Вторник, 17 сентября

ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТА ЖЕМІС-КӨКӨНІС ӨНІМДЕРІН ҚАЙТА ӨҢДЕЙТІН ЗАМАНАУИ КӘСІПОРЫНДАР САЛЫНАДЫ

0
72

Сарыағаш ауданында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының халықпен кездесуінен кейін тұрғындар көтерген өзекті мәселелер шешімін тапты. Атап айтқанда, кәріз жүйесі жүргізілмегендіктен 2019 жылдан бері бос тұрған 13 көпқабатты тұрғын үйлерге қатысты мәселе шешіліп, 585 отбасы баспаналы болды. Жаскешу елді мекенінде «Жайлы мектеп» пилоттық жобасының аясында 600 орындық мектептің құрылысы басталды. Жемісті елді мекенінің ескірген электр желілері жаңартылып жатыр. 3 трансформатор мен 5,4 шақырым электр желісі жүргізілуде. Жылға және Нұр ауыл елді мекендерінің ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстарына 669 млн. теңге қаралды. Жалпы құны 2 млрд. теңге болатын құрылыс жұмыстары келер жылы пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар осы елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Қазіргі уақытта қаржыландыру мәселесі министрліктермен пысықталуда. Жаңатұрмыс, Қарабау елді мекендерінің тұрғындары ішкі көшелерге асфальт төсеу үшін 248 млн. теңге қаралып, жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады. Жаңатұрмыс елді мекенінде амбулатория салынуда.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының халықпен тұрақты кездесуі Сарыағаш ауданында жалғасты. Ел алдында есеп берген облыс басшысы биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығын қорытындылап, атқарылған жұмыстың мән-жайымен тұрғындарды таныстырды. Алға қойылған мақсат-міндеттермен бөлісіп, қолға алынатын жобаларға кеңінен тоқталып өтті.

Сарыағаш ауданының жалпы өңірлік өнім көлемі биыл 6 айда 90 млрд. теңгені құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 400 млн. теңгеге артты. Құрылыс жұмыстарының көлемі былтыр 7 млрд. теңгеден асты. Биыл жарты жылда 3 млрд. теңгеге құрылыс жұмыстары атқарылды.
Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 62 пайызға өсіп, былтыр 20 мыңнан асты. Олармен өндірілген өнім көлемі өткен жылы 87 млрд. теңгені құрады. Биыл Сарыағаш ауданында қосымша 3,2 мың жаңа шағын және орта бизнес субъектісі тіркелді. Аудан бюджетінің өзіндік кірістері былтыр 5 млрд. теңгеге жетті. Осы жылдың 6 айында өзіндік кірістер 3,5 млрд. теңгені құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 13 пайызға өсті.

Былтыр негізгі капиталға 27 млрд. теңге инвестиция бағытталған. Биыл 6 айда 12,6 млрд. теңге инвестиция тартылып, былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 52 пайызға өсті. Өнеркәсіп өнімнің көлемі есепті кезеңмен салыстырғанда 20 пайызға артып биыл 6 айда 15 млрд. теңгеден асты. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 11,2 млрд. теңгеге жетті.

— Жергілікті әкімдерге қоятын басты талаптарымның бірі – жаңа кәсіпорындарды ашу, жаңа жұмыс орындарын құру, аймаққа инвестицияларды тарту. Мамыр айында облыстық делегациямен Қытай Халық Республикасына барып, бірнеше қалалардағы әлемге әйгілі ірі компаниялардың жұмысымен таныстық. Іс-сапардың басты мақсаты – экономикалық дамуы бойынша тәжірибе алмасып, облыс аумағында зауыт-фабрикалар ашу, халықтың әл-ауқатын арттыру. Сарыағаш ауданындағы жылыжайларды, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін ескере отырып, жеміс-жидек өнімдерін кептіру, көкөністерді қайта өңдеу бағытын дамыту қажет. Осыны ескере отырып, бірнеше аудан басшыларын Қытай мемлекетіне іссапарға жолдадым. Нәтижесінде «Damdes Agro» қазақстандық компаниямыз қытайлық компаниямен келісім жасап, құны 4,6 млрд. теңгені құрайтын жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Ол жерде көкөніс мұздатқыш (шоковая заморозка), жеміс-жидек өнімдерін кептіру, көкөністерді қайта өңдеу және орау материалдарын (упаковка) шығару цехтары ашылатын болады. 50 адам жұмыспен қамтылатын болады. Облысымызда бизнесті қолдау үшін түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда, барлық қажетті шаралар қабылдануда. Оларды тиімді пайдаланып, өндірісті кеңейтіп және жаңа өндіріс ошақтарын ашу қажет. Әкімдік сіздердің осы бағыттағы кез — келген бастамаларыңызды қолдауға дайын. Көкөніс бағаларын маусымаралық кезеңде, яғни қысқы, көктемгі мезгілдерде тұрақтандыру мәселесі өзекті болып табылады. Облыста өнеркәсіптік көлемдегі көкөністерді сақтайтын қоймалар жоқ десек болады. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажет. Биыл Сарыағаш ауданында құны 1,2 млрд. теңгені құрайтын 600 тонналық көкөніс және жеміс-жидек сақтау қоймасын іске қосу жоспарланып отыр. Аудандағы жеке кәсіпкер қойманың құрылысын аяқтап, мұздатқыштар орнату жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде көкөніс бағаларын маусымаралық кезеңде тұрақтандыруға болады,-деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Сарыағаш ауданының шаруалары егін шаруашылығы өнімдерімен тек облысты емес, еліміздің басқа өңірлерін, шекаралас мемлекеттерді қамтып отыр. Ауыл шаруашылығында жыл басынан 38,5 млрд.теңгенің өнімі өндірілді. Биыл 71,5 мың гектар жерге егістік егілді. Сондай-ақ 1 алқаптан 2-3 өнім алу жобасы бойынша 775 шаруа 1,7 мың гектар егістік жерден өнім алуда. Тамшылатып суғару жүйесі 1 786 гектарға ендіріліп, қарқынды баулардың көлемі 1 324 гектарға жетті.

Жыл басынан бері мал шаруашылығында 19 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Ағымдағы жылы «Бесқара» компаниясы 1,5 млрд. теңгені құрайтын 2 жобаны жүзеге асыруда. Атап айтқанда, бүгінгі таңда тауық сою бекеті (700 млн. теңге, 10 жұмыс орны) іске қосылды. Қазіргі уақытта ірі қара мал сою бекетінің құрылысы жүргізілуде (800 млн. теңге). Жоба іске қосылғаннан кейін экспортқа ет әзірленетін болады. Сондай ақ ауданда балық өсіру бағыты қолға алынды. «Азаткүл» шаруа қожалығы құны 100 млн. теңгені құрайтын жобаны іске асырып, өз жұмысын бастады.

Ауданда ағын су мәселесі өзекті. Каналдардың су өткізу мүмкіндігін арттыру үшін 193 млн. теңге қаралып, ұзындығы 306 шақырымды құрайтын 6 каналды күрделі жөндеуден өткізілмек.

Leave a reply