ТҮРКІСТАН: САЛТ-ДӘСТҮР — ҰЛТТЫҚ ИММУНИТЕТІМІЗ

Дәстүрдің біртұтастығы халықтың рухани саулығын қамтамасыз ететін үлкен күш. Дін адамға екі дүние де дұрыс өмір сүрудің, Хақтың разылығына бастайтын ереже-қағидаларды қамтыған иләһи бұйрықтар мен тыйымдар жиынтығын құраса, дәстүр – халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымы мен салт-дәстүрін, ментилитеті мен әдет-ғұрыптарын, тұрмыс-тіршілігінің ерекшеліктері мен өзіндік ойлау жүйесін, жан дүниесін, адамдардың белгілі бір қоғамдастығына тән, нақтылы тарихи-мәдени ортада қалыптасқан мінез-құлық пен іс-әрекеттердің біркелкі сипатын білдіреді. Бүгінгі күні дін жанашырларының алдында тұрған міндет – осы екеуінің біріккен тұсын таба біліп, халыққа діннің де, дәстүрдің де ортақ тіл табысатын игіліктерін ашып көрсету болып отыр.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Ж. Тоқаевтың «Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты 2020 жылы халыққа Жолдауындағы мына сөздері мысал бола алады: «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады. Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек» дегені өзекті мәселе.
Қай кезеңде немесе қай халықта болмасын ұлттық құндылықтардың халық өмірінде алатын орны ерекше. Өйткені халқымыздың атақты ақыны, сонау Түркиядағы Шанаққаладағы болған соғыста «Алыстағы бауырыма» атты өлең арнаған Мағжан Жұмабаев: «Жас бала шыбық тәріздес, оны қалай иетін болсаң сол қалпы өсе береді», — деп айтпақшы, тәрбиенің берілетін балалық шақтың маңыздылығын көрсеткен. Расымен де балаға дұрыс тәлім-тәрбие беру ұлттық құндылықтардан бастау алады. Бесікте жатқан балаға бесік жыры, өсе келе үйретілетін батырлар жыры және баланың өміріндегі жүзеге асырылған басқа да салт-жоралар адам өмірінде тұлға болып қалыптасу үшін ең қажетті элементтер.
Бүгінгі таңдағы жас ұрпақ балалық шақтан бастап ұлттық құндылықтарға сүйене отырып тәрбие алуы шарт. Мұндай тәрбие көргендер ертеңгі күні елім, жерім дейтін жастарға айналары сөзсіз. Өйткені ұлттық құндылықтардың негізгі көріністері отансүйгіштік, отбасының бүтін болуы, қоғамға пайда тигізу секілді дүниелерден тұрады. Тарихты ақтарар болсақ, еліміздің ерлері батыр, қыздарымыз қылықты болған. Мұнда тәрбие берудегі ең маңызды адамдардың арасында аналарымыздың рөлі орасан зор. Сондай аналардан Абай, Шәкәрім, Мағжан, Бауыржан секілді ағартушы, батырлар дүниеге келген. Сөйлеген сөздері Құран аяты мен хадиске негізделген, әрбір жасаған іс-әрекеттері зәредей зиян алып келмей, керісінше пайдасын тигізіп келе жатыр.
Ұлттық құндылықтардың арасында мақал-мәтелдер де өзіндік орынға ие. Бабаларымыздың айтқан әрбір сөздерінің мәні түпсіз терең тұңғиық. «Балаң өзіңе тартса жұбан, қоғамға тартса қуан», — деп бекер айтпаған дана халқымыз. Мұндағы негізгі мән қоғаммен етене араласу, қоғамға пайдасын тигізу, қоғамда белгілі бір орын табу мақсатында айтылса, «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деп айтумен әлемдік аренада елдің ел болып қалуы үшін сол елде өмір сүріп жүрген адамның тәрбиесі бесіктен басталатынын айтқан. Сондай-ақ «Балаңа басқұр қалдырғанша, тозбайтын дәстүр қалдыр» деп, ұлттық құндылықтардан болған дәстүрдің үйретілуі, насихатталуы мен жаңғыруы бала тәрбиесіндегі орнын айшықтап тұрғандай. Бесіктен белі шықпаған балаға берілген тәрбиенің маңыздылығын түсіну үшін мына бір мақалды да атап өткен жөн болар: «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле». Бабалар мұнымен ұлттық тәрбиенің маңыздылығын көрсетуде. Әрбір ұлттың тәрбие қайнары әртүрлі. Ел болып қалыптасамын десе, өзінің бабаларының жолын жалғастырамын деп ойласа, сол ұлтының тәрбиесін көрген абзал екендігін айтады.
Қазіргі таңдағы үлкенді сыйламау, ата-анасына жекіп сөйлеу, рәміздерді құрметтемеу, мұғалімдеріне қарсы шығу, басшыға бағынбау және т.б. олқылықтар кезінде дұрыс тәлім-тәрбие алмағандықта жатыр. Өсіп келе жатқан жас ұрпақ иығындағы жауапкершілікті шынайы сезінбейді. Өзін ұлт болып қалыптасуының басты факторларының бірі ұлттық құндылықтарды насихаттаушы адам екендігін түсінбеуде.
