Thursday, November 21

ТҮРКІСТАН: САЛТ-ДӘСТҮРІН ЖАҢҒЫРТҚАН КИЕЛІ ӨЛКЕ

0
20


Жуырда киелі Түркістан қаласының тұрғындары ерекше көңіл күймен қарсы алды. Олай дейтініміз, рухани шаһарымызда ағымдағы жылдың сәуір айынан бастау алған дәстүрлі «Өнерлі өлке» облыстық фестивалі аясындағы Түркістан қаласының мәдени күндерінің екі күнге созылған іс-шарасы өтуде.
Қала халқы бұған дейін әрбір аудандардан ке-ліп, өз өнерлерін ұсынған өнерпаздардың ән-күй-лерін қызыға тамашалаған болатын. Қ.А.Ясауи бабамыздың кесенесінің іргесіндегі «Этноауыл» мен «Керуен сарай» туристік кешендерін думанға бөлеп, ұлттық өнерімізді, салт-дәстүрлеріміз бен қолөнерімізді дәріптеген іс-шаралардан үлкен нәр алған еді. Таяу күндері ғана Арыс және Келес аудандарының өнер иелері қасиетті шаһардың тұрғындары мен қонақтарын өз өнерлерімен тән-ті еткендігінің куәсі болған едік. Келес аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері Көшенов Бақыт-жан мен Жанаев Ғалымжанның баян-домбыра-мен қосыла шырқаған термелеріне сүттей ұйып, көпшіліктің оларды риза көңілмен қоршап алғандығын көзімізбен көріп, өнердің құдіретіне бас иіп едік. Енді, міне, тарихтың тереңінен сыр тартып, бар құпиясын әлі де ішіне бүгіп жатқан түркі әлемінің тұмары – Түркістан қаласының мәдени күндері құшағын ашып, халқымыздың ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан өнерінің інжу-маржандарын көз алдымызға жайып салды. Күмбірлеген күй мен дәстүрлі әннің дауысы қыр астынан қол бұлғап шақырғандай. Этноауылдың киіз үй тігіп, көрмесін жайған қарбалас тірлігін тамашалаған жұртшылықтың қарасы қалың.
Сырт қарағанда, бір түннің ішінде бай ауылдың көші келіп қона салғандай сән-салтанат, ұлттық киім киген қыз-келіншектер мен бозбала жігіттер, күмбезді кимешектері көз тартқан әжелер, олардың айналасында асық атып, жамбы тартып ойнаған балақайлар, «Түркістан мұрасы» атты ұлттық нақыштағы көрмелерді қызықтап, қолөнер шеберлерінің бұйымдарын, суретшілердің көрмесін тамашалап жүрген жұртшылық бұл күнгі іс-шараның әрін ашып, маңызын арттыра түскендей. Енді бірі сол жерде қолма-қол сурет салып жатқан суретшіні төңіректесе, келесі бірі қолөнер бұйымдарын жасап отырған шебердің өнерін тамашалап, қыр-сырын білуге құштарлық танытып тұр. «Ауылдың алты ауызын» айтқан көнекөз әжелердің де өз көрермендері бар екен. Тіпті, «бүйірі қызып, делебесі қозып» әжелерге қосыла ән шырқаған жерлестерімізді көргенде, өнерде шекараның жоқтығына тағы бір көз жеткіздік. Дизайнерлік өнер, сырмақ, тұскиіз, ұршық иіру, тоқыма тоқу, құрақ құрау сияқты ұлттық өнер түрлерінен шеберлік сабақтарын өтіп жатқан тәлімгер аналарымыздың жанында үйірілген жастарды көрдік. Этно-мәдени, ұлттық орталықтар өкілдері, қаланың зиялы қауымы, қоғамдық ұйымдар мен мекемелер мүшелері, бір сөзбен айтқанда, ата дәстүрді ардақтайтын, қанына халқымыздың қасиеті сіңген барша жұртшылық осында десек қателеспеспіз.
