ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТА АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

0
91

Қазіргі уақытта теріскейлік шаруалар арпа дақылдарын орып, жиын-терін науқанын бастады. Осы ретте, аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Жон бойындағы егіс алқабтарын аралап, шаруа қожалық жетекшілерімен кездесті. Онда жаңадан алынған ауыл шаруашылық техникаларын көріп, биылғы жылғы өнімнің көлемімен танысты. Сондай-ақ жерді тиімді пайдалану жайы сөз болды.

«АманжолШ» шаруа қожалығы биылғы жылы 40 гектарға бидай өнімін, 200 гектар алқапқа арпа дақылдарын ексе, «Әйгерім» шаруа қожалығы 30 гектар алқапқа арпа және бидай дақылдарын еккен. Аталған қожалық төрағалары өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізіп, 14 млн 500 мың теңгеден Донг-Фенг 904 маркалы доңғалақты тракторлар алған. Алынған тракторлардың 4 млн 350 мың теңгесін мемлекет субсидиялайды.

«Өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2024 жылға республикалық бюджеттен 10,6 млрд. теңге қаражат бағытталып отыр. Жобаға 62 ауылдық округ пен 62 кооператив қатысады. Жалпы жобаны іске асыру нәтижесінде 1 215 жобаға қолдау көрсетіліп, 1 701 жұмыс орны құрылмақ. Сонымен қатар, биыл бағдарламаны электронды AMANATNESIE.KZ платформасы арқылы жүзеге асыру көзделуде. Қазігі таңда Республикалық бюджеттен 1 млрд. теңге қаржы бөлініп отыр. Бұдан бөлек, биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдары 873 мың гектар аумаққа егілген.

«АманжолШ» шаруа қожалығының төрағасы Ержан Сүлейменовтің айтуынша,
-«Жалпы биылғы жылы егіннің шығымына көңіліміз толады. Орақты бір апта бұрын бастадық. Өнімділікке келер болсам, арпа дақылынан әр гектардан 20 центнерге дейін астық бастырып жатырмыз. Егістік жермен тұрақты айналысу үшін Үкімет тарапынан берілген жеңілдетілген несие арқылы жаңа техникаға қол жеткіздік»,-дейді.

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласының Республикадағы орны ерекше. Республикадағы жалпы өнімі көлемінің 14% Түркістан облысына тиесілі. Өндірілген өнімдер бойынша мақтаның — 100 %, жүзімнің — 72,5 %, бақшаның — 60 %, жеміс-жидектің 36 %, мақсарының — 43,4 %, көкөністің — 24 %, жүгерінің — 21 %, сүттің — 13,5 %, еттің — 12,3 %-ы өңірдің үлесінде. Сонымен қатар озық технологиялар қарқынды бау (3,5 мың га), жылыжайсалу (1178 га), тамшылатып суғару әдісін еңгізу (20,0 мың га) бойынша облыс алдынғы қатарда келеді.

Айта кетейік, биылғы жылы теріскейлік шаруалар ерте көктемнен егістік жұмыстарына белсене кірісіп, 370 гектарға бидай, 1028 гектарға арпа, 1100 гектарға мақсары және 760 гектар аумаққа жүгері дақылдары егілген.

Leave a reply