ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТА САЛЫНАТЫН МЕДИЦИНАЛЫҚ КЕШЕННІҢ ЖҮЗЕГЕ АСУЫ ЖІТІ БАҚЫЛАУДА

0
110
Мемлекет басшысының тапсырмасымен республикалық бюджет қаражаты есебінен Сарыағашта бой көтеретін перинаталды орталығы бар көпсалалы медициналық кешеннің құрылысына қатысты дайындық жұмыстары пысықталды. Облыс үшін маңызды нысанның жүзеге асырылу барысы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында.
Президент тапсырмасын орындау мақсатында Сарыағаш ауданында қуаттылығы 150 төсек – орындық перинаталдық орталық пен 150 төсек – орынға арналған көпбейінді аурухананың жобасын әзірлеуге облыстық бюджеттен қаржы қаралып, жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Жалпы ғимараттың ауданы – 57 576 м2. Жауаптылардың басын қосқан облыс басшысы маңызды әлеуметтік нысан құрылысының әр кезеңін егжей-тегжейлі пысықтап, тиісті тапсырмалар берді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан өңіріне сапарында демографиялық өсімі жоғары аудандардың бірі Сарыағаш ауданынан перзентханасы бар медициналық кешен салуды тапсырған болатын. Жоба бойынша денсаулық сақтау саласындағы бірегей оператор «Turar Healthcare» коммерциялық емес акционерлік қоғамымен 3 кезеңі бойынша, яғни, жер телімін орналасуы мен медициналық құрал-жабдықтар тізбесі, эскиздік жоба мен технологиялық бөлімдерін келісу бойынша келісім шарттар түзілді.
Құрылысы жоспарланған аурухананың жер телімі 10,5 гектарды құрайды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен отырыста медициналық кешеннің инфрақұрылымы, электр желісімен қамту, су, табиғи газ, кәріз жүйесімен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Медициналық кешенде перзентхана, көпсалалы аурухана, емхана және әкімшілік ғимарат орналасады. Сонымен қатар арнайы шақырту бойынша келген дәрігерлерге арналған 50 орындық жатақхана салынады.
Түркістан облысының оңтүстік аудандарында 1 миллионға жуық халық тұрады. Демографиялық өсім бойынша Сарыағаш ауданы көш бастап тұр. Сарыағаш ауданында көпсалалы кешен ашу Келес, Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарының халқына білікті медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Leave a reply