Қашанда осындай игі істердің басынан табылатын сексен бес жастағы қоғам белсендісі, ұлттық өнердің нағыз жанашыры, Түркістан қаласының құрметті азаматы Ырыс Тәшметова әже де осында он саусағынан шыққан қолөнер бұйымдарын, тақыр кілемдері мен алаша, құрақтарын әкеліп, халықтың назарына ұсынып отыр екен: «Ұлттық өнерді біз насихаттамасақ, арымызға сын емес пе? Бүгінгі іс-шара ұлттық құндылықтарды дәріптеудің бір көрінісі. Осыны ұйымдастырған барша жұртқа мың алғыс! Сөздің реті келгесін айта кетейін. Осы іс-шараға қолдау көрсетіп отырған қала әкімі Нұрбол Тұрашбековке, Түркістан қалалық Мәдениет үйінің жұмысын гүлдендіріп жүрген Лиза Шамет қызыма рахмет!» – дейді батагөй кейуана.
Шіркін-ай, өнердің құдіретін тілмен айтып жеткізу қиын ғой. Әлгінде ғана тым-тырыс, тып-тыныш болып тұрған тылсым әлем домбыраның қасиетті үнімен айналаға жан бітіріп, көтеріңкі көңілге бөлеп жүре берді. «Этноауылдың» төріне жайғасқан Түркістан қалалық Мәдениет үйінің «Яссы» халықтық этнофольлорлық ансамблінің орындауындағы күй атасы – Құрманғазының «Сарыарқасы», атақты күйші Ш.Қорғанбектің «Төрткүл түмені» күйлері қанатын қомдаған қыранның көкке самғауындай жан-дүниемізге ерекше серпіліс беріп өтті. Осы оркестрдің бастауында тұрған өнер тарланы Нұрғиса Тілендиев, Мыңжасар Маңғытаев, Ескендір Хасанғалиев сынды қазақтың ұлттық өнерінің майталмандарымен үзеңгілесе қызмет жасаған дирижёр-күйші Асқар Жақыпбековтей қайталанбас тұлғаның ұлы Ерлан Жақыпбековтың басқаруымен ансамбль орындаған Марат Бердіқұловтың «Ақсауыт», «Бақтыбайдың әуені» күйлері де өзгеше лебімен, кең тынысымен есте қалды. Ғасырдан ғасырға ұласқан тарихы бар, қазақ хандығының ордасы болған Түркістан жерінің тарихи тұлғаларға, ақын-жазушылар мен өнерлі дарын иелеріне бай екендігі ежелден белгілі. Бір мақалада олардың атын жеке-жеке атап, түсін түстеудің өзі мүмкін емес. Фестивальдің аты айтып тұрғандай, көпшілік назарына ұсынылған көрмеде қаланың өткені мен кеткені, сыр тұнған тарихы, осы қасиетті топырақта дүниеге келіп, еліне еңбегін сіңірген тұлғалар туралы жан-жақты мәліметтер жарияланған. Бұл деректердің келешек ұрпаққа берері мол екендігінде дау жоқ. Сондықтан да, халқымыздың мәдениеті мен өнерін дамытуда мұндай ауқымды, мақсатты жобалардың маңыздылығын ұмытпағанымыз абзал.
Осы орайда Түркістан қаласындағы балалар мен жасөспірімдер орталығы жанындағы Гүлжан Оразгелдиева жетекшілік ететін көркем сөзді мәнерлеп оқу үйірмесінің оқушысы Қасымхан Исахановтың «Түркістан» атты өлеңді оқу шеберлігіне, дауыс диапазонының кеңдігіне, таңданбаған жан жоқ. Соңымыздан ерген осындай өнерлі ұрпақты көргенде, ұлттық өнердің, құндылықтарымыздың дамуына ықпал ететін ілкімді мәдени іс-шаралардың оң нәтижесіне көз жеткізгендей боламыз. Ал, қызғалдақтай құлпырған «Яссы» би ансамблінің мың бұралған билері, ұлттық нақыштағы сәнді киімдері көрермен қауымның көзайымына айналды. Қазақ би өнерінің жаңғырған заманауи үлгісін көріп, ерекше әсер алды.
