ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТА ЖЕКЕ ИНВЕСТОРЛАР ЕСЕБІНЕН ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР САЛЫНУДА
Созақта аудан орталығынан жеке инвесторлар есебінен 2 пәтерлі 18 тұрғын үй салынып жатыр. Аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков құрылысын аралап, жұмыс барысын бақылауына алды. Мердігер мекеменің өкілдерімен тілдесіп, құрылыстың сапасына баса мән берді. Салаға жауапты мамандарға жаңа үйлердің суыққа төзімділігі мен сәулеттілігін қатаң бақылауды тапсырды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде Тұрғын үй саясатын реформалау бағытында бірқатар жұмыс қолға алынып жатқаны белгілі. Бүгінде елімізде баспана алуға қатысты бірқатар бағдарламалар бар. Соның тиімділігін пайдаланып, тұрғын үйге қол жеткізіп жатқан жандар да аз емес.
Айта кетейік, қазіргі уақытта құрылыс аумағында 70-ке тарта адам сыртқы жұмыстарымен айналысуда. Жақын күнде ішкі жұмыстарына қосымша бригадалар жұмылдырылады. Әлеуметтік жағынан осал топтағы тұрғындарға арнап салынып жатқан жаңа үйлер желтоқсан айында аяқталады деп жоспарлануда. Жаңа үйлердің сыртқы фасады травертинмен әсемделіп, су, жылу сынды коммуналдық қызметтері мен ішкі жұмыстары толық жүргізіледі. Әр тұрғын үйдің жалпы алаңы 71,1 шаршы мерт аумақыты құрайды.
Биыл облыс көлемінде жалпы 114 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Оның ішінде, 41 үй, 2820 пәтердің құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілуде. Ал 73 үй, 3611 пәтер жеке инвесторлар есебінен үйлестірілуде. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында аймақ басшысына тұрғын үй туралы соңғы мәліметтер баяндалды.