Ұлт белгілі бір адамнан қалай құралған болса, ұлттық құндылықты жүзеге асыратын адам да дәл солай жаратылған. Өйткені адам таңдай алмайтын, еріксіз болатын нәрселердің бірі бұл – қай жерде және кім болып дүниеге келуінде жатыр. Жоғарыда қозғаған мәселе бойынша түйін сөзімізді Ахмет Байтұрсынның «Балам» деген жұрт болмаса, «жұртым» дейтін бала қайдан шығады», — демекші, ертеңін ойлайтын, елінің дамуы үшін күресетін жастардың тәрбиеленуінде ұлттық құндылықтар таптырмас орынға ие. Сондықтанда беріп жатқан тәрбиемізде ұлттық құндылықтарға басымдық беретін болсақ, жастарымыз елдің әлеуметтік-мәдени өзгерістеріне және дамыған елдердің деңгейіне бейімделеді деген ойдамыз.
Қай ұлт немесе қай халықты алсақ та өзінің ұстанған дәстүрлері болары сөзсіз.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, салтымыз бен ғұрпымыз да қайта жандана бастағанына қараша халық куә. Дініміз бен салтымызға берік болу да ұлттық міндеттеріміздің бірі болып саналады. Жоғалған дәстүрімізді қайта қалыптастыру жолында кейде сол ұмыт болған дәстүрлерімізді қайта жандандырамыз деп, кейде дінімізге қайшы болатын кейбір дұрыс емес ғұрыптар мен түрлі ырым-сырымдардың да ел арасында орын алып жататындығын байқап қаламыз.
Солардың ішінде мысалы, дәстүрімізде болған деп «сәуегейшілдік», «бал ашу», «отқа тамызу», «сейсенбі күнгі жаназа намазын түстен кейін шығару», тіпті дәстүр деп санамасақ та «мысықтың алдымыздан кесіп өтуін тағдырға санау», «бір затқа қызыл шүперек байлап қою», «зират басына ақ мата байлап қою» деген сияқты наным-сенімге қатысы жоқ амалдарды айтуға болады.
Біздер мұны білуіміз керек, мысалы, «отқа тамызу» — мәжусилерден (отқа табынушылар), ырым-сырымдар мүшріктер (көп құдайшылдар) дәуірлерінен қалып кеткен жаңсақ пікірлер болып саналады.
Пенде әрбір орындалып жатқан амалдың нені үгіттеп, нендей бағыттарға үндеп жатқанын зерделеп, оның мағынасы мен астарлы мәніне терең үңілуі керек екен.
Алысқа бармай-ақ, дін қызметкері болғандықтан, ел ішінде күнделікті өзіміздің куә болып, көріп жүрген кейбір амалдарды айта кетуімізге болады. Мысалы, Құран оқылып жатқан кезде дастархан үстінде пышақ болмау керек, Мәйіттің басынан нан айналдырып алып қалу, тиын шашу, жаназада мәйіттің иесі қарызын өз мойнына алған соң ол кісінің жалғыз өзін саптың ең соңына жамағаттан бөлек тұрғызып қою, сондай-ақ қабірде мәйіт жерлеп жатқан кезде күректі қолдан-қолға бермеу сияқты амалдарды кейбір адамдар дұрыс ғұрыптар санатына қосып жүргендерін байқауымызға болады. Діни тұрғыдан барынша түсіндіруге қанша тырыссақ та кейбірі түсініп, кейбірі дәстүрімізге жаба салады.
Салт пен ырым екеуі екі ұғым. Екеуінің арасында аспан мен жердей айырмашылық бар.
Көрімдік беру, сүйінші сұрау, күйеуге төс табақ тарту, сәлем салу сынды терең мағыналы дәстүрлеріміздің қашанда мағыналары керемет. Дәстүріміздің тағы бір пайдалы да әсерлі жерлері сүннет пен мұстахаб амалдарымызды одан да нығайтып, қуаттап шегелей түсетіндігінде екен. Мысалы, келіннің ата-енеге сәлем салуы сый-құрметтің діни тұрғыдан да үлкен қошемет болып жатқандығын меңзейді. Демек, алдыңғы буын бабаларымыз өз дәстүр мен ғұрыптарын дінмен сабақтастырып отырғандығын аңғаруымызға болады. Дәстүрді теріске шығару — адасушылықтың белгісі болып табылады. Кімдер теріске шығады? Бұл әрекеттерге Ислам дінінің ішінен кейінгі шыққан адасушы ағымдарымызды айта кетуімізге болады. Олардың пайымдауынша, әрбір дәстүрдің негізі жоқ, әрі дінге енгізілген жаңалықтар (бидғат) болып табылады дейді.