«Өнерлі өлке» облыстық фестивалі аясында өткен Түркістан қаласының мәдени күндерінің бағдарламасы жан-жақты. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін шараға Түркістан қалалық әкімшілігінің ерекше мән бергендігінің, Түркістан қалалық Мәдениет үйінің ұйымшыл да өнерлі ұжымының өте тыңғылықты да тиянақты, үлкен жауапкершілікпен, шығармашылық ізденіспен дайындалғандығының куәсі болдық. Соның бір тармағы ретінде, қазақтың ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының көріністерінен бұрын өзіміз де естіп-білмеген, алайда, ата-бабамыздың ежелгі тұрмысында қолданылған небір рәсімдерді көріп, таң қалдық. Біле жүретін нәрсе екен деген ой түйдік. Атап айтқанда, «Танабау тағу», «Бала бауырынан табақ жүгірту», «Келінге кимешек-шылауыш кигізу», «Керегеге орамал байлау», «Тоқымқағар» сияқты әдет-ғұрыптар қазіргі таңда ұмытылып бара жатқан, бала тәрбиесінде, жалпы күнделікті өмірде маңызы зор дәстүрлерді көз алдымыздан өткізді. Керемет өнер мерекесіндей жиынға кездейсоқ куә болған, қаламызға туристік сапармен келген көкшетаулық азамат Манас Алимов бізбен былайша ой бөлісті: «Осы оқиғаның үстінен түсіп, куә болғанымызға қуанып тұрмыз. Отбасымызбен келіп едік. Әулиелі жерлерге зиярат жасадық. Қаланың көрікті жерлерін араладық. Енді, міне, ұлтымыздың тамаша өнерін көрдік. Әсіресе, Майгүл Тұрыскелдиева деген әнші апайдың орындаған термесі де, орындау шеберлігі де қатты ұнады. Негізі, сіздерде ұлтымыздың дәстүрі жақсы сақталыпты. Айтыс өнерінің көрінісі де жақсы болды», – дейді қала мейманы.
Қазақстанның алғашқы мұнайы шыққан аймақтардың бірі Атырау облысы, Мақат ауданынан келген Ертай және Несіпкүл Тәтиевтер де мәдениет күндерінен, түлеген, түрленген Түркістаннан алған әдемі әсерлерімен бөлісті.
Осы орайда, Жарқынбек Құлбайымбетов басқаратын Түркістан қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы «Әжелер алқасы» мен «Белсенді өмір сүру» орталығының қаланың қоғамдық өміріне белсене араласатын әжейлердің мәдениет күндерінің ұйымшылдықпен өтуіне мол үлес қосқандығын атап өткен жөн.
Түркістан қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы «Әжелер алқасының» төрайымы, ардагер-ұстаз, Өзбекәлі Жәнібековтей ұлы тұлғаның көзіндей парасат иесі Айғаным Серім анамыз да ақ шағаладай әжелерімен Түркістанның мәдениет күндерінің көркін кіргізіп жүр екен: «Мәдениет күндері, шын мәнінде, қажет нәрсе. Алайда, асыра сілтеу болмай, халыққа рухани азық беретіндей жағдайда болса, ол дұрыс деп ойлаймын. Бұл жерде маған қатты ұнағаны, ұлттық қолөнеріміздің ұмыт қалып қоймай, ұрпақтан-ұрпаққа келе жатқандығы. Мысалы, оқушылар үйінің алып келген зергерлік бұйымдарының ішінде оқушылардың қолымен жасалған дүниелер тұр. Қазақ халқының өзіне тән символикалық ою-өрнектері, ерекшеліктері солардың бетінде бейнеленіп тұр. Мен соған қуандым. Сондай-ақ, қазір жүннен портреттер жасау, басқа да сувенирлер жасау үрдіске айналып отыр. Бұл да жақсылықтың белгісі. Дегенмен, қолөнер болғаннан кейін, Түркістанда кілемшілер, киіз басатын цехтары бар кісілер осы өнерлерді ары қарай дамытса, қазақтың мәдениеті мен дәстүрін дамытудың бір жолы болар еді деп ойлаймын. Мысалы, бүгін керегеге орамал байлау дегенді көрсетті. Ол үлкен қуаныштың белгісі екен. «Жас келін келіпті. Ол жас келін көтеріпті» – деген сияқты қуанышты білдіреді екен. Қазақ халқы осындай ырымдар арқылы тәлім-тәрбие берген. Баланың бауырынан табақ өткізу дәстүрін көрсетті. Осындай ұмытылып кеткен дәстүрлерді көрсету арқылы біз өткенді еске түсіреміз, жаңғыртамыз. Түркістанның әжелері де шамасы келгенше осы игілікті іске үлес қосып жүр. Айталық, баланың бауырынан табақ өткізу рәсімін көрсетті бүгін. Бала еңбектегенде бауырын көтере алмайды. Соған қазақтың дәстүрінде ет пен қамырды табаққа салып, буы шығатындай ыстық күйінде баланың астынан оңға-солға алып, баланың бауырынан табақ алу рәсімін жасайды. Сонда әлгі сәби жүгіріп кеткен. Қазақтың ырым-сенімдері кері кетпеген ешуақытта. Қазіргі біздің жас келіндер соны елегісі келмейді. Екі кештің арасында, апақ-сапақта тілі шықпаған баланы далаға шығарма деймін. Оны жастар тыңдай ма?» – деген ой-пікірін білдірді Айғаным апамыз.
