ТҮРКІСТАН: САРЫ МАЙДАЙ САҚТАЛҒАН ҰЛТТЫҚ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕР

CREATOR: gd-jpeg v1.0 (using IJG JPEG v62), quality = 82
Қазақтың салт-дәстүрі – сары майдай сақтаған құндылығы. Осы тұрғыдан келгенде, текті ұлт екеніміз даусыз. Ата-бабадан қалған бұндай құнды мұраларды қастерлеп, кейінгі ұрпаққа жалғастыру жолында тер төгуіміз содан. Бірақ, соңғы кездері салт-дәстүрге байланысты көптеген екіжақты пікірлер туындауда. Байқап қарасақ, дәстүрімізге күн сайын бір жаңалық қосылып жатқан сияқты. Бұл, әсіресе, той-қуаныштарда жиі көрініс беріп жүр.
Жалпы, қазақтың салт-дәстүрі — рухани тәлім-тәрбиені сіңіруге, ар-ұятты сақтауға бағытталған мәнді, мағыналы дүние. Ал, қазіргі ойдан шығарылған «жаңаша» дәстүрлердің арғы жағында ешқандай мағына да, мән де жоқ. Бұны көбісі ескіні жаңашылдыққа бұру деп түсініп жүрген сияқты. Әсте олай емес.
Мәселен, кішкентай сәби өмірге келсе, тайлы-таяғымызбен перзентхананың алдында жүреміз. Әрине, шаңыраққа сәби келіп жатса, қуанышты бөлісе құттықтап бару — жақсылықтың белгісі. Бұл жерде айтпағымыз мүлдем басқа. Сол жерде сәбиді көтеріп шыққан адамды «кіндік ата», «кіндік шеше» атандырамыз. Ал, негізінде баланың кіндігін кескен адам ғана бұл атаққа лайық еді ғой. Әлгі «кіндік атасы» мен «кіндік шешесі» қыруар қаражат жұмсап, сәбиге керекті дегеннің бәрін алып беруге «мәжбүр». Одан «ұялған» сәбидің ата-анасы да оларға сондай қымбат сыйлық тарту етеді. Бұл қалталы азаматтарға әсер етпейтін шығар, бірақ елдің бәрі ондай деу қиын.
Оның үстіне сол жерде түрлі жануарлар болып киінген жалданбалы адамдар салтанаттың «мазмұнын арттырғаны» үшін деп тағы ақша алумен жүреді. Оның бағасы қанша екенін білмейміз, әйтеуір тегін емес. Әйелі мен баласын перзентханадан шығаруға барған әке осылардың барлығын орындамаса, сол жердегі адамдарға жағдайы нашар, тақыр кедейдей көрінеді. Соған «намыстанғандар» қарызданып-қауғаланса да жоғарыдағы біз айтып, айтпай кеткен «жол-жоралғының» бәрін жасауға мәжбүр. Шындығына келгенде, бұлар бұған дейін мүлдем болмаған. Енді солар дәстүрге еніп бара жатыр. Күндердің-күнінде ақшасы аз адам қарызданып-қауғаланбаса перзентханадан әйелі мен сәбиін шығарып ала алмайтын жағдайға жете ме? Негізі осының барлығын бұрыннан бар салт-дәстүрімізді ұстана отырып, ысырапшылдыққа жол бермей-ақ реттеуге болар еді ғой.
Одан кейін шілдеханаға дайындаламыз. Тағы да бұрын-соңды көрмеген «дәстүрге» тап боласың. Жаңағы сәбидің кіндік атасы мен кіндік шешесі арнайы сыйлықтан бөлек, құдалыққа апаратындай «дәмді қоржынды» шілдеханаға деп алып келеді. Үй иесі де оларға сондай дәм тарту етеді. Әйтеуір, сыйластығымыз осылай «өлшенетін» болды. Бұдан әрі қонақтарға тақия мен орамал үлестіріледі. Сол тақиялар мен орамалдар қай үйде де пайдаланылмай, әр жерде жататынын жақсы білеміз. Үлкендердің өзі тақияларды сол жерде кигенімен, былай шыға бере бір қуысқа тастай салады. Себебі, халықтың ондай керексіз дүниелерден ығыры шыққан. Бұл, ойлап қарасақ, қыруар қаражатты текке шашу. Бұндай үрдіс қыз ұзату, сырға салу, үйлену тойларында да көптеп кездеседі. Байқап қарасақ, тақия үлестіріліп жатқан кезде ешкім оған мойын бұрғысы келмейді,таратушы адам әрі-берідесін кімге берерін білмей, айналғанда балалардың қолына ұстата салады.
