ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫ МЕН ТҮРКІ ӘЛЕМІ МУНИЦИПАЛИТЕТ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ АРАСЫНДА МӘДЕНИ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ОРНАДЫ

Сауран ауданы кәсіпкерлік және инвестициялық әлеуеті жоғары өңірлердің бірі болып табылады. Өңірде мемлекеттік қолдау мен жеке бастамалардың үйлесімділігі арқасында көптеген жаңа жобалар жүзеге асырылуда, бұл өз кезегінде жергілікті экономиканың дамуына және тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал етуде. Сонымен қатар ауданда кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттік органдар арасында өзара тиімді ынтымақтастық орнатылған. Мысалы, аудан әкімдігі мен жеке кәсіпкерлер арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылып, жаңа жобаларды іске асыруға негіз қаланған. Бұл келісімдер аясында кәсіпкерлер өз жобаларын жүзеге асырып, өңір экономикасына елеулі үлес қосуда.
Осы орайда Түркі әлемі муниципалитеттер одағының делегациясы Сауран ауданына арнайы іссапармен келді. Кездесу халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, бауырлас елдер арасындағы мәдени-экономикалық байланысты дамытуға бағытталған. Сапарға Түркі әлемі муниципалитеттер одағының басшылық және өкілетті мүшелері келді. Ресми кездесуде қос тарап екі ел арасындағы достық қарым-қатынас, мәдени және экономикалық ынтымақтастық, сондай-ақ әкімшілік басқарудағы тәжірибе алмасу жайын сөз етті. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров делегация мүшелерін Сауран ауданының әлеуетімен, инвестициялық жобаларымен, тарихи-мәдени мұрасымен кеңінен таныстырды.
Түркі әлемі муниципалитеттер одағы делегациясының Сауран ауданына жасаған бұл сапары халықаралық байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болды. Сондай-ақ, екі тараптың өзара тәжірибе алмасуы, бір-бірімен тиімді әріптестік орнатуға ниетті екендігін көрсетіп, болашақтағы түрлі жобаларға жол ашпақ. Одан бөлек, бауырлас халықтар арасындағы тарихи байланыстарды жаңа мазмұнда жалғастыруға ықпал ететін болады. Сауран ауданына келген Түркі әлемі муниципалитеттер одағының делегациясы ресми кездесуден кейін ауданның өндірістік әлеуетімен танысты. Делегация үшін арнайы ұйымдастырылған сапар барысында қонақтар индустриялық аймаққабарып, өңірдегі маңызды инвестициялық жобалармен жақын танысты. Индустриялық аймақтағы ірі жобалардың бірі – көкөніс сақтау қоймасы. Қойма 3,5 мың тонна көкөніс және 500 тонна бакалея өнімдерін сақтауға мүмкіндік береді. Бұл – Сауран өңірінің аграрлық әлеуетін тиімді пайдалануға бағытталған маңызды нысандардың бірі. Сонымен қатар, делегация «BNK Group» компаниясының жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын өндіріс цехтарын аралады. Бұл кәсіпорын америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, «BNK IRRIGATION» брендімен заманауи ауыл шаруашылығы техникасын өндіреді.
Бұдан бөлек, делегация мектеп және медицина мекемелеріне арналған жиһаз өндіретін «Aqniet Holding» серіктестігінің жұмысымен танысты. Компания «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 50-ге жуық білім беру мекемесін қажетті жабдықтармен қамтып үлгерген. Сапар аясында қонақтар тоңазытқыш жабдықтарын өндіретін «Jasyl Suyq Qazaqstan» кәсіпорнының өндірістік алаңына да барды. Бұл кәсіпорын ішкі нарықты сапалы әрі заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге бағытталған. Түркі әлемі делегациясының бұл сапары – Сауран ауданының халықаралық әріптестік бағытындағы беделінің артқанын көрсетеді. Мұндай кездесулер бауырлас елдер арасындағы сенімді нығайтып, өзара тиімді жобалардың жүзеге асуына тың серпін береді. Сауран ауданына іссапармен келген Түркия Республикасының делегациясы өңірдегі өндірістік нысандармен танысу аясында «EDEM MEBEL» және «ТАК мебель» жиһаз цехтарына арнайы барды. Бұл кәсіпорындар аймақтағы өнеркәсіптік дамудың маңызды бөлігі болып табылады.
Фабрика директоры Икбол Абишев меймандарға кәсіпорынның жұмыс барысын таныстырып, өндірістік қуаты мен жетістіктері жөнінде баяндады. Жыл сайын 10 мың дана әртүрлі корпустық жиһаз шығаратын өндіріс ошағының өнімдеріне Түркістан, Шымкент және Қызылорда облыстарында үлкен сұраныс бар. Заманауи технологияларды қолдана отырып, сапалы әрі тұтынушы талабына сай өнім ұсынып келеді. Екінші нысан – «ТАК мебель» цехының жұмысымен таныстырылды. Онда жылына 12 000 дана жиһаз өнімін айналымға шығарылады. Жиһаздардың сапасы шетелдік баламалардан кем түспейді. Кәсіпорын бәсекелестікке төтеп беретін заманауи үлгідегі өнімдермен аймақтық нарықты қамтамасыз етуде. Бұл кәсіпорындармен танысу барысында түркиялық делегация отандық өндірістің әлеуетіне оң баға беріп, өңірлік индустрияның даму бағыты мен кәсіпкерлік қолдау тетіктеріне қызығушылық танытты. Сауран ауданында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жиһаз өндірісі – осы бағыттағы сәтті жобалардың бірі. Бұл салада жаңа жұмыс орындары құрылып, халықтың табысы артып, аймақ экономикасы дами түсуде.