Қаламыздағы №23 Ж.Тәшенов атындағы ІТ мектеп-лицейінің бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі Темірбек Нұрмашев бұл күнгі көрмеге майлы бояумен салған картиналарын әкелген екен. Қаз-қатар қойылған суреттерде көк күмбезді «Әзіреті Сұлтан» кесенесінен бастап, ұлтымыздың рухани құндылықтары, мағына-мазмұны терең тарихи, композициялық суреттер бейнеленген. Көрмеде келесі назарымызды аударған бұйым Кентау қаласындағы Байылдыр елді мекенінің тұрғыны, С.Қожанов атындағы №9 жалпы білім беретін орта мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Мейрамкүл Ертаеваның макрамеден тоқыған бесіктері аударды.
«Макраме қазір сұраныста. Бір бұйымды көлеміне қарай екі күн мен жеті күн аралығында тоқимын. Онлайн сабақтар өтемін. Бұйымдарымды саудаға да шығарып тұрамын. Бағасы шамамен 60 000 мен 180 000 теңгенің аралығында. Мен өзім гобеленші-кілем тоқушымын. Қызығушылық әрі табыс көзі» – дейді сирек кездесетін кәсіп иесі.
Түркістан қаласының мәдениет күндеріне арналған іс-шараны қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков және фестивальге қатысушы аудан-қалалар деңгейін бағалайтын қазылар алқасының мүшелері аралап көрді. Өз өнімдерін көрмеге қойған кәсіпкерлер, суретшілер, темірден түйін түйген ұсталар, қолөнер бұйымдары көз тартқан шеберлер, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды сахналаған өнерпаздар өнерін қазақ ертегілерінің кейіпкері кейпіндегі Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрының, «Алдараспан» ойын-сауық отауының көрермен сүйіспеншілігіне бөленген белді актері Шәкен Амантұровтың таныстыруының өзі мәдениет күндерін ұйымдастырушылардың көзінен ештеңе қағыс қалмай, іс-шараны бүге-шігесіне дейін ойластырғандығынан хабардар етіп тұрғандай. Қала басшысы Нұрбол Тұрашбеков бастаған топтың назарын көрігін қыздырып, отқа темір балқытып тұрған жас жігіт аударды. Әкеден қалған мұраны жалғастырып жүрген Тасболат Нұрдәулет Жанболатұлы жеке ұстаханасында қоңырау, т.б. темір бұйымдар жасаумен айналысады екен. Бұл күні осындай берекелі тірлік жасап жүрген көптеген түркістандықтар еңбегінің куәсі болдық. Қала басшылығы және жиналған көпшілік арнайы әзірленген концерттік бағларламаны тамашалады.
«Ұлттық өнердің бояуына қанық концерт керемет өтуде. Әсіресе, «Райым мен Дана» жұбын қаланың барлық іс-шараларында көріп жүруші едім. Ал, бүгін Дананың шырқаған әндері, сәнді киімі ерекше әсер етті. Дарынына көркі сай осындай қызымыздың жұлдызы жана берсін. Аяғынан тік тұрып концертті шебер жүргізген Жасұлан баламызға да рахмет!» – дейді қала тұрғыны Әпиза Мұстапаева.
Сонымен, облыс орталығы – Түркістан халқына сәулелі сәттер сыйлаған керемет іс-шараның алғашқы күні осылай өтті. Таңертеңгі сағат онда басталған іс-шараға облыс, қала әкімшіліктерінің, ресми орындардың, қоғамдық-мәдени орындардың өкілдері, жалпы қала тұрғындары мен меймандары қатысып, кешкі 20:00-ге дейін мәдени-көпшілік іс-шараларды тамашалады. «Өнерлі өлке» облыстық фестивалін алдағы уақытта өзге аудандар жалғастырып, соңынан қорытындысы шығарыла-тын болады. Кімнің қанжығасы майлы, көңілі жайлы боларын жарыс нәтижесінен білетін боламыз. Ал, әзірше бабымыз да, бағымыз да бабында болсын деп тілейік!
Роза НАРЫМБЕТОВА.

Leave a reply