беруші көптеген кәсіпорындардың технологиясына сәйкес келмейді екен. Сол себепті, өндіріске қажет шикізат қазір тек көршілес Өзбекстаннан жеткізіледі. «Оңтүстік Қазақстан полиэтилен құбырлары» зауыты кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында мемлекеттік қолдауға ие болған. Қазір кәсіпорынның жылдық тауар айналымы 4 млрд теңге.

Сайрам ауданы, Ақсукент ауылында «BELLA MEBEL» брендімен өнім шығаратын жиһаз фабрикасы 2017 жылдың мамыр айынан бері жұмыс істеп тұр. Бүгінде компания Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі жиһаз нарығында өз орнын ойып тұрып алды деуге болады. Бұл отбасылық бизнеске Дилдора Нуриддинова көп кәсіпкерлер сияқты саудадан келді. Бастапқыда олар Сербия мен Италияда жасалған жиһаздарды көтере сатумен айналысатын. Жиһаздың түр-түрін көріп жүріп олар осындай дүниелерді өздері шығаруға бел буды. Нәтижесі жаман емес. Қазір фабрикада жүзден астам білікті маман жұмыс істейді. Жұмсақ жиһаздың 120 түрі шығады. Компания жиһаз өндірісіндегі айналым қаражатын толықтыру үшін жылына 21,75%-бен 2022 жылы «ForteBank»-тен несие алды. «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасына қатысудың арқасында оның 13,75%-ын «Даму» қоры субсидиялайды.

Leave a reply