ТҮРКІСТАН: САЛТ-ДӘСТҮР – ҰЛТТЫҢ АЙНАСЫ

Бір ұлтты екіншісінен ерекшелендіретін негізгі фактор: тіл, дін, діл, тарих, наным-сенім, әдеби мұра, салт-дәстүр, ырым-тыйым, мәдениет, өнер, ауыз әдебиеті. Бұл ұғымдардың әрқайсысы – бір-бір концепт. Мәдениеттану, лингвистика ғылымдарында мұны «ұлттық код» дейді. Кеңес дәуірінде ұлттық құндылықтар «жабайылықтың нышаны», «ескінің сарқыншағы» ретінде есептеліп, этногенетикалық түп-тамырды зерттеуге, оны насихаттауға тыйым салынғаны белгілі. Тәуелсіздіктің таңы қалай атты, солай ұлттың тамырына байланған этногенетика гүлдеп, тамырлап, жайқалып сала берді.
Ел дамуының аса маңызды факторларының бірі – ортақ мүдде жолында азаматтардың белсенділігі маңызды. Демек, қоғамдық келісімнің негізгі өзегі қазақ топырағында өмір сүріп жатқан этностардың бірінші кезекте мемлекет құраушы ұлттың салт-дәстүріне құрметпен қарау арқылы өзінің ұлттық тамырынан алыстамай біртұтастыққа қызмет ету болса керек. Салт-дәстүр – ғасырдан-ғасырға жалғасқан, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып жеткен, халықтың дүниетанымын, өмір сүру салтын, ой-санасын, әлемді қабылдауын аңғартатын тарихи-әлеуметтік феномен. Мұны ағылшын дінтанушысы, антрополог, этнолог Жеймс Жордж Фрэзер «жұртты жұтылып кетуден қорғайтын менталдық қабат» деп атаған. Ал этнограф жазушы Ақселеу Сейдімбек: «Мәдениеттің жергілікті, аймақтық, ұлттық және халықаралық аядағы мәні мен болмысы туралы пікірлер сан сала. Тек қана ағылшын тіліндегі әдебиеттерде 50-жылдардың бас кезінде «мәдениетке» 160-тан астам анықтама беріліпті. Ал жалпы батыс еуропалық әдебиеттерде мәдениеттің 250-ден астам анықтамасы бар екені айтылады, (Моль. Социодинамика культуры. М., 1973, 35-бет). Мәдениет терминінің көпмәнді, алуан мағыналы екені сонша, жарық жалған, кең дүниені құшағына сыйдырғандай ұғымдардан бастап, басы жұмыр пенденің тал бойындағы қасиетке дейін қамтитын алуан түрлі тұжырымдарды білдіреді», – деп жазғанында үлкен мән бар. Ұлттық болмысты сақтап қалу, құндылықтарды қастерлеу, ата дәстүрді дәріптеу, насихаттау – басты парыз. Ұлттық рухты бойға сіңіріп, жалпыадамзаттық оң үрдістерді үйрене отырып тәрбиеленген адамның, әлемдік өркениеттің көшінен қалмай, оның озығынан үлгі алатын халықтың келешегі жарқын. Яғни, «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» десек те, ұлтты ұлт етіп тұрған оның тілі, мәдениеті, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі. Сондықтан біз дәстүрді өткен дәуірде жасалған жалпыұлттық, жалпыадамзаттық маңызы бар бүгінгі заманның қажеттіліктері мен сұраныстарын өтей алатын айрықша құндылық деп есептейміз. Тіршіліктің салқар көші тоқтамай, өмір жалғаса беру үшін жастар өз дәуірінің сұранысын жаңаша қанағаттандырып, дүние дидарын жаңаша өрнектегені лазым. Салт-дәстүр де елдің ой-өрісі секілді, ол да даму барысында үнемі жаңғырып тұрады. Дәстүр де, жаңашылдық та – үздіксіз үдерістің катализаторы. Осы орайда халқымыздың ұлттың тамырына байланған, өмір сүру дағдысына айналған, тіпті ұлттық бірегейліктің негізгі тіні болып табылатын компоненттерге аз-кем тоқталып өткенді жөн көрдік, себебі – бүгінгі жаһандану дәуірімен бетпе-бет келген замандастарымыз, телефонның тетігіне телміріп, кітаптан алыстаған буын үшін бір ауыз сөз көкейінде жатталса – үлкен олжа… Қазақ – қонақжай ел. Атам қазақ алыстан ат терлетіп келген кісіні «Құдайы қонақ» деп сыйлап, төрге оздырып, тіл үйірер тағамдардын қойып, күтеді. Сүттен жасалатын айран, қаймақ, балқаймақ, кілегей, малта, сүткөже, қатық, қойыртпақ, құрт, қымыз, сүзбе, сүт, шұбат, ірімшік, ет тағамдары – әсіп, бас, борша, жаубүйрек, бастырма, қимай, қазы-қарта, жал-жая, шұжық, қуырдақ, жөргем, мипалау, сырбаз, үлпершек, шыртылдақ, көмбе, бөстірме, бітеу, бұжы, ұннан дайындалатын көмеш нан, қалаш, тоқаш, кәудірлек, ширатпа, күлше, таба нан, қарма, қаттама, бауырсақ, ақ бауырсақ, алуа, май шелпек, салма, жайма, құймақ, дәнді дақылдардан әзірленетін жаншыма, палау, бөктірме, жент, бадырақ, жарма, майсөк, тары көже, талқан. Осы ас атауларының өзі жастарымыздың ділінде болғанмен, тілінде жоқ. Бұл жөнінде тілші ғалымдарымыз да ақпарат бетінде сан рет алаңдаушылығын білдірді. Ал сөздік қордан жоғалған дүниені «салтыңның тірегі осы» деп қай санаға шегелейсің? Қазақтың ең ұлы дәстүрлі өнері – қолөнер. Күнделікті өмірде қолданбаған соң, жүннен, киізден, теріден, сүйектен, тұяқтан, мүйізден, тастан, қыштан бұйымдар жасап, жіп есіп, киіз басып, ер қашаған, ағаштан ою, темірден түйін түйген шеберлерді адамзат өркениетінің бастауында болған деп кімді иландыра аласың? Тотемдік, космогониялық, мифтік таным ұлтымыздың тұрмыс-салтында әлі күнге дейін сақталған. Жаңа ай туғанда: «Ай көрдім, аман көрдім, баяғыдай заман көрдім, ескі ай есірке, жаңа ай жарылқа» деп қариялар тілек тілейді. Ал лексиконымыздағы отбасы, отағасы, отанасы деген сөздердің түп-төркіні тым тереңде. Антропоморфты, зооморфты, териоморфты, скифтік стиль жаңаша жаңғырып, сән индустриясында, архитектурада, өнерде өзгеше мазмұнда, өзгеше сипатта өріліп, өзімізден өтіп, өзгелерді таң-тамаша етуде… Киіз үй – көшпенділердің ғарыш пен жерді байланыстырып тұрған төл баспанасы. Іргесіне сәйгүлік байланған осы кепиеті бөлек киіз үй өркениетінің құпиясын ғалымдарымыз әлі күнге дейін зерттеп, зерделеп, тауыса алмай келеді. Ата дәстүрімізде жылқының орны ерекше. Ал ат әбзелдеріне қатысты әңгіме өз алдына бір әлем. Осы орайда кейінгі толқын жастарға салт-дәстүріміз бен төрт түліктің табиғаты туралы түбегейлі ұстанымдар түзген этнограф Жағда Бабалықұлы туралы белгілі ақын Қасымхан Бегмановтың «Этнографпен әңгіме» атты кітабын оқуға кеңес берер едім. Ұлттың ұлы құндылықтары тал бесіктен жер бесікке дейін салт пен дәстүрге, наным-сенімге құрылған. Мәдениеттанушылар менталитетті «ұлттың айнасы» есебінде сипаттайды. Бір жағынан бұл пайым заңды да, себебі мұнда оның жан дүниесі, болмысы, жаратылысы айқын көрінеді. Мәдениетті болу – кемелдіктің, өсудің белгісі. Данышпан Абай айтқан «толық адам» – сол іштей толысудың нышаны. Батыс пен Шығыс текетіресіне «Өркениеттер қақтығысы» деген анықтама берген Американың атақты социологы Сэмюэл Хантингтон ұлтты сақтау үшін дәстүрдің үзілмеуін қадағалаған абзал екенін ескертеді. Негізгі мұратымыз – заманға сай мәдениетті, салт-дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу, солар бақытты өмір сүретін ұлттық, адамзаттық құндылықтарға негізделген өркениетті қоғам орнату. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ жалпақ жаһанға өзінің бай әдеби, мәдени мұрасымен, қайталанбас ұлттық болмысымен, салт-дәстүрімен де таныла алатынын есепке алған жөн. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы тілшілерге берген кезекті бір сұхбатында: «Әділеттілік! Бұл – жалпыадамзаттық әрі дала демократиясынан бастау алатын, ата-бабамыздан дарыған, ежелден қанымызға сіңген құндылық болатын. Оны жоғалтып алу адамзат үшін де, ұлт үшін де өзін-өзі жоғалтып алумен бірдей. Әділеттілік салтанат құрмаған қоғамда тек қайшылық, қиыншылық, құлдырау үстемдік ететіні белгілі. Сондықтан әділетсіздікпен мемлекет, қоғам, әр адам күн сайын, бірігіп күресуіміз керек», – деген болатын. Әділеттіліктің бір тамыры тікелей ұлттық құндылықтарға, дәстүр-салтымызға тікелей байланысты. Салт-санадан алыстаған ұлттың де келешегі бұлыңғыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Біздің мәдениетіміздің негізгі сюжеттерінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бүкіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиіспіз. Сонымен қатар фольклорлық дәстүрдің ортақ тарихи негіздерін іздеу үшін Қазақстанның түрлі өңірлері мен өзге елдерге бірнеше іздеу-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру қажет», – деген болатын. Сөз соңын академик В.Радловтың «Ел қазынасы – ескі сөз» кітабындағы: «Қазақтар – әдет-ғұрып, салт-сана, тіл жағынан біртұтас ұлт. Қараған, бұталары аралас келіп отыратын бұйра қыраттар арқылы керіліп жатқан ұлан-ғайыр кең дала алып келбетін ешқандай өзгеріссіз қалай сақтаса, оның тұрғындары да тіл мен салт-сана жағынан сондай бір тектес. Тіпті, шет жайлап, ең шалғай шығып кеткен тайпаластар да өзінің ерекше халықтық сипатын берік ұстанады…», – деген тарихи бағасымен әдейі тұжырымдадық. Ал бүгін ше? Бүгін біздің ұлттық мәдениетіміздің негізгі ұстыны болатын дәстүр-салтымыз «Қызыл кітапқа» еніп бара жатқан жоқ па?
Жанарбек ӘШІМЖАН, Парламент Мәжілісінің депутаты