Воскресенье, 2 марта

ТҮРКІСТАН: САЛТ-ДӘСТҮРДІҢ СӘНДІ БЕЛГІСІ — ҰЛТТЫҚ КИІМДЕР

0
17
Көшпелі салт ұстанып, күнделікті өмір дағдысы ат үстінде өткенімен қазақ халқының киіну мәдениеті өте ерекше болған. Зерттеушілердің жазуынша, сонау сақ, үйсін, ғұн дәуірінің өзінде-ақ бабаларымыз жібек, атлас секілді қымбат матадан тігілген киімдер киіп, асыл тастармен көмкерілген әшекейлер таққан. Осы орайда кезекті мақаламызда Түркістан облысының тұрғындарына салт-дәстүріміздің сәнді белгісіне баланатын ұлттық киім түрлерін атап өтпекпіз. Күпі – матамен тыстап, ішіне қойдың, түйенің жабағы жүнін салып тігетін ұлттық сыртқы киім. Күпі әрі жеңіл, әрі жылы болғандықтан оны ерлер де, әйелдер де, балалар да кие берген. Әйелдер күпісінің жағасы кестеленіп, жеңiне құндыз салынып сәндеп тігіледі. Ол әсіресе жазғытұрым және күзгі қара суықта киюге қолайлы. Күпіге тартатын жүнді жылы суға жуып кептіреді де, бетіне бидай шүберек салып көктейді. Күпінің тысына барқыт, мәуіті сияқты мықты әрі қалың, әрі кір көтеретін бір түсті мата пайдаланылады. Шекпен – жүннен тоқылатын сырт киім түрі. Шекпен киімі тек қана түйе жүнінен тоқылатындықтан жылы болады. Жазда күн өтікбейді. Сол себепті жазда да кие береді. Қара түсті барқыт пен масатыдан жаға тігіліп, көмкеріледі. Етек-жеңі де осындай матамен қапталып, әдіптеледі. Түйе жүнінен жасалған шекпеннің ыңғайлы әрі сәнді түрін халқымыз «Шидем шекпен» деп атаған. Шидем шекпеннің бір ерекшеігі жас тайлақтың үлпілдек жүнінен тоқылады. Таңдалып алынған мұндай жүні  майда әрі үлпілдек жұмсақ және жеңіл болғандықтан көбіне балаларға, қыздарға, жағдайлы адамдарға ғана арналып тоқылған. Әрі оны арнайы шеберлер дайындағандықтан шекпеннің шидем деп аталатын түрі ерекше әдемі, сәнді болып шығады. Шекпен киімі су өткізбейтіндіктен оны сулық ретінде де пайдалануға болады. Күнделікті киім ретінде де кие беруге әбден болады. Қысқаша айтқанда жылдың төрт мезгілінде кие беруге жарайтын жан-жақты киім деуге болады. Су тиген сайын шекпен ширығып, қалыңдай түседі. Шекпеннің тағы бір артықшылығы, ол толықтай түйе жүнінен тоқылғандықтан аса мықты болады, ұзақ киіледі. Ішік – қазақтар арасында ең көп таралған киім түрі. Ол әртүрлі аң терілерінен және елтірі сенсеңнен тігіледі. Сыртынан қосымша матадан тыс тігіледі. Ішіктер тігілетін тері түрлеріне қарай елтірі ішік, сеңсең ішік, қасқыр ішік, түлкі ішік, пұшпақ ішік, орман ішік, жанат ішік, бұлғын ішік деп бөлінеді. Жұқа ішік түрлеріне мақтадан тоқылған жеңіл жіптер пайдаланылса, қалың әрі ауыр ішік түрлеріне жүннен иірілілген жіптер пайдаланылады. Ішіктің іші тігіліп дайын болғаннан кейін қосымша астар көктеледі. Ол бидай деп аталады.  Ал сыртына пүліш, барқыт немесе шұға тәрізді нығыз, қалың материалдардан тыс қапталады. Жаға ретінде қасқыр немесе құндыз, бұлғын терілері алынады. Осыған байланысты қасқыр ішік, бұлғын ішік. Құндыз ішік деп аталады. Кебенек (кей жерде кебентай) — ақ киізден арнайы жасалған сырт киім. Оны түн жастанып жорыққа аттанатындар, жылқы күзетіндегілер киеді. Кебенектің жағасы мен басқа киетін бөлігі тұтас, бірге, етегі аяқтың басына дейін түсіріліп, Киімнің сыртынан қаптап киетіндей етіп, кең тігіледі.  Күләпара – тымақтың сыртынан кигізілетін қабы. Қыста киілетін күләпараны түйенің жүнінен тоқиды немесе арасына жүн немесе мақта салып сыру әдісімен жасайды. Бұл тымақтың сыртынан су, суық өткізбеу үшін керек. Сырты бір түсті матамен, жібек кездемемен тысталады. Ал жаздық күләпара жұқа жібек немесе торғыннан жасалып, тымақтың сыртынан кигізіледі. Құлақ тұстарына кесте немесе әртүрлі зермен Әшекей салады. Күләпара тымаққа сән кіргізеді әрі оны кірлеуден, тозудан қорғайды. Күрте – жеңіл әрі жеңсіз киім. Күртеде жаға, деген болмайды.  