Пятница, 13 июня

ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТА ЖАҢА ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯ БОЙ КӨТЕРУДЕ

0
19

Түркістан облысында жаңа нысандардың бой көтеруі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай әсер етуде. Жалпы, жаңа нысандардың құрылысы өңірдің инфрақұрылымын жақсартып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға және экономиканың түрлі салаларын дамытуға мүмкіндік береді. Мәселен, Сарыағаш ауданы Жылға ауылдық округіне қарасты Шайхана елді мекенінде дәрігерлік амбулатория бой көтеруде. Ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысу үшін аудан басшысы Арман Абдуллаев арнайы барып, жауаптыларға бірқатар тапсырмалар берді.

– Бүгінде аудан аумағында көптеген құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсарту мақсатында фельдшерлік-акушерлік пунктің құрылысы басты назарда. Нысан құрылысы аяқталған соң тұрғындар орталыққа бармай-ақ, алғашқы медициналық көмекті осы медициналық мекемеден алатын болады. Сондықтан ауылдық округ әкімі және мердігер мекеме өкіліне жұмыстарды сапалы жүргізуді, қажетті құрал-жабдықтардың сапасына аса мән беріп, сапалы құралдар және техникамен жабдықтау қажет,- деді аудан әкімі. Дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстары «STANDARD SAMPLE » тарапынан жүргізілуде. Қазіргі таңда, нысанның іргетасы құйылып, кірпіш қалау және шатырын жабу жұмыстары атқарылып жатыр. Түркістан облысында 2025 жылы әлеуметтік-экономикалық даму тұрақты әрі қарқынды өсу қарқынын сақтап отыр. Өңірдің барлық негізгі салаларында оң өзгерістер мен даму үрдістері байқалуда.

2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстың жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ) 3,6 трлн теңгеге жетеді деп күтілуде. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 316,7 млрд теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 100,2% өсім көрсетті. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 150 мыңға жуықтады. Облыс бойынша 44 жоба іске қосылып, 2 368 жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін тағы 6 жобаны іске қосу жоспарланған. Созақ ауданында құны 640 млрд теңгені құрайтын 38 инвестициялық жобаны іске асыру арқылы 3 мың жұмыс орны құрылмақ.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласында 199,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 101,2%-ға артты. 2025 жылы 26,6 гектарға жылыжайлар салынып, жылыжайлар көлемі 1 494 гектарға жетті. Бұл республикадағы ең жоғарғы үлес – 71%. Түркістан облысында 2 469 пәтерлі, жалпы ауданы 66,0 мың м² құрайтын 221 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бұл бастама аясында кезекте тұрған 2 469 отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Түркістан–Шәуілдір бағытындағы 64,1 шақырымдық жолды кеңейту жұмыстары жүргізілуде, оның 52,7 шақырымы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Түркістан қаласының шығыс айналма жолы мен Шымкентке бағытталған 48 шақырым жол құрылысы басталды.

Одан бөлек, салааралық даму бағдарламасы аясында Түркістан қаласында 500 адамға арналған емдеу корпусы, Сарыағаш қаласында перинаталдық орталық, ана мен балаға арналған заманауи медициналық кешен салынуда. Сонымен қатар, 10 жаңа мектеп пен 23 спорт нысанының құрылысы қолға алынды. Түркістан халықаралық әуежайы аптасына 23 рейске қызмет көрсетіп, жүк тасымалы көлемі 553,4 тоннаға жетті. 2025 жылы туристер саны 2,5 млн адамға жетеді деп күтілуде. Қалада жаңа туристік-рекреациялық кешендер, мәдени орталықтар мен қонақүйлер салынып жатыр.

Түркістан облысында денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып, өңір тұрғындарын сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, дәрігерлермен қамтамасыз ету, жаңа технологияларды енгізу — басты басымдықтардың бірі.

Облыс аумағында қазіргі таңда 24 564 медицина қызметкері жұмыс істейді, оның ішінде 5 447 дәрігер және 19 117 орта медициналық қызметкер бар.
Дегенмен, 282 бейінді дәрігерге тапшылық бар. Бұл мәселені шешу үшін медициналық мамандарды тарту және қайта даярлау шаралары жүргізілуде. Медициналық инфрақұрылымды дамыту бойынша өткен жылы өңірде 58 алғашқы медициналық көмек көрсететін нысан орнына 25 жаңа нысанның құрылысы басталып кетті. Атап айтсақ, 20 дәрігерлік амбулаторияғ 23 фельдшерлік-акушерлік пункт, 6 медициналық пункт.

Өңір тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытында жұмыстар аймақ басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте кеңінен талқыланып жүр. Ол осыған дейін медициналық мекемелерге тіркеу мәселесін ретке келтіруді және тұрғындарға тегін медициналық көмек түрлері туралы ақпаратты жеткізуді тапсырған болатын. Сондай-ақ, талаптар жауапты мамандар тарапынан жүйелі жолға қойылған. Бүгінде денсаулық саласына қатысты өңірде оң өзгерістер байқалады. Жалпы бүгінде  Түркістан облысы шетелдік жетекші медициналық клиникалармен серіктестікті нығайту бағытында жұмыстар жүргізуде. Бұл халықаралық тәжірибені меңгеру, жаңа технологияларды енгізу және мамандардың кәсіби өсуіне жағдай жасауға мүмкіндік береді.

 

Leave a reply