Тақиядан бөлек, қыз алуға келген құдалар өздерімен бірге бір қоржын (оның да саны күн өткен сайын көбейіп барады) ала келетінді шығарды. Оның ішінде де кілең түйреуіш, моншақ, қуыршақ сияқты көп керек етілмейтін дүниелер. Ол да кейінгі кезде қолданысқа енген үрдіс. Осылардың барлығын алтын ақша шашқандай қылып шашады, әрі оны жерге түсірмей таласып-тармасып алатын адамдар да табыла кетеді.Ұзатылған қыздың затын апарғанда да көрпелердің арасынан осындай ойыншықтар шығады. Оны ашқан кезде үлкен кісілердің өздері бірден сол ойыншықтарға жабысады. Ал, дәм ашылған кезде одан да сорақы. Арнайы кішкентай дорбамен кісі басына үлестіріле бастағанда, кейбір үлкендеріміздің екі көзі сонда болады. «Маған қайда» деп ренжісуге дейін барғандарын да көрдік. Сондағысы кішкентай дорбаның ішіне салған бір-екі түйір тәтті мен аздаған жүзім. Бұрындары дастарханға шашылған дәмнен ауыз тисек болатын-ды.
Барған сайын осындай «салт-дәстүрлер» көбейіп бара жатыр және қалтаға тиімсіз. Қазір отбасын құрғысы келген азаматтар үйленбес бұрын алдымен осылар жайлы көп ойланады. Бұл ұсақ-түйек боп көрінгенімен, барлығына бір бір дұрыс шай дастарханының қаражаты кетеді деуге келеді, тіпті, одан артық болуы да ғажап емес.
Өткенге көз жүгіртсек, біздің әке-шешелеріміз де құда түсті, беташар жасады, сырға салды, санаулы салттармен той өткізді. Қыздың артынан баратын дүниесіне күнделікті пайдаланатын ыдыс-аяғы мен төсеніш, көрпелерін ғана салатын болды. Ол кезде құдалықтың өзінде қазіргідей салт-дәстүр көп емес-ті. Бүгінде бәрі керісінше, салт та, рәсім де көп.
Қазір қалай болғанда да қыз ала келген құданың қалтасын «қағуға» тырысамыз. Тіпті, ол үшін ұялмайтын жағдайға жеттік. Қыздың жеңгелері азғантай тиын болса да үлес алып қалуға тырысып, құданың жолын кес-кестеп шыға келеді. Біреулері көлігіне отырып алады, біреулері жолына жіп байлайды, біреулері көліктің алдына кесе-көлденең тұрады. Бұрын күйеу баланың аяқ киімін балдыздарының бірі тығып тастап, оны қайтару үшін ақша сұрайтын дәстүр болды, қазір де бар. Бірақ, соңғы кезде бас құданың аяқ киімін тығып тастайтын жаңа салт шыққанын көрдік. Бұның ешқандай мән-мағынасы жоқ, бар болғаны — ақша дәмету.
Қыз бала бой жетіп, өз теңін тауып тұрса, екі жақтың үлкендері жиналып, олардың бақытты болып кетуіне жағдай жасауға ұмтылғаны қандай ғанибет. Жағдай дегеннің өзі тойын жасаудан басталады. Үйленген жігіт бақытты болуы үшін көлденеңнен киліккен, бірінен-бірі «балалап» жатқан мәнсіз, мағынасыз жаңаша дәстүрлердің кесірінен қырғын қарыз алып, артынан жылдар бойы оны итшілеп кері төлеуге міндетті емес. Осылардың барлығы ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүріміз деп кім айта алады?. Өйткені, барған сайын жастардың отау құруы қиындап, керісінше, ажырасуы оңайлап бара жатыр. Бұған тікелей себепші, біріншіден, әп дегеннен қарызданудан басталған отбасылық тұрмыстың нашарлығы болса, екіншіден, әлгілерге қосымша баспана үшін, басқа үшін деп басын сұққан қарызбен күн көрудің қиындығы. Қарыздың бір бөлігі, жоғарыда айтылғандай, керексіз салт-дәстүрдің көбеюінен бастап құралып отыр.
Қазақтың салт-дәстүрі біздің заманымызға қалай жетті, сол күйінде сақталып, жөнімен жүзеге асуы керек-ақ. Оның бергі жағында оған сан-сапат «өзгерістер» қосып, өзімізге қолайсыз қылу қажет пе еді?. Мұны айтсаң, кейбіреулер «өмірінде бір рет болатын той емес пе» деп жеңістік бергісі жоқ. Иә, ол солай! Бірақ, сол той оның өмірінің де бастауы. Ендеше оны «өмірімде бір келетін қуаныш» деп текке шашылудан бастау керек емес. Отбасын құру – үлкен жауапкершілік делінеді. Ол – тұрмысыңды түзеу, ұрпағыңды тәрбиелеу, солардың жағдайын жасау, т.с.с. Сол жауапкершілікті текке шашылуды қоюдан бастасақ қанеки. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?