Тек екі өңірі мен арқа жақтан тұрады. Онша ұзын да, қысқа да емес. Белден төмен түспейді не шалбардың ышқырынан аспайды. Астар салып тігілетін жеңіл, жеңсіз киім. Мақта немесе түтілген жүн салып сырып тігеді. Немесе теріні жұмсақ матамен тыстап та дайындай береді. Әйелдерге арналған күртегелерге жібек, шағи атлас сияқты маталар пайдаланылса, ал ерлер киетін күртеге барқыт, мәуіті секілді әрі мықты, әрі қалың бір түсті мата пайдаланылады. Түлкі, қарсақ, борсық, суыр терілерінен де күрте жасауға болады. Сонымен қатар, ісмерлер қозы-лақтың елтірісі, кейде тіпті қойдың терісі, қылшығынан тазартылған ешкі түбітінен де күрте дайындайды. Камзол – әйелдерге арналған сәнді киімінің бір түрі. Камзол көйлектің сыртынан киіледі. Ол мақпал, пүліш, барқыт тектес сапалы кездеме маталардан тігіледі. Камзолды  «кәзекей»  немес «жеңсіз бешпент» деп атайтын өңірлер бар. Камзолда жаға, деген болмайды.  Тек екі өңірі мен арқа жақтан тұрады. Тысталады, астар салынады. Астар үшін көбінесе атлас, шағи, торғын пайдаланылады. Оның екі өңірі біріне-бірі сәл жетпей тұратындай етіп тігіледі. Сондықтан түйме орнына камзолдың алдына зергерлер әшекейлеп жасаған алтын, күміс жалатып, асыл тастан көз орнатқан қаусырма қадайды. Камзолдың желкесінен бастап екі өңіріне және екі етегіне айналдыра алтын оқа басады, не зер тігеді, кейде құндыз бен түлкінің пұшпағымен әдіптейді. Қыздар мен жас келіншектер киетін камзол айрықша сәнді болады. Оның екі омырауына алтын, күміс жалатқан қозалар, шарбақ түймелер, меруерт-маржандар тағылады. Кейбір жерлерде күміс теңгелерді тесіп те тағып қояды. Қолғап — қолға киетін қарапайым киім. Қолғап қолды аяздан, жұмыс барысында жарақат пен бүлінуден сақтайды. Қолғаптар дайындалу үлгісіне қарай бес саусақты, үш саусақты, тұйықбас деп талады. Ал материалына қарай кенеп қолғап, жарғақ қолғап, тоқыма қолғап,   тері қолғап, мақталы қолғап деп түрліше бөлінеді. Колғаптың ең байырғы түрінің бірі – бүркіт, сұңқар секілді жыртқыш құстар ұстайтын құсбегілердің  биялайы. Биялайға негізінен түйенің мойнақ терісі,  бұлан, бұғы секілді андардың, өгіздің қалың мойын терісі пайдаланылады. Биялай да қолғаптың тұйықбас түріне жатады. Байпақ — киізден тігетін аяқкиім. Байпақты қыста жылылық үшін етіктің немесе мәсінің ішінен киеді. Қыста киетін байпақтар қалың киізден, жазда киілетін байпақтар  жұқа киізден  дайындалады. Байпақ дайындаудың екі тәсілі бар. Оның бірі — табанын бөлек салып, ұлтарып тігу. Екіншісі – тұтастай қусырып тігу. Байпақтың тігісі аяққа батпауы үшін тігісі сыртына қарап тігіледі. Байпақ тігу үшін қой жүні немесе түйе шудасынан дайындалған жіпті пайдаланады. Мәсі — аяқкиімнің жеңіл бір түрі. Жеңіл әрі жұмсақ, аяққа ыңғайлы киім. Оның былғары мәсі, шегірен мәсі, құрым мәсі деген түрлері болады. Мәсіні көбіне қонышын астарлап тігеді. Ал ұлтаны жұқа болады. Ол тарамыспен ішкі жағынан жөрмеп, не жара шаншып өбістіре тігу арқылы ұлтарылады. Саптама етік – ішіне киізден астар салып, былғарыдан тіретін жылы аяқкиім. Ол, негізінен, қыс бойы далада болатын малшыларға және басқа дала қызметіндегі перге, аңшыларға қолайлы. Саптама етік жылқының, сиырдың терісінен илеген былғарыдан, көннен тігіледі. Ол «түзу табан» және «Қисық табан» болып келеді. Оның өкшесі аласа, қонышы тізені жауып тұрарлықтай ұзын болады. Саптама етіктің өкшесі аласа болады. Өкше төзбауы үшін оған нəлі қағылады. Саптама етікті әдетте кең етіп тігеді.

Leave a reply